×

Көрісу қандай мереке

Тіл мамандары бұл дәстүр жайлы айтып берді

Көрісу қандай мереке
egemen.kz

Бүгін елімізде көрісу күні тойланып жатыр. Тіл мамандары бұл дәстүр жайлы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли "жеті амалды" қазақтың байырғы экологиялық түсінігіне сай жыл мезгілдерінде тұрақты қайталанып отыратын табиғаттағы ерекше құбылыстардың жиынтық атауы деп көрсетеді. Ерте кезде есепшілер жеті амалға табиғаттың мына құбылыстарын жатқызған: күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, Айдың тоғамы, тоқсанның кіруі. Бұл амалдардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктері мен белгілері болған.

«Батыс Қазақстан аумағында 14-15 наурызда көрісу дәстүрі бар. Бұл күні олар ағайын-туыс, дос-жаранға қонаққа барып, әртүрлі тарту жасайды. Көрісудің қалыптасқан әдебі бар. Ер адамдар қос қолдап төс соғыстырады, әйелдер жағы құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру "өмір тірегім - төсім, тіршілік көзім - екі қолым аман-сау болсын" дегенді білдіреді. Наурыз мейрамын мерекелеудің дәстүрлі атрибуттарының ішінде көрісу, наурызкөже, ұйқыашар, самалық айту, дір еткізер, селт еткізер секілді рәсімдер мен ұлттық тағамдар бар», - деп түсіндіреді тілші-ғалым.

Ғалым «көрісу» сөзінің лингвистикалық сипатын былай көрсетеді:

1. Амандасу, сәлемдесу;

2. Көптен бері бірін-бірі көрмей, сағынышпен қауышқан адамдардың амандасуы, дауыс шығарып жылап жүздесуі.

3. Қаза болған адамға көңіл айтып, жылап, құшақтасып көрісуі.

4. Ұзатылатын қыздың төркін жұртымен қоштасып жылауы, сыңсу айтуы.

«Көргеніміз – көріскеніміз» - талайдан бері кездесе алмай жүрген адамдардың бірін-бірі көріп, құшақ жая қауышпаса да, аман-сау жүргенін біліп отыруы. Ал «көрісу» деген бірлікпен тіркестіре айтылатын «көрісуге жазсын» деген тілек тағдыр бізді көрістірсін, тағы кездесуге жазсын деген мағынада айтылады екен.

Ал Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Өтебаева «амал» сөзі туралы былай дейді:

"Амал - жыл мезгiлiнiң тұрақты түрде қайталанып тұратын күн райының ерекше құбылыстарымен байланысты кезi. Яғни бір жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағида бойынша қалыптасқан болжамдардың атаулары мен реттері”.

Оның айтуынша, ертеде әр айдағы ауа райы мен табиғаттағы өзгерістерді, құбылыстарды ұдайы қадағалап, болжап және оны алдын ала хабарлап отыратын есепшілер болған. Қыстың суық не жайлы болатынын, көктем мен жаздың қалай өтетінін, жауын-шашын мөлшерін шаруа адамы есепшілерден сұрап-біліп отырған. Малшы қауым үшін мұндай болжамдардың маңызы зор болған. Малшылар әр айдағы амалдардың қалай өтетінін осы болжамдар арқылы шамалап отырған. Амалдар наурыз айынан басталалған. Олар: құс қанаты, тобылғы жарған, қызыл жұмыртқа, Құралайдың салқыны, Үркердің толғағы, таразының тууы, сүмбіленің тууы, қараша қаздың қайтуы, қырбастың қызылы, теке бұрқылдақ, Бөрісырғақ, теке бұрқақ т.б.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ
23.04.2024ж. 14:11

Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ

Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ
Ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен сұхбат

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →