×

Оразаның пайдасы қандай

Терапевт-дәрігер айтып берді

Оразаның пайдасы қандай
aqmeshit-aptalygy.kz

Рамазан айы басталғанша біраз шаруаны рет­тегіміз келеді. Бірақ денсаулық жағдайын тексеруді кейінге қал­дырып жатамыз. Ал мұның ағзаға тигізер зияны көп. Дә­рігердің айтуынша, ораза кезінде ұйқы безі мен асқазан ауруына шағымданып, емхана жағалайтындар көп. Сайып келгенде, бәрі оразаны дайындықсыз бастауға келіп ті­реледі. Осы мәселелер жайында терапевт-дәрігер Назира Молдабекқызы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Иә, көпшілік Рамазан айы жа­қындағанда «менде созылмалы сырқат бар, анемия, панкреатит немесе гастрит болса ораза ұстауға бола ма?» деп жатады. Айтарым, оразаны алдын ала дайындықпен бастау керек. Анемияны емдеп, дефициттерді толтырып, бойы­ңыздағы ауруды емдеңіз. Созыл­малы сырқат барлығында бар. Егер ары қарай өршу болмаса, ораза ұстауға болады. Бізде дайындықсыз ауыз бекітеді де, керісінше, ауру асқынып жатады. Мысалы, қант диабеті кезінде ауыз бекітуге бол­майтыны айтылады. Компенса­ция­ланған түрі болса, ораза ұстауға рұқсат. Ал бірінші типі кезінде инсулинге тәуелді болған соң, ауыз бекітуге рұқсат жоқ. Алдымен да­йындықты дәрігерге қаралудан бас­таңыз. Аз дегенде бауыр, өт пен ұйқы безін ультрадыбысты тексе­руден өткізіңіз. Егер бұдан бұрын дәрігер қабылдауында болып, дәрі ішіп жүрген болсаңыз, тәулік ішін­дегі уақыты мен дозасын бекітіп алыңыз. Айта кетерлігі, оразаға де­йін реттейтін нәрсе – ұйқы. Яғни, ағзаңыз шаршап, ұйқы же­тіспей жүрген болса, ораза ұстау қиын. Сондықтан белгілі бір ре­жимді ұстап үйреніңіз. Рамазан айы келгенде, азық-түлік алып, барынша дайындалыңыз. Рацион­да пайдалы көмірсу, май, ақуыз болмаса, керісінше, ораза кезінде ауру асқынады. Байқасаңыз, ораза басталған бір апта ішінде емханаға ұйқы безіне, асқазан ауруына ша­ғымданып келетіндер көп. Дені – сәресіге су ішіп, ауызашарда жоқ­тан өзгені ішіп-жейтіндер.

Оразаға дайындық керек

Оразаның тек сауап жинау үшін емес, медициналық тұрғыдан да пайдасы орасан зор. Бірақ тамақ­тану рационы дұрыс болмаса, ауру асқынып кетеді. Бұл – дәлелденген факт. Сол үшін тамақтануға аса мән берген абзал. Әсіресе, сәресі кезінде тамақ барынша құнарлы болғаны жөн. Күні бойы энергия­ның дұрыс жұмсалуы үшін ра­ционда бірінші кезекте май мен ақуыз керек. Көмірсу тапшылы­ғынан гөрі ағзада алдыңғы екеуінің азы байқалады. Май мен ақуыз жеткілікті болса, тоқ жүресіз. Бұл қандағы қанттың деңгейін бірқа­лыпты ұстап тұрады. Ал тамақ­та­нудың көп бөлігі көмірсудан тұ­ратын болса, тез ыдырап кетеді де адамның қарны аша береді. Әсе­рінен бас айналу, әлсіздік, қан қысымы төмендеп кетуі мүмкін. Ауызашар сәресіге қарағанда не­ғұр­лым жеңіл болғаны дұрыс. Кө­бінесе, сорпа ішіп, салат жеген пай­далы. Айталық, ауызашарға бар­ғанда тамақты талғап жеңіз. Өйт­к­ені дастарқанда тәттіден бас­тап, ауыр тамақ түрлеріне дейін сам­сап тұрады. Содан өзімізді шек­тей алмай жатамыз. Осы тұста қан­дай тамақ жеуге болып-болма­сын саралайтын білім керек. Мә­селен, оразаның алғашқы күні ағзамызда тамақ қоры жеткілікті болған соң жеңіл өтеді. Қалған күндері де сергек жүру үшін төмен­дегі қателіктерді жасамаңыз. Та­мақты зиянды майға қуырмай, пайдалы май қолдануға тырысы­ңыз. Сәресіге дейін ұйықтамай жү­ру де ағзаға зиян. Ұйқы режимін сақтау – міндет. Одан қалса, сә­ре­сіге кеш тұрып, асығыс-үсігіс та­­мақтанып немесе мүлде тамақ­тан­бау – организмге соққы. Ауыза­шар уақытында бірден тамаққа бас қоюдың да кері әсері бар. Тойып тамақтанып, артынша газды сусын ішсеңіз, жағдайды тіптен қиын­датып аласыз. Ауызашардан кейін қимыл-қозғалыссыз жату, бірден ұйық­тап қалу дұрыс емес. Одан бө­лек, күнделікті су ішу нормасын орындауды ұмытпаңыз. Жеміс-жидекті аз немесе көп жеудің де аралығы бар. Ешкі сүті, айран, шұ­бат, қымыз сияқты пробио­тик­ке бай сүт өнімдерін рационға қо­сыңыз. Тәттіден бас тартып, ауыз­ашар уақытында көк шөпті, жеңіл қорытылатын тағам тұтыныңыз.

Уақытылы ұйқы да ем

Негізі, оразаның қалай өтуі ауыз бекіткен адамға байланысты. Жо­ғарыда айтқанымдай, кейбірі ораза кезінде ауруын асқындырып алуы мүмкін. Кейбірі тазарып, же­ңілдеп қалғанын айтады. Екі жағ­дайда да ағзаны тазалап, детокс жа­саған дұ­рыс. Себебі ашығуға әб­ден үйренген ағза тазалануға са­қадай-сай тұрады. Ал ағза тазалау – көптеген ауруға оң әсер беретін процесс. Сол үшін жы­лына екі рет детокстан өтсеңіз, денсаулық ке­пілі болары анық. Осын­дайда ора­задан кейін ағза тазалайтын болса­ңыз, екі есе жақсы нәтижеге жете­сіз. Біріншіден, ораза кезінде ауто­фагия процесі іске қо­сылады. Ағзада патогенді пара­зит­тер, кан­дида, шартты патогенді флора өле­­ді. Өлген кезде ағзаға көп мөл­шерде токсин бөлінеді. Осы токсин ағзадан шығуы үшін мей­лінше детокс курсынан өткен абзал. Ауры асқынып кеткен адамдар де­токс кезінде үш уақыт тамақтанады. Бірақ бұл жерде жейтін тамақ түрі өзгереді. Тағам ем-дәрі сияқты әсер етеді. Көпшілік дәрі ғана организм­ді емдейді деп ойлайды. Организмді дұрыс ұйқы да емдейді. Уақытылы, мөлшермен су ішу де ағзаға көмек. Режим дұрыс болса, ем тез әсер етеді. Жалпы, детокс процесі ба­уыр­да жүреді. Оның үш фазасы бар. Негізі, адам ағзасына сырттан тү­сетін токсин түрі көп. Токсиндер ағ­заға ауа, су, зиянды тамақ, хи­мия­лық зат пен киім арқылы түседі. Осыны тазалау үшін бес канал іске қосылады. Олар – тері, бүйрек, бауыр, өкпе мен ішек. Дегенмен токсин мөлшері көп болған соң, аталған бес каналдың да шамасы жетпей жатады. Осылайша, зиянды тамақ ішекті зақымдап, қабырға өткізгіштігін бұзады. Токсин жи­налған соң, ішек бүрлерін зақым­дайды. Қанға өткен токсин иммун­ды клетканы бұзады. Ішектің мимен байланысын сараптасақ, бұл ойлау жүйесіне кері әсер етеді. Сондықтан белгілі бір мерзімде ағзаны тазалап тұруы керек. Сәй­кесінше, детокс­тың бірінші ап­тасында ағза ток­синнен тазарады. Екінші аптада организмде бұрын­нан жиналып қалған токсинді «жібітіп», сыртқа шығарамыз. Үшінші аптада қай­тадан ағзаны қалпына келтіреміз.

«Өтім толды» дейміз-ау...

Ал тюбаж – өттің іркілісін емдеуге, ағзадағы токсинді шы­ғаруға, бауыр өзекшелерін таза­лауға арналған емдік шара. Бұл екі жолмен іске асады. Біріншісі, зонд­пен арнайы клиникада, шипа­жайда жасалады. Екіншісі, дәрігер бақылауымен үй жағдайында жа­салады. Тюбаж кезінде ағзадан ермексаз тәрізді жасыл зат шығады. Ол – өт тазарғанының белгісі. Сон­дықтан детокс кезінде арнайы көр­сетілімі бар науқасқа тюбаж жа­сатамыз. Айта кетерлігі, көп адам­ның тюбажға қарсылығы бар. Тюбаж дәлелі медицинада дәлел­денбеген деп қарсы шығып жатады. Бірақ бұл дәстүрлі емес, меди­ци­наға жатады. Мұның шынымен де эффектісі бар. Тюбаж – өте күшті процедура. Қысқа уақыт ішінде ағза тазалаудың басқа жолы жоқ. Басқа жолын таңдасаңыз, ұзақ уақыт препарат қабылдауға тура келеді. Бұл шамамен 3-6 ай уақыт алады. Оның үстіне, бауыр мен өтке арналған дәрі қымбат тұра­тыны тағы бар. Көпшіліктің уа­қытылы дәрі ішпейтінін де қосы­ңыз. Қызығы, «өт толған» деген диаг­ноз қойса, бәрі қалыпты жағ­дай сияқты қабылдайды. Шын­туайтына келгенде, өт толғаны – ағзаның уланып жатқанын «ай­тып», дабыл қаққаны. Уланып жатқан соң ағзада түрлі сырқат дамиды. Мысалы, аутоиммунды аурулар, онкологиялық аурулар қайдан шығып жатыр? Оның түп тамыры осы жерде жатыр. Егер адам жас кезінен бастап организмін күтетін болса, қатерлі дерттің алдын алуға болады. Әрине, ешкім сақтандырылмаған. Десе де, адам қаншалықты шамасы жетсе, сон­шалық денсаулығын күткені абзал.

Мәселен, детокс кезінде эли­ми­нациялық диета ұстаймыз. Та­маққа шектеу болады. Жеген та­мақ­тың бәрі ағзаны емдеуге ба­ғытталады. Расымен, үнемі ағзаны тазалап тұрса, өт толмайды. Егер де ағзаны тазалап, одан кейін қо­сым­ша препарат қабылдап, рационнан зиян өнімдерді алып тастаса, аллер­гия өршімейді. Ал енді бір рет детокстан өтіп «аллергиядан құ­тыла аламын ба?» деп сұрайтындар жетерлік. Детокс біткесін қалай болса, солай тамақтанатын болса, қайтадан аллергия басталады. Айтарым, өзіңмен күрес өлгенше. Денсаулық үнемі еңбекті талап етеді. Бір рет ағзаны тазалап тастап, түн жарымында ұйықтап, чипсы мен шоколад жеуді жалғастырсаңыз, бұрынғы қалыпқа түсесіз. Жалпы, тәжірбиемде детокстан өткендер зиянды тамақтан бойын аулақ ұстай бастайды. Пайдалы, сауатты та­мақтануға тырысады.

Интервалды ашығудың пайдасы

Өз басым аптасына екі рет ин­тервалды ашығу жасаймын. Себебі ашығу кезінде аутофагия процесі жүреді. Аутофагия сөзі auto – «өзін», phagy «жеу» деген мағына білдіреді. Яғни, ағза қызметін жой­ған өлі клеткаларды өзі тазартады. Егер өлі клеткалардың титры жо­ғарылап кететін болса, түрлі ауруға әкелуі мүмкін. Аутофагия процесі іске қосылуы үшін ашығу уақыты сегіз сағаттан жоғары болғаны дұ­рыс. Уақытына байланысты интер­валды ашығу 20/4, 16/8, 4/10 болып бөлінеді. Мысалы, 16/8 ашығуды алсаңыз, таңғы асыңыз сағат 8-де болса, келесі тағамды 16:00-де қа­былдайсыз. 16 сағат аш жүресіз. Осы уақыт аралығында суды көбі­рек ішкен дұрыс. Себебі ашығу кезінде ағзада зиянды бактерия, па­разит, кандида өледі. Сәйке­сін­ше, өлген кезде көп токсин бөледі. Осы токсиндерді шығару үшін судың мөлшері көп болғаны жөн. Интервалды ашығу инсулинре­зистенттіліктен, артық салмақтан арылуға жақсы көмектеседі. Өйт­кені біз ашыққан сайын клетканың инсулинге сезімталдығы артады. Интервалды ашығуды аптасына екі рет, тіпті күнде қолдануға болады.

Жалпы, медицина дамыған сайын бұрын зиян деген нәрсе қазір пайдалы болып жатыр. Немесе, керісінше, бұрын пайдалы деп келгеніміз қазір – зиян. Бұл – заңдылық. Жалпы, тамақты түтіндеу нүктесі жоғары майда дайындаған дұрыс. Оған ГХИ майы, жануар майы, құйрық май, малдың іш майы, тауықтың майы, қаздың майы жатады. Ал басқа өсімдік тектес майлар күнбағыс, зәйтүн майының түтіндеу нүктесі төмен. Өйткені жоғары темпера­тураға жеткен кезде қандай да бір өзіне зиянды заттар бөле бастайды. Айтарым, дұрыс тамақтану – ағза саулығының кепілі. Біразы қымбат деп жатады. Байқасаңыз, бәліш алуға жұмсайтын бес-алты мың теңгеге бірнеше келі көкөніс пен жеміс сатып алуға болады. Әрине, таңдау өзіңізде.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Конгресс заманауи құрылғы ұсынушылар мен кәсіби мамандар арасында алтын көпір болды
Кеше, 17:05

Конгресс заманауи құрылғы ұсынушылар мен кәсіби мамандар арасында алтын көпір болды

Конгрестің мақсаты  – медициналық құрал-жабдықтаруды ұсынушы, жеткізуші тарап пен соны күнделікті өмірде қолданатын кәсіби мамандар арасында алтын көпір болу
Панедемия кезіндегі және одан кейін мәселелерді шешудің жолдары
Желі қолданушылары оған көңіл айтып жатыр
АҚШ басылымы сотта көрсетілген жантүршігерлік кадрларды сипаттаған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →