Енді Қазақстанға көшіп келетін шетелдіктер қазақ тілін B2 деңгейінде білуі қажет

Qaz365.kz редакциясы

Бұл талап тіл білу деңгейін кемінде 70 пайыз меңгеруді көздейді

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Енді Қазақстанда тұрақты тұрғысы келетін шетел азаматтары қазақ тілінен емтиханды ортадан жоғары деңгейде, яғни B2 деңгейінде тапсыруға міндеттеледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде айтты.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлескен бұйрық жобасына өзгеріс енгізіп, тілді білу деңгейін ортадан жоғары – В2 деңгейі шеңберінде кемінде 70% көлемінде белгілеуді ұсынды. Бұл бұйрық жобасы қабылданды», – деді Ішкі істер министрлігі.

Бұған дейін бекітілген тәртіп бойынша, 2026 жылғы 13 ақпаннан бастап Қазақстанда тұрақты тұруға өтініш білдірген шетелдіктер қазақ тілінен А1 деңгейінде тест тапсыратын еді. Енді талап күшейіп, деңгей B2-ге дейін көтеріліп отыр.