Өтініш берілмесе, қаражат «жойылып кетуі» мүмкін: Отбасы банк дабыл қақты

Qaz365.kz редакциясы
Фото: pixabay.com

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында Отбасы банк арқылы зейнетақы жинағындағы артық қаражатын пайдалануды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға өтініш беруді кейінге қалдырмауға кеңес беріледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Банк мәліметіне зер салсақ, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектері жақын арада, шамамен мамыр айында қайта қаралуы мүмкін. Егер бұл шектер көтерілсе, мерзімінен бұрын пайдалануға болатын қаражат азаюы мүмкін. Ал кейбір салымшылар үшін мүлде қолжетімсіз болып қалуы ықтимал.

Отбасы банк зейнетақыдағы артық қаражатты БЖЗҚ-дан банктегі арнайы шотқа аударып, оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға болатынын еске салды.

Өтініш беру үшін ЭЦҚ алу, NCALayer бағдарламасын орнату, БЖЗҚ жеке кабинетінде қолжетімді соманы тексеру, Отбасы банктің мобильді қосымшасы немесе видеобанкинг арқылы арнайы шот ашу қажет. Бұдан кейін enpf-otbasy.kz платформасына кіріп, өтініш рәсімделеді.

Банк рәсімдеу үдерісі белгілі бір уақыт алатынын ескертеді: өтініш беруге екі жұмыс күніне дейін уағыт кетеді. Ал қаражаттың түсуіне үштен бес жұмыс күніне дейін, құжаттарды тексеруге және аударым жасауға он жұмыс күніне дейін уақыт кетуі мүмкін.

2026 жылға арналған қолданыстағы шектерге сәйкес, ең төменгі жеткілікті қаражат жас ерекшелігіне қарай 3,72 млн теңгеден 10,7 млн теңгеге дейін өзгеріп отырады. 20 жастағылар үшін шек — 3,72 млн теңге, 30 жастағылар үшін — 5,12 млн теңге, 40 жастағылар үшін — 6,72 млн теңге деңгейінде белгіленген.

Егер жаңа өзгерістер күшіне енсе, зейнетақы жинақтарындағы артық қаражат қайта есептеледі. Сондықтан банк қолжетімді қаражаты бар салымшыларға жинақтарын алдын ала тексеріп, шектер өзгергенге дейін өтініш беріп үлгеруді ұсынып отыр.

Айта кетейік, Шымкентте блогер Арай Есенбекті сот бопсалау дерегі бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.