«Қару емес, тарихи жәдігер»: Мұрат Әбенов таратқан ақпаратты полиция мен университет жоққа шығарды

Qaz365.kz редакциясы

Тарихи жәдігер Қазақстанға заңды түрде әкелінген

Депутат Мұрат Әбенов жариялаған Астанадағы тұрғын үй кешеніндегі «қару-жарақ арсеналы» туралы ақпарат расталмады. Nazarbayev University және полиция шетел азаматтарының ұсталғаны жөніндегі мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл оқиғаға қатысты ақпаратты депутат Мұрат Әбенов өзінің Facebook парақшасында жариялаған. Ол түнгі уақытта Nazarbayev университетінің «Хайвил» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде шетел азаматтары қарумен ұсталды деп жазған. Алайда университет өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың бірі пәтерден тарихи жәдігерлерді көріп, оларды қару деп ойлап, полиция шақырған.

«Пәтерде XV–XVIII ғасырларға жататын тарихи құнды жәдігерлер болған. Бұл — мұражай экспонаттары, оларды тікелей мақсатта қолдану мүмкін емес», — деді университеттің баспасөз қызметі.

Коллекция Қазақстанға заңды түрде, барлық қажетті құжаттармен бірге әкелінген. Сонымен қатар экспонат иелерінің университет оқытушыларына немесе қызметкерлеріне қатысы жоқ екені де атап өтілді.

Астана қалалық полиция департаменті де жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, тұрғын үй кешеніндегі пәтерге қатысты қоңырауды пәтер кіреберісіне қаруға ұқсас заттар салынған қорап әкелінгенін көрген сақ тұрғындардың бірі жасаған.

«Тексеру барысында ол заттардың тарихи және мәдени құндылығы бар антикварлық қару екені анықталды. Олар қазіргі заманғы қару-жараққа жатпайды және тұрғындар үшін қауіп төндірмейді», — деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары азаматтарды расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.