TikTok желісінде қызғанышпен жала жапқан әйелге сот үкімі шықты

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Жамбыл облысындағы Сарысу аудандық соты әлеуметтік желі арқылы жала жапқан азаматқа қатысты әкімшілік істі қарады. Тұрғын қызғанышпен TikTok-та басқа әйел туралы жалған әрі қорлайтын ақпарат жариялаған. Сот оны жала жапқаны үшін кінәлі деп танып, 544 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында азаматша С. өзінің TikTok-тағы жеке парақшасында жәбірленушінің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін мәліметтер жариялаған. Сондай-ақ ол жәбірленушінің фотосуреттерін таратып, оларды балағат әрі бейәдеп пікірлермен бірге салған. Іс бойынша кінә тараптардың түсініктемелері мен сараптама қорытындысы арқылы дәлелденген.

Сотта С. өз кінәсін мойындап, жәбірленуші мен өзінің жұбайы арасында байланыс бар деген күдік туғанын, сол себепті ашуға ерік бергенін айтқан.

Жәбірленуші соттан тиісті жаза қолдануды сұрап, өзінің заңды некеде екенін және алты кәмелетке толмаған баланың анасы екенін жеткізген. Оның айтуынша, құқық бұзушының әрекеті ар-намысына нұқсан келтіріп қана қоймай, отбасылық қарым-қатынасына кері әсер етіп, өзіне де, балаларына да моральдық зиян келтірген. Сараптама қорытындысына сәйкес, жарияланған жазбаларда жәбірленушінің ар-намысы мен абыройын қорлайтын сөздер мен тұжырымдар бар екені анықталған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Сот кінәні мойындауын, алты баласының барын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.

Сот қаулысымен С. кінәлі деп танылып, оған 544 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.