Нұрай Серікбайдың өлімі: Қылмыстық істе жаңа фигуранттар пайда болуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы
ашық дереккөзден

Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық істе жаңа фигуранттар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді. Ведомство өкілінің мәліметінше, қазіргі уақытта аталған іс бойынша белсенді тергеу амалдары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-министр жәбірленуші тараптың марқұмды күдіктінің үйіне әкелген кезде қасында болған адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеру туралы өтініш білдіргенін атап өтті.

«Сот қарауына дейін тергеу сатысында біз істің толықтығын қамтамасыз етіп, айтылған барлық уәждерді тексеруіміз қажет», – деп нақтылады Санжар Әділов.

Еске сала кетейік, 11 қаңтарда Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақаттарынан қайтыс болды. Бұған дейін күдіктінің қызды қорқытып, соңынан аңдығаны хабарланған. Марқұмның ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, ол кезде қылмыстық іс қозғалмаған болатын. Қазіргі таңда тергеу адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг (аңду) фактілері бойынша жүргізілуде. Сонымен қатар бұған дейін психикалық ауытқулары анықталып, ауруханада емделген күдіктінің сараптама қорытындысы бойынша ақыл-есі дұрыс деп танылғаны белгілі болды.

Қайғылы оқиғадан кейін Президенттің құқық қорғау органдарының әрекетін тексеру туралы тапсырмасынан соң Шымкент қалалық полиция департаментінің бұрынғы бастығы қызметінен босатылды. ІІМ жүргізген қызметтік тексерістің нәтижесінде басқа да полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалды.