×

Айгүл Құспанның «ақылы»: Түркияда діни мектеп ашу тәжірибесі несімен сәтсіз болды

Мемлекеті дін ісіне, діні мемлекет ісіне араласпауы тиіс (сөз жүзінде, әлбетте) «зайырлы елміз» деген әңгіменің ауаны ауада ғана қалқып, қоғам екіге жарылған – бірін-бірі тыңдамайды

Айгүл Құспанның «ақылы»: Түркияда діни мектеп ашу тәжірибесі несімен сәтсіз болды
коллаж Qaz365.kz

Мектепке хиджап немесе жаулық (әркім әртүрлі айтады) тағып бару мәселесі биыл қалыптан тыс қызу талқыланып, мұны қолдайтындар мен қарсылардың дауы ушығып, дауысы қатты шыға бастады. Мемлекеті дін ісіне, діні мемлекет ісіне араласпауы тиіс (сөз жүзінде, әлбетте) «зайырлы елміз» деген әңгіменің ауаны ауада ғана қалқып, қоғам екіге жарылған – бірін-бірі тыңдамайды. Qaz365.kz тілшісі сараптап көрді. 

Бейсембаевты мүдірткен сұрақ

Әңгіменің әлқиссасы биыл тамыздың бел ортасында үкімет отырысынан басталды. Үкімет мүшелерінің әр аптаның сейсенбісіндегі отырысы өтіп, баспасөз орталығының төріне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жайғасқан. Журналистер кезек-кезек қойған сұраққа мүдірмей жауап беріп отырған министр мектептегі хиджап мәселесіне келгенде тосылып қалды. Журналистің «нақты айтыңыз, мектепке хиджап киіп баруға бола ма, жоқ па?» деген сұрағы министрге түрпідей тиді. Тайғанақтап нақты жауап бере алмады.

«Біз Конституция бойынша зайырлы мемлекетпіз. Мектептер заң бойынша жұмыс істейді. Сіз білімді адамсыз және өзіңіз түсінуіңіз керек», –  деп жауап берді Бейсембаев журналиске.

Десе де тілші министрді оп-оңай қоя бере салған жоқ. Нақты позициясын аузынан естігенше сауалды қайталаумен болды. Бейсембаев те «берілмеді». «2016 жылы шыққан ережеде бәрі бекітілген, соны қараңыз» деп құтылды. «Рұқсат жоқ» деуге батылы бармады.

Бейсембаев сілтеп отырған «Білім туралы» заңда Қазақстандағы оқушылар оқу ордасына келген кезде мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджап киюге тыйым салады. Бұл тыйым зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақсатында енгізілген. Мектептен тыс жерде тыйым жоқ.

Ұлдарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері әлде сырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабады.

Қыздарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері әлде сыдырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан). Бос және ұзын қыздарға арналған шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт.

Қайдасың, ҚМДБ?

Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Бейсембаевтың осы жауабы ел ішінде, әлеуметтік желілерде қызу талқылана бастады. Кемшін жауабының соңы дауға ұласып бара жатқанын сезді ме, министр бір аптадан кейін мәселеге нүкте қойғысы келіп, «2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар, ол өзгерген жоқ, сондықтан балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек» деп алдыңғы екіұшты жауабын шегелегендей болды. Алайда дау бұл кезде «жаңа деңгейге» шығып кеткен еді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндайда неге үнсіз отыр? Дәл осы сұрақ журналистер мен белсенділердер тарапынан басқармаға жиі қойыла бастаған. Әуелі Бейсембаевтай екіұшты жауап берген басқарма өкілдері артынша «жаулықтың ақ және көк түстерін тағуға  болатынын айтысты». «Ұсынысты министрлікке жібердік» десті. Алайда бір күннен кейін Оқу-ағарту министрлігі басқармадан ешқандай ұсыныс хат түспегенін Qaz365.kz тілшісіне хабарлады. Бұл ҚМДБ өкілдерінің даудан басын ала қашқысы келетін әрекетіне ұқсайды.

Айды аспанға шығарған депутат

Мәжіліс депутаттары да бұл мәселе жөнінде пікірін айтып жатыр. Мәселен, Ерлан Сайыров «біздің елде діншілдердің үні қаттырақ шыға бастады» десе, республикашыл Айдарбек Қожаназаров мектепте хиджап киюге рұқсат бермеуді «конституциялық құқықтың шектелуі» деп баға берді. Сыртынан діншіл аталған Ардақ Назаров өз жауабында өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырғысы жоқ – «мемлекет қандай шешім қабылдаса, азаматтар сол шешімге бағынуы керек» деп құтылды. Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «мектепті діни және саяси ағымдардың ортасына айналдыруға болмайды» деп ескертті.

Десе де осы мәжілісмендердің ішінде Айгүл Құспанның жауабы айды аспанға бір-ақ шығарды. «Діни мектептерді ашу керек» деген ол мектептердің бәрін «мемлекеттік» және «жекеменшік діни» деп екіге бөлу керек деп есептейді.

«Діни мектептерде мемлекеттік бағдарлама бойынша барлық пәндер, физика, математика оқытылады. Оған қосымша медреседе оқытылатын Құран немесе Библия, Тор болсын – діни пәндер берілетін болса және оларды үкімет жартылай қаржыландырса жақсы болар еді. Сол кезде кимешек киетін қыздар немесе дін оқығысы келетін балалар сондай мектептерге бара алушы еді. Көп ойландым. Францияның емес, Еуропаның көптеген елінде осындай бар. АҚШ-ты алайық. Ол жақтағы мемлекеттік мектептерде кимешек киюге болады. Қазақтың қыздары қысқа юбка кимеген, нашақор болмаған, түнгі клубқа бармаған», - дейді ол.

Онсыз да қазақ және орыс тілді мектеп болып, ырғасып қалатын Қазақстан қоғамына тағы бір даудың шетін Айгүл Құспанның не үшін шығарғысы келіп отырғаны түсініксіз. Мызғыған шоқты басқасы басқа, депутаттың көсеуіне не себеп болды? Діни мектептер ашылса, мәселе бір сәтте реттелетініне депутат сенімді ме?

Парламентте осындай үн шығып жатқан кезде әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақияновтың бұдан бұрын берген бір сұхбаты еске түседі. Оның айтуынша, орамалға сұраныс тудырып отырған төрт топ бар. Біріншісі, 2003 жылдан бері белсенді талап етіп келе жатқан теріс ағымдағы топ. Екіншісі, дінге берілген ата-аналарға құқытық-әдістемелік көмек көрсететін топ. Олар қалай арыз жазу керек бәрін дайындап қойған. Үшіншісі, әр жерде намазханалар ашып, билікке ұмытылып жүрген діни топтардың өкілдері. Олар мәжіліс, мәслихатқа сайланып алғандар. Төртіншісі, микс-жамағаттар. Яғни дәстүрлі дінді ұстаушылар мен салафиттердің аралығындағылар екен.

«Микс-жамағаттар әртүрлі әлеуметтік топтардың аясында қалыптасып жатыр. Соның бірі қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыруда байқалады. Көпбалалы отбасылардың пәтер алуына көмектесу, мешіт-медреселер салу. Бұл жерде дәстүрлі мұсылмандар мен салафиттік ағымдар араласып, құндылықтар шайылып кетіп жатыр. Енді шамалы уақытта қайсысы дәстүрлі, қайсысы дәстүрлі емес екенін ажырата алмайтын боламыз. Бұл өте қауіпті тенденция. Енді осының аясында радикалды ханафизм дамып келеді», - дейді Талғат Жақиянов.

Сарапшы орамалды саясиландыру құралы ретінде пайдаланып отырғандар өз ықпалын арттырып, билікке әсер етуді көздейтінін, артынша олар Орталық Азия деңгейінде саяси партиялар құрып алуы мүмкін деп қауіптенеді.

Діни мектеп ашқан Түркияның шекесі қызған жоқ

Қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы да тыс қалған жоқ. Ол мектептегі хиджап мәселесі жөнінде пікірінде Түркияның тәжірибесін келтіріп, ол елде «хиджап кигендер мен қысқа юбка кигендер бірге жүре береді» дейді. Десе дегендей деп, пікірін қолпаштамас бұрын діни мектеп ашу тұрғысынан Түркияның тәжірибесіне көз жүгіртіп көрелік.

Түркияда орта білім беретін Имам Хатип мектептері жұмыс істейді. Атауы айтып тұрғандай, бұл – діни мектептер. Түркияда медреселер жаппай жабыла бастаған тұста заңға сәйкес, медреселер мен кейбір мектептер біріктіріліп, Имам Хатип мектептері болып ашылған. Алайда басымдық берілмегендіктен, кейбірінде екі оқушыдан қалған осы білім ордаларының көбі жабылу алдында тұр.

Имам Хатип мектептеріне берілген квоталар (орындар) толмай келеді. Түркия Ұлттық білім министрі Юсуф Текин әлеуметтік сұранысқа байланысты Имам Хатип мектептерінің санын көбейткенін жарияласа да, Ыстамбұл, Анкара мен Измирдегі бастауыш және орта білім беретін осы мектептеріндегі орындар бос қалған. Кейбір мектептерде бір мұғалімге 2 оқушыдан ғана келеді.

Түркияда 2023-2024 оқу жылына оқушыларды тіркеу аяқталды. LGS нәтижесі бойынша оқушыларды қабылдайтын Имам Хатип орта мектептерінде (лицейлерінде) квоталар саны толғанымен, оқушыларды емтихансыз, ұпайсыз қабылдайтын Анадолы Имам Хатип лицейі мен орта мектептер бос қалған. Оқушылар Анкара, Стамбұл және Измир сияқты қалалардағы классикалық орта мектептер мен Анадолы лицейлері тіркелуге мәжбүр болған.

Оқушылар жоқ болғандықтан, жаңа сыныптар ашылмады

«Sözcü» газетінің журналисі Сұлтан Учардың хабарына қарағанда ең аз оқушысы бар Имам Хатип мектебі Измир Хажы Шакир Эжзажыбашы атындағы Имам Хатип орта мектебі болған. 8 сыныптық мектепте  небәрі 11 оқушы қалған. Шамамен бір оқушыға 1 сыныптан келетін мектепте 8 кабинеттің 7-і оқушы болмағандықтан ашылмай қалған.

Мектеп директорын қосқанда бар-жоғы 6 мұғалім жұмыс істейтін мектепте оқытушы басына 2 оқушыдан келеді. Ал Измир Алиаға Шехит Бахаттин Элден Анадолу ИХЛ-де (Имам Хатип лицейлері) 20 аудитория болса да, 105 оқушы бар. Бір сыныпқа келетін оқушылар саны 10,5 адамды құраған.

Ұлттық білім беру министрілігі мемлекет астанасы Анкара қаласындағы Чанкая ауданында орналасқан. Чанкаядағы Анадолы лицейлері мен ИХЛ-дегі орындар саны назарға ілігіп отыр. Чанкаядағы Нуртен Ушан Анадолу имам хатип лицейінде 32 кабинет,  80 оқушы болса, сол аудандағы Анадолы лицейлері лық толы. 24 сыныптық Чанкая Сухейл Үнвер Анадолы лицейінде 552 оқушы және 24 сыныптық Чанкая Мутлукент Анадолы лицейінде 755 оқушы білім алуда.

Нуртен Ушан Анадолу Имам Хатип лицейінде 32 аудитория (сынып) болғанымен, онда 44 оқушы ғана білім алады. Биыл жаңадан 36 оқушы қабылданып, мектеп оқушыларының саны 80-ге жетті. Сынып саны 20 адам болса да, 32 кабинеттің 28-і бос тұр. Бір сыныпқа 2,5 оқушыдан келеді.

Мектеп оқушыларды іздеп жатыр

Ыстамбулдағы ең бос мектептердің бірі Шиле Имам Хатип орта мектебі болды. Мектепте 188 оқушы, 28 кабинет, 30 мұғалім бар. Бір сыныпқа 6,7 оқушыдан келеді. Студенттер 1-қабатта оқиды, жоғарғы қабаттар оқушы болмағандықтан жабылған. Бір сыныпқа 15 адамнан түседі. Анкарадағы шахид Фейза Ажысу ИХЛ-да 18 сынып пен 79 оқушы бар. Бұл мектеп: «Тәжірибелі ұстаздар құрамымен оқушыларды асыға күтеміз» деген жарнама жариялады. Хабарландыруда сыныпта бала саны 15-20 адам болатыны баса айтылды.

 

Хиджап жыры – қазақтың үшінші дауы

Әзірге даудың басылар түрі жоқ. Өңір-өңірде «балаларымызды орамалмен мектепке кіргізбей жатыр» деп шағымданған діншілдер Президент Тоқаевқа да үндеу жариялап үлгерді. «Бұл біздің ғана сөз емес. Аллаһтың бұйрығы. Құдайдан қорыққан соң, осылай айтып жатырмыз» дейді жамағат боп жиналғандар.

Мемлекет біржақты позициясын нықтап, түпкі сөзді расында да Президенттің өзі айтпаса, мәселеге нүкте қойылмайтын секілді. Ақорда мәселеге алыстан қарап, бақылап отыра бере ме, әлде төрелігін айта ма?

 

 

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұзақ өмір сүру сапасын жақсартуға арналған жоба жасады
25.04.2024ж. 16:40

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұзақ өмір сүру сапасын жақсартуға арналған жоба жасады

Зияткерлік мектеп ұстаздары мен оқушылары өздерінің ғылыми зерттеуі үшін авторлық құқыққа ие болды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →