×

Қостанайда бірінші сыныпқа барған баланың 71% орыс тілінде оқуды таңдаған

Қостанай облысында 112 қазақ, 227 орыс, 115 аралас мектеп бар

Қостанайда бірінші сыныпқа барған баланың 71% орыс тілінде оқуды таңдаған
Ашық дереккөздерден

QAZBILIM Ұлттық лицейінің директоры әлеуметтік желіде осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Міне, біздің оқу ағарту министрлігінің жұмысының тағы бір "керемет нәтижесі!" Биыл 1 қыркүйекте 10 384 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Осы балдырғандардың 71 пайыздан астамы орыс сыныптарына қабылданған. Қалған 29 пайызы ғана қазақ мектебіне барады.

Айтпақшы, Қостанай облысы білім басқармасы басшысы да мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкер! Оған да қазақ тіліндегі мектептер аса қызық емес! Ал, министрлікке бәрібір, не болса да, бастарын құмға тығып отыра береді! Қостанай облысы әкімдігіне де бәрібір шығар, бас ауыртып не істейді?» – деп жазған Аятжан Ахметжанұлы өз парақшасында.

Автордың айтуынша, Қостанай облысында 454 мектеп бар. Оның 112-сі ғана қазақ тілінде, 227 мектеп таза орыс тілінде, 115 аралас (орыс және қазақ тілінде оқытатын) мектеп бар. Орыс мектептерінің 60 пайызын өзіміздің қаракөз балалар толтырған.

«Осындай өңірге барып ұлттық мектеп ашып жүрген менікі ерлік пе, алаңғасарлық па? Біз таза қазақ тілінде оқытатын QAZBILIM Қостанай ұлттық лицейіне бала таппай отырмыз. Жұрт қайда десек, орысша оқиды екен. Ағайын не істейміз? Қалай ел боламыз? Біз өзі тәуелсіз Қазақстан бола аламыз ба?» – дейді ашынған ұлт жанашыры.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →