Педагог-шеберге талап көп, айлығында айырмашылық аз: вице-министр сұрақтарға жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Вице-министр әлеуметтік желілерде тарап кеткен «педагогтерге қойылатын жаңа талаптардың» жалған екенін айтты

Коллаж: Qaz365 / ЖИ арқылы жасалды

Журналист, Qaz365 редакциясының директоры Бауыржан Карипов вице-министр Шынар Ақпароваға білім беру саласындағы аттестация талаптарының өзгеруіне байланысты сұрақ қойды. Министр Scopus талабының қойылғанын жоққа шығарып, басқа да өзекті сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде талаптары жоғары педагог-шебер мәртебесіндегі мамандардың айлығына қатысты сұрақ та қойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлеуметтік желілерде педагогтерге қойылатын жаңа талаптар туралы ақпарат тарап кетті.

«Өздеріңіз білесіздер, қазір аттестация талаптары өзгеріп жатыр. Әлеуметтік желілерде Scopus базасында мақала жариялау, халықаралық ғылыми еңбектер шығару міндеттеледі деген ақпарат тарады. Осыған байланысты сұрағым бар: өзіңіз Scopus базасында мақала жарияладыңыз ба?» — деді Бауыржан Карипов.

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Сіз айтып отырған талаптар әлеуметтік желіде презентация түрінде таралған. Алайда ол — Оқу-ағарту министрлігі бекіткен ресми талаптар емес. Жалған ақпарат болғандықтан, бүгін аттестацияға қатысты нақты мәліметті өзіміз ұсынып отырмыз», — деді вице-министр.

Журналист ғылыми жарияланымдарға қатысты талаптардың күрделілігін атап өтті.

«Scopus-та мақала жариялау үшін адамдар жылдап тәжірибе жинайды», — деді ол.

Сонымен қатар Карипов педагогтердің жалақысына қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, педагог-модератор мен педагог-шебердің айлық айырмашылығы небәрі 10–15 мың теңге.

«Бұл мәселені бізге мұғалімдер өздері жеткізді. Аттестация талаптары өте жоғары, ал еңбекақыдағы айырмашылық мардымсыз. Мұны қалай түсіндіресіздер?» — деп сұрады ол.

Вице-министр бұл мәселенің өзектілігін мойындады. Дегенмен бұл сұраққа нақты жауап бермеді. Ашық сабақтар жайлы сөз қозғап кетті:

«Ғылыми материалдар, авторлық бағдарламалар әзірлеу мәселесіне қатысты айтқан пікіріңізбен келісеміз. Сол себепті педагогтердің ұсынысын ескере отырып, бұл талаптар алып тасталды. Сіз 24 сағат деп айтып отырсыз. Ал 40 сағаттық жүктеме — қосымша еңбек. Мұндай жағдайда мұғалім сабаққа дайындалып, әртүрлі деңгейдегі оқушылармен жұмыс істеуі керек. Сондықтан бұл айтарлықтай ауыр салмақ түсіреді деп есептейміз. Шебер педагог — өз ісін жетік білетін маман. Негізі әр сабақ — ашық сабақ. Себебі әрбір оқушы үшін жаңа тақырып — жаңа дүние. Егер мұғалім бейтаныс сыныпқа кіріп, 30 оқушыны баурап алып, сапалы сабақ өткізсе — бұл оның кәсіби шеберлігінің көрінісі», — деді Ақпарова.

Сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарына қойылатын талаптар да жеңілдетілген. Бұрын 72 сағат болған курс енді кемінде 36 сағат болуы тиіс.

«Педагогтің жетістігі бес жыл ішінде бағаланады. Біз жыл сайын талап етпейміз. Ең бастысы — мұғалім өз оқушыларының жетістігімен мақтана алуы керек», — деді вице-министр.

Бауыржан Карипов тағы да нақтылап жалақы жайлы сұрағын қайталаған кезде вице-министр: «Сізге қандай маманға қанша қосылатынын жазбаша жауаппен жібереміз» деп қысқа қайырды.

Сөз соңында Бауыржан Карипов білім бөліміндегі қызметкерлердің аттестация тапсыратын-тапсырмайтындарын сұрады. Вице-министр мемлекеттік қызмет болған соң, білім бөлімінің қызметкерлері аттестация тапсырмайтынын атап өтті.