×

Жақындарымыз шығып қала ма деп, үйіндінің қасынан кетпейді - журналист

Егер жер сілкінісі болғанын білмеген бір адам сырттан келсе, мынау қаңғыбастар қаласы екен ғой, қаңғыбастар не деген көп деп ойлап қалар еді

Жақындарымыз шығып қала ма деп, үйіндінің қасынан кетпейді - журналист
ашық дереккөзден

Қазақстандықтар Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 3,6 миллион доллар жинады. Бұл туралы Түркия Елшілігінің хабарламасында айтылған. Қайырымдылықтың жалпы көлемі 3 миллион 616 мың АҚШ долларға жеткен.

Qaz365.kz редакциясы дәл қазіргі уақытта Түркияның жер сілкінген аймағында жүрген қазақстандық журналист Әмірболат Құсайынұлымен тілдесті.

- Әмірболат, Түркияда жер сілкінісі болған аймақта жүрсіз. Бүгін 11-ші күн. Дәл қазіргі ахуал қалай?

-  Халық кез келген көмекке мұқтаж. Егер жер сілкінісі болғанын білмеген бір адам сырттан келсе, мынау қаңғыбастар қаласы екен ғой, қаңғыбастар не деген көп деп ойлап қалар еді. Ол қаңғыбастар емес, жер сілкінісі салдарынан баспанасынан айырылған, үйіндінің қасынан «жақындарымыз шығып қала ма, тым болмаса мүрдесі шыға ма» деген оймен кете алмай тұрған, көздерінде мұңы бар, шаршаған халық. 

10-11 күн болды, шатырда қонып жүргендерді көзімізбен көріп отырмыз. Оларға ас та батпайды, арасында жылап, жоқтап қояды. Іште баласына, немересіне, әйеліне, күйеуіне деген мәңгі сағыныш бар. Материалдық жағы біртіндеп реттелер, Үкімет 1-2 жылда баспана салып берер, халық гуманитарлық көмек көрсетер, бірақ олардың ішіндегі қайғы-мұң өле-өлгенше кетпейді. Қапыда кеткен туысы, жақыны, баласы, немересі, шөбересі, ағайыны, інісі, әпкесі өліп кеткен мыңдаған адамға деген халықтың қайғысы өле-өлгенше іштерінде болады. Сондай мұң бар халықтың көзінде. Ал қазіргі сәтте халық тұрмысттық заттарға мұқтаж. Оны өздері де, билік те айтып жатыр.

- Халыққа қазір қандай көмек керек?

-  Халық ашулы, мұңды. Барамыз, көңіл айтамыз, жағдайын білеміз. Содан кейін барып тілге келеді, ішіндегіні ақтарады. Бірден жетіп барып, камераны бас салып, бізге сұхбат бер деуге болмайды. Қайғырып отырған адамдарды түсірген ыңғайсыз ғой. Түрік халқы бірлігі бекем халық екен. Бірден орналасатын жерін дайындап, қазақ үйлерге интернет тартып жатыр. Барған қазақтар қазақ үйді түгелімен дайындап береді. Суы, оты, қазаны, ошағы, гигиеналық заттары, төсегі, кілемі, орамалы, іш киіміне дейін беріп жатыр. Халық мұндай көмекке зәру.

- Әлеуметтік желілерде «киіз үй қажет пе?» деген пікірді де айтып қалғандар бар.

- «Неге олар суретке түсіргенше көмектеспейді» деп жазыпты біреу. Олай емес, қауіпті жерге жай халықты жібермейді. Ауыр бетонды қолмен көтере алмайды, темірді, арматураны шығара алмайды. Ол жерге кіруге кәсіби мамандарға ғана рұқсат етілген. Сондықтан әркім өзінің қолынан келетінімен ғана айналысуы керек. «Қазақ үй керек емес» деген бос сөз. Шатырда жатқан адамдарды көрдік. Баламен қыстың күні шатырда  түнеу қандай ауыр? Мемлекет киіз үйге деп,  100 миллион бөлінген жоқ, халық 20 миллион жинап берді. Соған келген қазақ үй бұл. «Оған экскаватор керек, анау керек, мынау керек» дегендерге айтарым – ешкім олардың қолын байлап отырған жоқ.  Ұйымдастырып бер, керек нәрсемен қамтамасыз ет. Қазақстан Үкіметі миллион доллар бөлді. Соған түрік ағайындар экскаватор ала ма, басқа бірдеңеге жұмсай ма, өздері біледі. Ал әркім қолынан келетінін істеу керек. Қазақстанннан келген дәрігерлер, фельдшерлер жүр. «Қолымыздан қазу, шұңқырға түсіп, адамдарды шығару келмейді. Менің қолымнан келетіні – ауырғандарға дәрі беру» дейді. «Қазақстан халқының атынан көмек келген екен, біз де қол ұшын берейік» деп, Жезқазған, Қарағанды, Екібастұздан, Стамбұл, Анкарадан жас жігіттер келіп жатыр. 

- Әмірболат, Түркияға барған сәтте 80 мыңдай адамның үйінді астында жатқанын айтып қалдыңыз. Осыған ұқсас сандарды Түркияның өз ішіндегі кей ұйымдары да айтып жатыр. Соңғы деректер қандай?

-  Нақты адам санын ешкім білмейді. Бірақ кез келген тұрғынмен сөйлессең, жақынын жоғалтқан, таппаған. Алдында 80 000 адам үйінді астында қалуы мүмкін деп айтылды ғой. Әрине, адам аштықтан өліп кетпейді он күнде, бірақ сыз жерде суық тиіп өліп кетуі мүмкін, алған жарақаты асқынып, өлуі мүмкін. Көп адам өлі шығып жатыр. Адамдардан сұрасаң, өлгендер саны бұл статистикадан көп деп айтады. Біреулер 100 мыңнан асады дейді, біреулер 200 мың дейді, біреу 80 мың дейді.  Халық жергілікті ауа райын жақсы біледі ғой. Халық өліктің иісін сезіп жатқанын айтады.

- Әңгімеңізге рахмет! Аман-есен елге оралыңыздар.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →