Ауруханасыз, мекемелерсіз, мектепсіз елді мекендегі тағдырлар
Бізде картада жоқ мекендер бар. Ал сол мекендерде өмір сүріп жатқан адамдар ше? Оларды да жоқ деуге бола ма? Алматының іргесіндегі Сокол саяжайы — дәл сондай елді мекеннің бірі. Атауы бар, бірақ ауыл мәртебесі жоқ. Көшелері бар, бірақ болашағы беймәлім. Бұл жер — қағаздағы бос кеңістік пен шынайы өмірдің арасындағы алшақтықтың тірі дәлелі. Алматы облысы, Іле ауданы, Ақсай ауылындағы «Сокол» саяжайында ресми мәліметтегі есеп бойынша 2188 адам тұратыны жазылған. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, кейде сыймай, кейде қысылып жүріп автобусқа отыратын оқушылар алыс өңірлердегі мектептерге сабылып барады. Өңірге ауыл мәртебесі берілмегендіктен мектеп те, аурухана да жоқ.
Qaz365.kz редакциясы тұрғындармен сөйлесіп, әкімдікке ресми сауал жолдап, қазіргі жағдайды анықтап көрді.
Фото: Тілек Ырысбек / Сокол саяжайының сыртқы көрінісі
«Ажалдан аман қалған автобустағы балалар»
Тұрғындардың айтуынша, ауылға «Ақсай» деген ат 10 жыл бұрын қойылған. Ауыл статусы беріледі деп сөз жүзінде айтылған. Бірақ ресми түрде ауыл мәртебесін ала алмай отыр.
Фото: Тілек Ырысбек
Еске сала кетсек, 11 қыркүйекте сағат 18:00 шамасында «Сокол» саяжайында 34 оқушы мінген автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Балалар аман қалып, жеңіл көліктің жүргізушісі сол жерде қайтыс болды. Бұл оқиғадан соң, ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартып, наразылық білдірген еді. Басты талап — ауыл мәртебесі мен мектеп салу болды.
Алматы облысының әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы жиналған тұрғындардың алдына шығып, ауыл мәртебесін беру үшін алдымен статусты өзгерту керек екенін айтқан болатын. Ол өңірге бірінші елді мекен немесе округ мәртебесін беріп, кейін бюджеттен қаржы алып, іске кірісетіндерін жеткізген еді. Тұрғындар бұл уәдені алған соң үйлеріне тараған.
Бірақ бір жыл өтті. Ауыл мәртебесі де, округ мәртебесі де әлі жоқ. Балалар автобустарға қысылып мініп, алыстағы мектептерге әрең барып жүр. Ата-аналар күндіз жұмыс істейді, ал кешке балаларды автобус жүргізушілері алыстан тастап кетеді деп алаңдайды.
Фото: Тілек Ырысбек / Автобус күтіп тұрған балалар
Іле ауданының Ақсай ауылдық округі әкімдігінің 2025 жылғы ресми жауабында Ақсай ауылдық округіндегі орта білім беру мекемелерінде 430 оқушы, ал Қарасай ауданы Жібек Жолы ауылдық округінде 312 оқушы білім алатыны жазылған. Барлығы 742 оқушы тасымалданады. Соколдан оқушыларды тасымалдауға 3 жеке және 4 мемлекеттік автобус бар. Жеке тасымалдаушылар ата-аналардың келісімімен балаларды саяжай ішінен алып кетеді. Яғни, ресми мәлімет бойынша, 742 оқушыға 7 автобус жеткілікті деп көрсетілгенімен, тұрғындардың айтуынша, шынайы қажеттілік әлдеқайда жоғары, себебі жалпы оқушылар саны одан да көп болуы мүмкін. Тұрғындар ауыл мәртебесін беруді, мектеп пен аурухана салуды, ең болмағанда автобус мәселесін шешуді күтіп отыр. Ата-аналар бәрінен бұрын балалары үшін алаңдайды.
Фото: Тілек Ырысбек / Автобусқа отырып жатқан балалар
Іле ауданындағы «Сокол» саяжайына ауыл мәртебесі беріле ме?
Алматы облысы Іле ауданы әкімдігі Qaz365.kz редакциясының ресми сауалына жауап беріп, «Сокол» бау-бақша серіктестігі және тағы 13 саяжай алқабына ауыл мәртебесін беру бойынша құжаттар әзірленіп жатыр деді.
Әкімдік мәліметінше, «2025 жылғы 25 желтоқсанда аудандық мәслихаттың шешімімен бас жоспар бекітіліп, Асқар Тоқпанов, Жайнақ, Жәпек батыр және Көкқайнар ауылдарының саяжай алқаптарын елді мекен шекарасына енгізу туралы шешім қабылданды».
Сондай-ақ ресми жауапта: «Ресми тіркеу рәсімдері аяқталғаннан кейін бұл ақпарат “Іле таңы” газетінде және ресми интернет-ресурстарда жарияланады», – деп жазылған.
«Қазіргі таңда Ақсай ауылдық округіне қарасты ҚР ІІМ-нің “Сокол” бау-бақша серіктестігі және тағы 13 саяжай алқабы бойынша оларды елді мекен құрамына енгізіп, “ауыл” мәртебесін беру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», – деп жауап берді әкімдік.
Сонымен бірге, Ақсай ауылының бас жоспарын бекіту 2026 жылдың желтоқсанына дейін аяқталады деп жоспарланып отырғанын да айтты.
Бұл оқиға бір ғана саяжайдың мәселесі емес. «Сокол» сияқты елді мекендер Алматының айналасында көп. Атауы бар, тіршілігі бар, бірақ әкімшілік тұрғыда толық танылмаған кеңістіктер. Осындай жерлерде тұратын адамдардың өмірі уақытша шешімдер мен созылған реформалардың арасында өтіп жатыр. Бір жағында — ресми жоспарлар мен құжаттар. Екінші жағында — күн сайын мектепке қатынайтын балалар, автобусқа сыймайтын оқушылар, медициналық көмек алу үшін жолға шығатын отбасылар. Мәртебе беру — жай атау өзгерту емес. Ол инфрақұрылым, қауіпсіздік, білім мен денсаулыққа тікелей әсер ететін шешім.
Qaz365.kz жағдайды бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.
Еске сала кетсек, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрали Әлиев өмірдің мәні, адамның ішкі болмысы және рухани түсінік туралы пікір білдірді.