Шымкентте блогер Арай Есенбекті сот бопсалау дерегі бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға былтыр қараша айында басталған. Ол кезде Шымкент қаласының бұрынғы әкімі аппаратына қарасты баспасөз қызметінде жұмыс істеген медиа маман Арай Есенбек ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін ол мемлекеттік қызметтен кеткен соң жеке медиажоба ашып, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жұмыс істеген. Яғни ресми тілмен айтқанда, жағымды ақпараттық материалдар әзірлеуге бюджет есебінен қаржы алған.
Алайда уақыт өте келе блогердің мемлекеттік органдардан түсетін қаржы көлеміне көңілі толмай, жағдай шиеленісе түскен. Тергеу деректеріне сәйкес, ол таныс мемлекеттік қызметкерге хабарласып, өз материалдарында теріс ақпарат жариялайтынын айтып, 10 миллион теңге талап еткен.
Бұл келіссөздердің жазбасы бұған дейін жарияланған.
Мемлекеттік қызметкер бастапқыда талапқа келісіп, кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Ақша беру сәтінде Арай Есенбек ұсталған.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі бойынша (бопсалау) кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Қостанай қаласының орталығында полицияның қызметтік көлігі жол апатына ұшырады.