Ресей Қазақстан мұнайын Германияға жеткізуге тоқтау салмақ – БАҚ

Qaz365.kz редакциясы

Ресей аумағы арқылы өтетін негізгі бағыттардың бірі – «Дружба» мұнай құбыры жүйесі

Коллаж: Qaz365 / ЖИ арқылы жасалды

1 мамырдан бастап Ресей аумағы арқылы Қазақстан мұнайын Германияға транзитпен тасымалдау тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресей Қазақстаннан Германияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы мұнай жеткізуді тоқтатуды жоспарлап отырғанын жазды. Басылымның мәліметіне зер салсақ, транзитті 1 мамырдан бастап доғару жөнінде шешім қабылданған.

Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Шешімнің нақты себептері де ашық айтылмаған. Сарапшылар оның техникалық қызмет көрсету немесе құбыр жүйесін жөндеу қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Айта кетейік, «Дружба» құбыры арқылы Қазақстан Германияға тәулігіне шамамен 200 мың баррель мұнай экспорттайды. Жуырда «ҚазТрансОйл» компаниясы Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілімдер 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 2025 жылдың басымен салыстырғанда екі есеге жуық артқанын хабарлаған. Жалпы көлем 730 мың тонна болған. Бұл тасымал Ресейдің «Транснефть» жүйесі арқылы жүзеге асады.

Әзірге тараптардан ресми түсініктеме берілген жоқ.

«Дружба» мұнай құбыры жүйесі Кеңес Одағы кезеңінен бері жұмыс істеп келеді және Еуропа нарығына шикізат жеткізудің стратегиялық жолы саналады. Қазақстан үшін бұл бағыт Германия сияқты ірі тұтынушыға тікелей экспорт жасауға мүмкіндік беретін маңызды логистикалық арна. Соңғы жылдары Германия қазақстандық мұнайға сұранысты арттырып, ресейлік шикізаттан біртіндеп бас тарту аясында балама көз ретінде Қазақстанға бет бұрған. Осыған байланысты «ҚазТрансОйл» арқылы Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілім көлемі де өскен. Алайда бұл транзит Ресейдің «Транснефть» жүйесі арқылы жүзеге асатындықтан, жеткізу тізбегі сыртқы саяси және техникалық факторларға тәуелді.

Еске сала кетсек, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстандағы 4 млн адамның зейнетақы жинағы 500 мың теңгеге де жетпейтінін айтқан еді.