Оның ішкі ағзалары – жүрегі, бауыры мен бүйрегі 3 науқасқа салынған
Солтүстік Қазақстан облысының 62 жастағы тұрғыны донор болып, үш адамға өмір сыйлады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
“Елімізде 100-жүрек трансплантациясы жасалды. Ми өлімі тіркелген азаматтың туыстары мәйіттік донорға келісім беріп, жүрегі, бауыры мен бүйрегі 3 науқасқа салынды. Алматылық 54 жастағы Әлібек Тоғызбаевқа бір апта бұрын еліміздегі 100-жүрек трансплантациясы жасалды. Қазір жағдайы жақсы,оңалып келеді. Өзгеге өмір сыйлаған донор – Солтүстік Қазақстан облысының 62 жастағы тұрғыны”, – делінген минтстрлік хабарламасында.
Жүрегіне ота жасалған алматылық тұрғын дәрігерлер мен донорға алғыс айтып, қуанышты еккнін айтып жеткізді.
“Бірінші аллаға, екінші сол кісіге, үшінші осы дәрігерлерге алғысымды айтамын. Төрт жыл бойы жасанды жүрекпен өмір сүрдім. Енді кеудемде сол кісінің жүрегі соғып тұр. Қатты қуаныштымын”, – деді жүрегіне ота жасалған Әлібек Тоғызбаев.