Аслан Қайырғалиевке сөгіс берілді
Ақтөбеде қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев той кезінде түсірілген бейнежазбадан кейін жауапкершілікке тартылды. Кадрларда ол беташар рәсімі барысында ақша бумаларын жұрт көзінше санап тұрғаны байқалады. Желі қолданушылары оны бірден таныған. Қайырғалиев тек депутат қана емес, сонымен бірге аудан әкімі Асқар Қайырғалиевтің ұлы екені де белгілі болды. Кейін ол бұл көріністің орынсыз болғанын өзі де мойындаған, деп хабарлайды Qaz365.kz Ulysmedia сайтына сілтеме жасап.
Елдің қызу талқысына түскен видео алдымен той өткен мейрамхананың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Кейін оны жергілікті пабликтер таратып жіберген. Бір бөлігі мұны дәстүрдің қалыпты көрінісі деп бағаласа, енді біреулер мұны көзбояушылық ретінде сынға алған. Пайдаланушылар Қайырғалиевтің жай қонақ емес, депутат әрі әкімнің баласы екенін де еске салған.
Осыдан кейін жағдай депутаттық әдеп жөніндегі комиссияның қарауына түсті. Тексеру 20 сәуір күні өткен. Нәтижесінде Қайырғалиевке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
«Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттық әдеп жөніндегі комиссиясының шешіміне сәйкес, депутат Аслан Қайырғалиевке сөгіс түрінде тәртіптік шара қолданылды. Комиссия Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнематериалдарды жан-жақты қарап, барлық мүшелердің пікірін ескере отырып осы шешімге келді, — деді мәслихат төрағасы Анар Даржанова.
Ал депутат ақша өзінікі емес екенін айтады. Оның сөзінше, ол достарының ортақ сыйлығын жеткізген.
«Видеода достардың ортақ сыйлығын табыстау сәті түсірілген. Маған тойда дос ретінде қатысып, сыйлықты ұсынуымды өтінді. Бұл менің жеке сыйлығым емес. Қазір ақшаны санап тұрған сәтімнің сырт көзге орынсыз көрініп, түсінбеушілік тудырғанын түсініп отырмын. Менің мақтану немесе назар аудартайын деген ниетім болған жоқ. Бұл — жақын досымның тойындағы эмоциялық сәт. Қоғамдық тұлға ретінде сын-пікірді қабылдаймын және бұдан былай мұндай жағдайға жол бермеймін, — деді ол.
Аслан Қайырғалиев 27 жаста. Ол бизнес саласында еңбек етеді және 2022 жылдан бері «Анвар» сауда желісінің директор орынбасары қызметін атқарып келеді. Мәслихатқа ол жас кәсіпкер ретінде сайланған. Әкесі Асқар Қайырғалиев қазіргі уақытта Ойыл ауданын басқарады. Бұған дейін ол аудан әкімдігінде ұзақ жылдар қызмет атқарған.
Еске сала кетсек, Павлодар облысы Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауытында 20 сәуір күні жұмысшы қаза тапты.