Үнсіз қарсылық: сауалнама 71,6% қазақстандықтың реформаны қолдайтынын көрсетті

Qaz365.kz редакциясы

Қоғамда билікті ашық сынға алуға қатысты қорқыныш деңгейі жоғары

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда мемлекеттік институттарға деген сенім салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, қоғамның өзгерістерге деген сұранысы жоғары екені белгілі болды. Бұл жағдайды 2026 жылғы 24 ақпан мен 6 наурыз аралығында жүргізілген DEMOSCOPE «Билік институттарына қоғамдық сенім» атты сауалнама нәтижелері көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Зерттеу деректеріне зер салсақ, азаматтардың 85,4%-ы елге өзгерістер қажет деп есептейді. Олардың 71,6%-ы ауқымды реформаларды жақтаса, тағы 13,8%-ы ішінара өзгерістер жеткілікті деп санайды. Респонденттердің тек 10,7%-ы өзгерістердің қажеті жоқ деген пікір білдірген. 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда өзгерістерге деген жалпы сұраныс аздап төмендеген (89,9%-дан), алайда ол әлі де басым көзқарас болып отыр.

  • Осы тұста билік институттарына деген сенімнің салыстырмалы тұрақтылығы байқалады. Сауалнамаға қатысқандардың 50,3%-ы соңғы бір жылда сенім деңгейі өзгермегенін айтса, 23,4%-ында ол артқан, ал 19,7%-ында төмендеген. Ең жоғары сенім деңгейі президентке тиесілі – 61,3%, дегенмен бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда төмен (69,4%).
  • Әкімдіктерге респонденттердің 50,2%-ы, үкіметке – 47,4%-ы, құқық қорғау органдарына – 46,8%-ы, ал сот жүйесіне – 43,7%-ы сенім білдіреді. Соңғысы институттар арасындағы ең төмен көрсеткіш болып тіркелген.
  • Зерттеу нәтижелері жас ерекшелігіне байланысты елеулі айырмашылық бар екенін де көрсеткен. 18–29 жас аралығындағы жастар аға буынмен салыстырғанда сенімді көбірек білдіреді. Мәселен, президентке жастардың 72,5%-ы сенсе, 50–59 жас аралығында бұл көрсеткіш 51,2%.

Сонымен қатар қоғамда билікті ашық сынға алуға байланысты қорқыныш деңгейі жоғары болып отыр. Қазақстандықтардың 56,1%-ы интернетте ашық пікір білдіруді қауіпті деп есептейді. Олардың 28,5%-ы мұны мүлде қауіпті десе, 27,6%-ы қысым немесе соттық салдардан қауіптенетінін айтқан. Тек 9,8%-ы ғана сын айту толықтай қауіпсіз деп санайды.

Талдау нәтижелеріне сүйенсек, билікке деген сенім пікір білдіру еркіндігін сезіну деңгейімен тікелей байланысты.

  • Сынды қауіпсіз деп санайтындар арасында президентке сенім 83,2%-ға жетсе, оны қауіпті деп есептейтіндер арасында бұл көрсеткіш 56,1% болды.

Азаматтардың билік шешімдеріне ықпал ету мүмкіндігі туралы пікірлері екі түрлі.

  • 47%-ы ықпал ете алмаймыз десе, 46,3%-ы керісінше әсер ете аламыз деп санайды.

Бұл ретте жастардың өз ықпалын көбірек сезінетіні байқалады.

  • Респонденттердің 72,4%-ы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді, ал 18,7%-ы кері пікірде.
  • «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын 55,6% қолдаса, 33,8%-ы онымен келіспейді.

Еске сала кетсек, 21 сәуірде Алматы қаласында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановты халық соңғы сапарға шығарып салуға жиналды. Қаралы жиынға кімдердің келгенін мына сілтемеден оқыңыз.