Димаш Құдайберген Мұхтар Шахановпен қоштасуға келді: тағы кімдер бар?

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Qaz365.kz

21 сәуірде Алматы қаласында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановты халық соңғы сапарға шығарып салуға жиналды. Қоштасу рәсіміне әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген және басқа да танымал тұлғалар келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаралы жиын таңғы сағат 09:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимаратында басталды.Таңнан бері театрға ағылған жұрт қарасы көп болды. Көрермендер залының өзінде үш жүзден астам адам жиналды. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен ақын шығармашылығын қадірлейтін оқырмандар бар. Журналистер мен түсірілім топтары да жүр.

Келген азаматтардың ішіндегі көзге бірден түскен Димаш Құдайберген болды. Әнші өзге де танымал, зиялы қауым өкілдері секілді сахнадағы Мұхтар Шахановтың табытының  қасына келіп қоштасты. Кейін көрермендер залына өткенде оған орын беру үшін орнынан тұрғандар болды. Дегенмен ол ілтипаттарға алғысын білдіріп, отырудан бас тартты. 

Сахнадан сөз алғандар қатарында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және өзге де тұлғалар бар. Олар Мұхтар Шахановтың қазақ руханияты мен қоғамдық ойдың дамуына қосқан үлесін атап өтіп, көңіл айтты.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың марқұмның отбасына жазған хатын оқыды. 

Сондай-ақ «Қазақ еліне көңіл айтамыз» деп марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға Қырғызстаннан арнайы делегация келді.

Еске сала кетсек, Qaz365.kz редакциясы Мұхтар Шахановтың өмірі мен ерлігі жайлы мақала жазған еді.