Ел бірлігі – Тәуелсіздік тірегі: Ақмола облысында 1 мамыр мерекесі айрықша деңгейде атап өтілді

Qaz365.kz редакциясы

Жағалау бойындағы мерекелік кеңістік нағыз мәдениет пен өнер орталығына айналды

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгінде 100-ге жуық этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Ақмола облысы үшін Қазақстан халқының бірлігі күні  ең қастерлі мерекелердің бірі. Көкшетау төріндегі «Жаңа Жағалау» жағажайында өткен «Ел бірлігі – Тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты шара аймақ тұрғындарының мызғымас ауызбіршілігін тағы бір мәрте паш етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мерекелік шара мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосып, түрлі мәдениеттердің тоғысқан алтын бесігіне айналды. Салтанатты жиынның шымылдығын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ашып, елдегі бейбітшілік пен достық  мемлекетіміздің барлық жетістіктерінің іргетасы екенін атап өтті. Өңір басшысы өз сөзінде жаңарған Конституцияның Әділетті Қазақстанды құрудағы рөліне ерекше тоқталды.

«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөз  біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келетін қастерлі ақиқат. Қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан берік болуы керек», – деді аймақ басшысы Марат Ахметжанов.

Жағалау бойындағы мерекелік кеңістік нағыз мәдениет пен өнер орталығына айналды. Мұнда креативті индустрия өкілдерінің көрмесі, қолөнершілер жәрмеңкесі және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Өңірдің 30-дан астам кәсіпорны өз өнімдерін таныстырып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара барысында көпбалалы ана, түрлі ұлт өкілдерін бауырына басып, пана болған Құралай Жұмабекова өз лебізін білдірді:

«Біздің шаңырағымызда бірнеше ұлттың баласы бір ата-ананың тәрбиесін көріп өсуде. Бірлік – ол тек ұран емес, ол біздің күнделікті өміріміз, бір-бірімізге деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміз. Әрбір отбасында татулық болса, мемлекетіміздің де іргесі берік болады. Баршаңызды 1 мамыр мерекесімен құттықтаймын!»

Сонымен қатар, Ақмола облыстық өзбек этномәдени орталығының төрайымы Тожибуви Медетова да ақжарма тілегін жеткізді:

«Қазақстан  біздің ортақ үйіміз. Бүгінгі мереке жүректерді жақындастырып, достығымызды нығайта түседі. Біздің еліміздегі бейбітшілік пен келісім – баға жетпес байлығымыз. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін!»

Мереке аясында қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарды ұлықтау рәсімі өтті. Облыс әкімі 20 ақмолалыққа, атап айтқанда, ұлағатты ұстаздарға, ақ халатты абзал жандарға және қоғам белсенділеріне Алғыс хаттар табыс етті.

Айта кетейік, дәл осындай мерекелік шаралар Ақмола облысының барлық аудандарында өтіп, жалпы саны мыңнан астам тақырыптық іс-шараны қамтыды.

Салтанатты кеш жастарға арналған Open-air форматындағы концерттік бағдарламамен түйінделеді.