×

Асқан қатыгездікпен өлтірген: Түркістан облысында өлген бес жасар қыздың ата-анасы оқиғаның мән-жайын айтты

Қыздың денесінде зорлық-зомбылық іздері қалған

Асқан қатыгездікпен өлтірген: Түркістан облысында өлген бес жасар қыздың ата-анасы оқиғаның мән-жайын айтты
Дилара Иса / Азаттық радиосы

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бұрын сотталған адамның үйінен өлі табылған бес жасар қыздың денесінде зорлық-зомбылық іздері қалғаны туралы суық хабар ауылды дүр сілкіндірді. Ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап етіп жиналды. Ауылға полиция кіргізіліп, интернет ажыратылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

АШУЛЫ ЖҰРТ КҮДІКТІНІ БЕРУДІ ТАЛАП ЕТТІ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында жоғалып кетіп, кейін өлі табылған бес жасар қыздың үйін және күдіктінің үйін қазір полиция күзетіп тұр. Ауылдың кіреберісін де полиция бақылап тұр.

Кеше осы ауылда тұратын кішкентай баланың қазасына күдікті адамды полиция қамауға алған. Ашу-ызаға берілген жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, наразылық білдірген. Олар күдіктіні әкетіп бара жатқан полициямен шекісіп, арада қақтығыс болған.

Бес жасар сәби бүгін, 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 14-те жерленеді.

Жергілікті халық Жібек жолы ауылында қазір интернет ажыратылғанын айтты. Түн ішінде осы ауылдағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара пункті жабылған.

"АСҚАН ҚАТЫГЕЗДІКПЕН ӨЛТІРГЕН"

Тапа-тал түсте үйінен шыға сала жоғалып кетіп, кейін өлі табылған бес жасар қыздың денесінде зорлық-зомбылық іздері қалған. Мұны Азаттық тілшісіне сәбидің ата-анасы айтты.

Анасы 13 шілдеде түсте үйінен далаға шыққан кішкентай қызы артынша ізім-ғайым жоғалып кеткенін айтты.

– Сағат 13:04 кезінде үйден шықты. Шамамен 5-6 минуттан соң таба алмай қалдым. Төңіректі түгел шолып, бүкіл ауылды араладық. Ауыл адамдарды жабылып іздеуге кірістік, – дейді ол.

Сәбидің әкесі бұрын сотталған көршісінен күдіктеніп, оның үйіне екі рет барғанымен, қызын таба алмаған. Бір топ адам көршісінің үйіне үшінші рет барғанда қыздың көйлегін көріп қалып, үйді толық тінтіген.

– Қызымның денесін кешкі сағат тоғыз шамасында шатырдан таптық. Сау-тамтығы қалмаған. Ойына келгенін істеп, жеті-сегіз жерінен пышақтап, асқан жауыздықпен өлтірген, – деді баланың әкесі.

Өлген сәбидің ата-анасы қазір күдікке ілініп отырған көршісімен араздығы болмағанын, аралас-құраластығы да жоғын айтты.

– Бұрын сотталғанын, кейін тағы бір ауыр қылмыстық істен құтылып кеткенін білетінбіз... Құқық қорғау органдары қылмыскерді лайықты жазаласа осындай сұмдық болар ма еді? Оны бостандыққа шығарып жіберген қызметкерлерді тауып, жазалауды талап етемін! – деді қайғыдан қан жұтып отырған әке.

Сәбидің әке-шешесінің айтуынша, ауыл адамдары кісі қолынан өлген қызды тапқанда полиция да келіп, оны Сарыағаш ауданымен іргелес Келес ауданының мәйітханасына әкеткен.

ПОЛИЦИЯ: АДАМ ӨЛТІРУ БАБЫ БОЙЫНША ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Жібек жолы ауылында бес жасар сәби кісі қолынан мерт болған және ауыл тұрғындары күдіктіні беруді талап етіп жиналған деген суыт хабар әлеуметтік желіде түнде тарап, жұма күні таңертең ресми органдар әлгіндей оқиға болғанын растады.

Полиция таратқан ақпаратта "Жібек жолы ауылы Амангелді көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында орналасқан сарайдың үстінен денесінің бірнеше жерінде өткір затпен салынған жарақат іздері бар кәмелетке толмаған Е.Н. өлі табылғаны" айтылған.

Жұма күні алматылық журналист Михаил Козачков телеграм-арнасына осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін видео жариялады. Журналист видеоға "2018 жылы туған қыздың денесі жергілікті тұрғынның үйінен табылған. Ауыл адамдары күдіктіні полициядан тартып алуға тырысқан, бірақ полиция күдіктіні алып кеткен" деген түсініктеме жазған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар қыздың өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.

Ақорданың мәліметінше, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" күдіктінің бостандығын 3 жылға шектеген.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →