«Жоқшылықтан құтқарды»: Жұлдыз Өмірғали Баян Мақсатқызының өзіне қалай көмектескенін айтты

Qaz365.kz редакциясы

«Бір сәтте баспанасыз қалғандай күй кештім»

KeshYOU тобының жарқыраған сахналық киімдері мен ел аузына іліккен хит әндерінің тасасында қатысушы қыздардың жеке өміріндегі ауыр кезеңдер жатыр. Себебі жеке өмірі жайлы көп айтпайтын. Әнші Жұлдыз Өмірғали ұжымның 20 жылдығына арналған деректі фильмде өз өміріндегі ең қиын шақ туралы алғаш рет ашық сөз сөйледі. Сол кезеңде ол танымал топтың әншісі бола тұра, ол аядай жалдамалы баспанада тұрып, тамақ үнемдеп, кіші інісін жалғыз өзі асырап келген. Бұл жағдайды кейін продюсері Баян Мақсатқызы білген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жұлдыздың айтуынша, оның шоу-бизнеске қадам басқан алғашқы кезеңі жоқшылықпен тұспа-тұс келген. Студент інісін туыстарының қысымнан қорғап, оқуын алаңсыз жалғастыруына жағдай жасау үшін ол қаланың шет жағынан шағын ғана баспана жалдауға мәжбүр болған.

«Бір кезде шынымен далада қалғандай күй кештім. Тамақтың өзін үнемдедім, киім жайын айтпағанда. Бірінші курсқа жаңа түскен інім туыстардың сөзін естімесін деп, екеуміз бір бөлмелі уақытша үйде тұрдық. Өзіме оны өз қолыммен жеткіземін, ештеңеден тарықтырмаймын деп уәде бердім. Бірақ мұны ұзақ уақыт жасырып жүре алмадым. Бірде гастрольден кейін Назым мені үйге дейін жеткізіп салып, «Сен шынымен осында тұрасың ба?» деп шошып кетті. Сол сәтте-ақ KeshYOU-дің солистері мұндай жағдайда тұрмауы керек екенін айтты», – деді Жұлдыз Өмірғали.

Бұл жағдайдан кейін Баян Мақсатқызы бірден қолұшын берген. Қамқорлығындағы әншінің тұрмыс-тіршілігіндегі қиындықты ести сала, құр сөзбен жұбатумен шектелмей, барлық мәселені өз мойнына алған. Бір күннің ішінде Жұлдыз бен оның інісінің өмірі түбегейлі өзгерді. Оларды жайлы пәтерге көшіріп, жалдау шығындарын продюсерлік орталық өз есебінен өтеген.

«Баян Мақсатқызы мені бас-аяғыма дейін киіндірді. Сырт киімнен бастап, Мәскеуге алып барған чемоданыма дейін түгел дайындап берді. Сол күні-ақ інім екеумізге пәтер жалдап, қызы Айсәуленің киімдерін жинап, үш үлкен қаппен әкеліп берді. Мен ол киімдерді ұзақ уақыт киіп, гастрольдерге де солармен барып жүрдім. Ол бізді сол қиындықтан алып шығып, жұмысымды алаңсыз істеп, ініме қамқор болуым үшін барлық жағдайды жасап берді», – деді KeshYOU тобының бұрынғы солисі.

Айта кетейік, Qaz365.kz редакциясы Мұхтар Шахановтың өмірі мен ерлігі жайлы мақала жазған еді.