Депутаттардың 2023 жылғы елдің есінде қалған мәлімдемелері
Өтіп бара жатқан жылда Парламент Мәжілісі жаңа құрамын жасақтап, қатарына әр саланың мамандарымен бірге, ақын, олигарх, журналист, блогер, балуанына дейін қосып алды. Көктемде Парламентке кіргелі тоғыз айдың ішінде Мәжілістің осы құрамы елдегі «жаңалықтар жаршысына» айналды десе де болады. Қашан көрсең, тик-токты «жарып», өткір мәлімдемесімен, бұрынғы құрамдарда кездеспейтін «креативті» қылықтарымен ел назарына ілігіп жатады. Осы ретте Qaz365.kz тілшісі Мәжіліс депутаттары биыл қандай әрекеттерімен ел аузына іліккенін еске түсіріп көрді.
Смайыловқа қарсы дауыс
Биыл Парламентте бұрын бола бермейтін бір жағдай болды. ЖСДП фракциясы Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсы шықты. Мәжілістегі бірнеше саяси партия фракциясының өкілдері Премьер-министрдің кандидатурасы туралы сөз сөйлеген еді. Өзге партиялар жаппай қолдаса да, дауыс беру қорытындысы бойынша Смайыловтың кандидатурасын Мәжілістің 82 депутаты қолдады. Жетеуі қарсы дауыс берсе, сегіз депутат дауыс беруден қалыс қалды.
«Біз парламенттік оппозиция ретінде фракциямызбен жиын өткіздік, мен жетекші ретінде Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсы дауыс беруіміз керек деген ұсыныс жасадым. Өйткені былтырдың қорытындысы көңіл көншітпейді. Бізде инфляция 20 пайыздан асты. ЖЭО-дағы бітпейтін апаттар. Тіпті қарапайым автокөлік несиесінде де көп сұрақ туындайды. Премьер-министрлікке кандидат ұсыну біздің құзырымызда емес, бірақ мен оның қандай болуы керек екенін білемін», – деді ЖСДП атынан Рақымжанов.
Фракция мүшесі Нұрлан Әуесбаев Қазақстанда тұратын 20 миллион адамның ішінде «жұмысты (Премьер-министрдің – еск.) жақсы атқаратын адам табылады» деп қойып қалды. «Оппозициямыз» десе де, ЖСДП депутаттары қанша жерге дейін шаба алатынын біліп, «ойын ережесін» сақтап ойнайды.
«Президент Тоқаев жақсы бастамалар ұсынып отыр, бірақ бұл міндеттерді бұл Үкіметпен шешу мүмкін емес. Мен бұл лауазымда кімді көретінімді айта алмаймын. Бірақ біз Үкіметтің атқарған жұмысына көңіліміз толмайды. Біз бұл туралы ашық айтамыз. Құдайға шүкір, 20 миллион халық бар, жақсы жұмыс істейтін адам табылады. Үкіметте қателіктер жетеді. Ең бастысы – әлеуметтік саясат», – деді Әуесбаев сөзінде.
«ЖСДП қарсы болды екен» деп, Президент Премьер-министрді орнынан алып тастаған жоқ.
Қошановтың Базарбекке ескертуі
10 қарашада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Бақытжан Базарбекке ескерту жасады. Оның алдында Бақытжан Базарбек төменгі палатаға келген шенеуніктерді бір шыбықпен «айдап» шығатындай сөйлейтін. Мәжілісменнің осы мінезі Қошановқа ұнамай жүрсе керек.
Қарашадағы отырыстардың бірінде депутаттар Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабекке кезек-кезек сұрақ қойып жатқан. Кенет сөз алған депутат Бақытжан Базарбек вице-министрге шүйлікті. Жайылым жерді қайтармай жатқан әкімдердің атын атауды талап етті.
Тамабек жалпы жұмыс жайлы айтып, еш әкімнің атын атамаған. Осыған ашуланған мәжілісмен «жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен бірге сіздерді қуып шығамыз» деді. Осыған келгенде сөзге Ерлан Қошанов араласты.
«Қатты кетпеңіз, агрессиясыз сөйлеңіз. 10 млн га жер қайтарылды. Оның бәрі Жер аманаты комиссиясының арқасы. Оның құрамына құзырлы органдар, депутаттар, қоғам өкілдері кіреді. Басшысының бірі өзіңіз. Мен де сізге жалынды сәлем айтқым келеді. Қалай әділ бөлініп жатыр, комиссияның құзыреті бар. Бақытжан мырза, бұл бірінші рет емес. Төраға ретінде сізге ескерту жасаймын», – деді ол.
Депутаттардың ішінде ойын қорықпай айтатын Бақытжан Базарбек Ерлан Қошановқа жауап қайтарған жоқ. Кейін шағын постпен ашуға берілгенін мойындады. Жалпы, Базарбектің өзі халық ішінде абыройы бар санаулы депутаттың бірі десе де болады. Оның әрдайым көтеріп жүрген жер мәселесі әлеуметтік желіде халық тарапынан зор қолдауға ие.
Ортаға Ринат шыққанда…
Ортаға Ринат шыққанда Парламент те сілтідей тынады. Оның шенеуніктерге оқтай қадалатын мінезі бар. Арқасы қозып, ақындық мінезімен шүйліккенде жалпақ жұрттың құмарын қандырып отырады. Мәселен, күздегі отырыстың бірінде Мәжілісте 2024-2026 жылдарға жоспарланған бюджет жобасы талқыланған. Сонда Ринат Зайытов бір отбасының шығынын есептеп, Қаржы министрлігінің алдында мәселе көтерді. Кулуарға шыққаннан кейін Зайытовтан журналистер «сонда ең төменгі жалақыны қаншалықты көтеру керек деп ойлайсыз?» деп сұраған. Мәжілісмен «ең төменгі жалақыны 85 мың теңге етіп белгілеу Президенттің тапсырмасын орындамау үшін қасақана жасалып отыр» деп есептейтінін айтады.
«Есептесін министрлік! Ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керек. Ұлттық компаниялардың басшылары, орынбасарлары жылына қанша сыйақы алатынын білесіз бе? Жүздеген миллион», – дейді ол.
Ринат Зайытовтың бұл сөзі бүкіл елге тарап, «хит» болды. Елде «хит» болса да, Түркиядағы экс-депутат Бекболат Тілеухан бұл сөзін «хейтке» айналдырып, әжуалағандай болды. Депутатты «популист» деп атады.
Жалпы Ринат Зайытовтың дінге жақын адамдармен сорпасы қосыла қоймайды. Әсіресе, «намаз оқитындардың 80 пайызы алаяқтар» деген сөзі қызу талқыланған. Сол үшін жеке нөміріне белгісіз біреулер қоңырау шалып, қорқытатынын айтады депутат.
Діни мектеп ашуды ұсынған Айгүл Құспан
Бірде кулуарда Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның жасаған даулы ұсынысы қызу талқыға түсті. Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан ханым айды аспанға бір-ақ шығарып: «Елімізде діни мектептер ашу керек. Және ол мектептерді мемлекет жартылай қаржыландыруы керек», – деп сөйлеген.
Депутаттың бұл айтқаны қоғамда қызу талқыланды. Қоғам «мектептегі хиджаб» мәселесімен шақ-шұқ болып жатқанда, депутаттың ойланып, әлде ойланбай жасаған бұл ұсынысы шоқты қайта үрлегенмен тең болды.
«Біздің мектептерді мемлекеттік мектептер және жекеменшік діни мектептер деуіміз мүмкін. Діни мектептерде мемлекеттік бағдарлама бойынша барлық пәндер, физика, математика оқытылады. Оған қосымша медреседе оқытылатын Құран немесе Библия, Тор болсын – діни пәндер берілетін болса және оларды Үкімет жартылай қаржыландырса, жақсы болар еді. Сол кезде кимешек киетін қыздар немесе дін оқығысы келетін балалар сондай мектептерге бара алушы еді», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Саясаткер Дос Көшім елде қазақ тіліндегі мектептердің мәселесі шешілмей жатқанда діни мектептерді ашу ақылға сыйымсыз ұсыныс екенін айтады. Философ Әбдірашит Бәкірұлы депутат деген атақ алған адам сол сәттен білімді болып кетпейтінін, қоғамтанушы ғалымдар бұл салада білімді тірнектеп жинайтынын, сондықтан депутат Айгүл Құспанның жеке пікірін ақиқат деп қабылдамау керектігін атап өтеді.
«Ескі Қазақстан» өкілдерінің ұйқысын бұзған Бапи
Мәжілістің осы құрамындағы Ермұрат Бапиді Парламенттің «найзағайы» десек те болатын шығар. Әр отырыста депутаттық сауалымен «Ескі Қазақстан» өкілдерінің ұйқысын бұзып отыратын депутат әр жолы Үкіметке сауал тастаса да, бұрынғы биліктің өкілдерін назарынан тыс қалдырмайды.
Мәселен, биыл маусымда Ермұрат Бапи Назарбаевтар әулетінің өкілдері Қарасай ауданына қарасты бұрынғы «Каменка» асылтұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрінеу тартып алғанын айтып, дабыл қаққан еді. Көп өтпей, Мәжіліс депутаты әлеуметтік желіде рулық, жершілдікке бөлініп, ұлтараздық қоздыратындарды жазалауды сұрап, «Назарбаев шығыстың азаматтарын билікке жолатпауға астыртын нұсқау берген» деп мәлімдеді. Тамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің және Ахметжан Есімовтің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есеновтердің жаңа қызметтерге тағайындалуын Ермұрат Бапи «Ескі Қазақстан» өкілдерінің қайтып оралуы деп атады.
«Үш айдан бері тиісті өкілетті орган құрылмаса, комиссия құрылмаса... Оның үстіне тапсырманы беріп отырған Президенттің өз бастамасы болса, оған тиісті өкілетті органдар осы уақытқа дейін салғырт қараса, активтерді елге қайтаруға қарсы топтардың бар екенін білдіреді», – дейді Ермұрат Бапи бір сөзінде.
Назаров назарға несімен ілікті?
Депутаттық мандатын алудан бастап, журналистерге сәтсіз жауабымен есте қалған Ардақ Назаров содан кейін тілшілерден саяқ жүргісі келеді. Алайда отырыста ел назарына ілігіп қалуға тырысады.
Ұзағынан депутаттық сауал оқып, ел есінде қалғысы келетін депутат Ардақ Назаров таяуда тағы әскер туралы ұзағынан толғанып, депутаттық сауал жолдады. Әр сөзін әдебилендіріп, әрлеп, оқып болғанша, регламенті бітіп қалып, микрофон қосылған соң қайта жалғағаны бар. Бұл жолы депутат:
«Дәл қазір жан-жағымыз отқа оранған, ертеңіміздің не боларын білмейтін, алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Саяси ойын төбеңнен бір соққанда досыңның қасқа, көршіңнің жауға айналғанын көзіміз көріп отыр. «Қауіп-қатер қай жағымнан қаптайды?» деп, талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі. Ұйқыда үнемейі жата берсең, үстіңе қаптап, лаулап өрт келеді» дегендей, дәл қазір бейғам, ұйқыда жататын уақыт емес, жарақтанатын уақыт, бес қаруыңды сайлап, қамданатын уақыт…» – деп, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабына дейін мысал келтіріп кеткен.
Қысқасы, депутат Үкіметке пилотсыз ұшу аппараттарын басқарушылар санын көбейту аясында оқу орындарында дрондармен ұшу, құрастыру, жетілдіруге қатысты жан-жақты қамтылған бағдарламаларды мектептерге енгізу керек дейді. Әскери медицина аясында сарбаздардың өз-өзіне жедел көмек көрсету бағытын мектептерде, жоғарғы оқу орындарында кеңінен үйретуге, қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз ету бағдарламаларын әлемдік стандарттарға көшіруге шақырады.
Оның алдында депутат малшылардың мәселесін көтеріп, оларға жеңілдік жасап, балаларын тегін оқытуды ұсынған. Алайда малшы деген статустың жоқтығына сілтеді ме, әйтеуір, Үкімет басшысы «шопандардың жалақысын субсидиялаудың жеке бағдарламасын қабылдау орынсыз» деп жауап берді.
«Айфонның» 15-і шықты, ал мен әлі 14-імен жүрмін»
Respublica партиясында Руслан Берденов деген депутат бар. Құмар ойындарға қарсы көп-көрім бастама көтеріп жүр. Бірақ күресі әзірге жемісін бермей жатқан сыңайлы. Күшеніп, Парламентте қанша сөйлесе де, құмар ойындардың мұрты бұзылар емес.
Сол депутат таяуда журналистерге берген жауабында:
«Мен осы уақытқа дейін ешқашан несие алып көрмегенмін. Несиемен ауырмаймын. Iphone шыққанда жаңа маркасына ұмтылу деген жоқ. Iphone-нің қазір 15-і шықты. Ал мен әлі 14-пен жүрмін», – деп жауап берді.
Қызық жауап. Елдің көбі «айфон» алатын жағдайда емес екенін депутат аңғармайтын болса керек. Білсе, бұлай сөйлер ме еді?
Тамабек VS Қожаназаров
Жалпы байлардан құралған Республика партиясы өкілдерінің «трендке» шығатын кездері аз емес. Мәселен, биыл қыркүйекте Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында депутат Айдарбек Қожаназаров пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек тұқым мәселесіне қатысты сөз таластырып қалды.
Айдарбек Қожаназаров вице-министрге «Азық-түлік корпорациясының қорына тұқым береміз деп жатыр. Бірақ бұл тұқымдар араласып, жүздеген фермерлерден келіп, банкада жатқан тұқымдар ғой. Оны қалай шаруаларға ұсынамыз?» деп сұрақ қойған.
«Айдарбек Асанұлы, рақмет, кішігірім лекцияңызға жауап берейін. Біріншіден, тұқым мәселесі. Біз қазіргі таңда 1,1 млн тонна астық бар деп айттық. Қазір Агро-экс тарапынан сараптама жүргізіледі, тұқымға жараған жағдайда шаруаларға тауарлық несие ретінде беріледі. Елдің бәрінде бірінші репродукция егетін сіздікіндей үлкен шаруа қожалығы емес. Екінші, үшінші, төртінші, бесінші репродукцияға дейін егетіндер бар. Сол себепті осындай жағдайды да қарастыру керек», – деді Әбілқайыр Тамабек.
Мәжіліс депутаты вице-министрдің сөзін бөліп, қарсы шыққанда Әбілқайыр Тамабек аяғына дейін тыңдауды ұсынды.
«Қосымша тұқым дұрыс болса ғана беріледі. Егер тұқым қажет болған жағдайда Ресей тарапынан қосымша тұқым сатып алып, бөлеміз дедім. Тұқымға импортты әріптестермен бірге талқылаймыз, мәселені шешеміз», – деп жауап берді вице-министр.
Қожаназаров мұндай өткір жауаптан абдырап қалса керек.
«Сіз маған анау менің мекемем, бірінші, екінші деп айтып жүрмеңіз. Менің сізге айтарым, кішкентай шаруаға да дұрыс тұқым керек», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Бәрі білетін Аймағамбетов
Мәжілісте белсенді депутаттардың бірі – Асхат Аймағамбетов. Төменгі палатада комитетті басқаратын депутат бірнеше заң жобасын дайындап үлгеріп, алғашқысын қорғап та жатыр. Бастамалары да көп. Мәселен, Аймағамбетов қалаларда мектеп пен балабақша салынбаған аудандарда тұрғын үй құрылысына тыйым салуды ұсынады. Министр кезінде осы мәселе өзін әбден зәрезап қылса керек. Проблеманы түбірімен біледі.
Аймағамбетовтың мінез танытатын кездері де бар. Таяуда ол шенеуніктердің біріне шүйлікті.
«Сіз мұнда Парламентке келдіңіз, содан кейін депутат сізге сұрақ қояды. Сіздің міндетіңіз – жауап беру. Түсіндіңіз бе? Қаншалықты сізге ұнамай тұрса да, қанша азалы естілсе де, Британ Парламентін қараңыз, мәселен. Ол жерде сұрақтарды қалай қоятынын қарап шығыңыз. Сізге өз құзыреті шеңберінде дұрыс сұрақ қойылып отыр. Жауап беріңіз! Не себепті өз эмоцияңызды ұстай алмайсыз? Дұрыс сұрақ қойылды ма – дұрыс жауап беріңіз!» – дейді Аймағамбетов комитет отырысында.
Аймағамбетов қай ведомствоның қай шенеунігіне шүйліккені жұмбақ болып қалды. Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіден видеоны жойғандықтан, толыққанды ақпарат берілмеді.
Журналистерді қолтырауынға теңеген депутат
Мәжіліске блогерліктен келген тағы бір депутат – Самат Нұртаза да биыл бір сөзімен желіде талқыланған. Ол отырыс біткеннен кейін кулуарда депутаттарды күтіп тұратын журналистерді қолтырауынға теңеп, өткір сынға қалған еді. Мәжілісмен өзіне осылай назарын аудартқысы келсе керек.
Журналистерді жыртқыш аңға теңесе де, тілшілер оның артына шам алып түскен жоқ. Бұдан кейінгі отырыстарда ол емін-еркін, қойылса сұраққа жауап беріп, қойылмаса өз жөніне кете барады.
Айтпақшы, Qaz365.kz тілшісі Самат Нұтазамен сұхбаттасқан еді. «Депутат болғалы кафеге баруды, кальян шегуді қойдым» деп бастайды ол әңгімесін.
– Халықтың қалап тұрғанын айтсаң, халық сені жақсы көреді. Орысша айтқанда «не популярный» мәселелерді айтсаң қоғам түсінбеуі мүмкін. Өзін құрбандыққа қиюға дайын адам әрине қиындыққа тап болады. Бұйырғаны осы енді. Өзімді жаман адам деп есептемеймін, періште де емеспін, - деп жауап береді ол депутат болғанға өкінбейсіз бе деген сұраққа.