×

Даудың басы – Қарасор: Павлодарлық кәсіпкер облыс әкімі Байхановты рейдерлік жасады деп айыптады

Кәсіпкер кәсібін дамытудың орнына соттан сотқа шақырылып шаршап жүр

Даудың басы – Қарасор: Павлодарлық кәсіпкер облыс әкімі Байхановты рейдерлік жасады деп айыптады
Qaz365.kz коллажы

Qaz365.kz редакциясына Павлодар облысынан жүгінген кәсіпкер Өнербай Әбжанов өңір басшысы Асайын Байхановтың өзінен теперіш көріп жүргенін айтады. Сөзінше, өңірдегі көлдердің біріне ол әбден инвестиция салып, енді ғана қызығын көрем деп отырғанда, облыс басшысы оны басқа біреуге беру жөнінде қаулы шығарған. Соттасып жатқан кәсіпкер осы жайтты түсінбей дал.

«Суға кеткен тал қармайдының» керімен редакциямызға жүгінген себебі де сол еді.

Кәсіпкер не дейді?

Павлодар облысының кәсіпкері кәсібін дамытудың орнына соттан сотқа шақырылып шаршап жүр. Олар біздің бизнесімізді тартып алуға облыс әкімінің өзі мүдделі дейді.

Кәсіпкер Әбжанов «БорАртЛес» атты компаниясы арқылы Май ауданы Қазан селолық округіндегі Қарасор көлін 47 жылға жалға алып, балық шаруашылығы кәсібін бастаған. Көлді зерттеп, қымбат балық тұқымдарын өсіруге бет бұрғанда рейдерлік шабуылға ұшырадым дейді. 2022 жылы облыстық балық инспекция бөліміне көл-тауарлы балық шаруашылығы бойынша (КТБШ) құжат өткізбекші болады. Тартылатын инвестор бәрі дайын болған. Балық инспекциясы бөлімі КТБШ-ға өтініш берген күннің ертеңінде «БорАртЛеспен» екіжақты келісімнің күшін жою жөнінде хабарлама жеткен.

«БорАртЛес» бұған келіспей, іс сотқа жетеді. Сол екі жыл ішінде бес сот болып, аяғында кәсіпкерлер жеңіп шығады.

«Ең қызығы алда! «БорАртЛес» пен облыстық балық инспекциясының арасында көлге байланысты сот жүріп жатады. Әлі заңды иесі нақтыланбаған. Сол даулы көлді бір сот пен бір соттың арасында облыс әкімі Асайын Байханов «Қожабековке» атты жеке кәсіпкерлік субъектісіне беру жөнінде қаулы шығарған! Облыс әкімінің өзі заңды бұзып, «рейдерлікті» заңдастырып отыр! Әлі сот шешімі шықпаған жерді әкім қалай Қаулы шығарып басқа қожалыққа береді?» - дейді кәсіпкер.

2020 жылы «Бәйтерек» шаруа қожалығы су астында жатқан, яғни көлдің астындағы жерді шабындыққа және жайылымға деп, Май аудандық әкімдігінің жер қатынасы бөлімі арқылы заңдастырып алған дейді кәсіпкер. «БорАртЛес» екі жыл соттасып жүріп, ол жердің ешқандай жайылым да емес, шабындық та емес, көл екенін сот арқылы дәлелдеп, көлді қайтарып алған.

«Енді міне тағы да, сол оқиға қайталанды. Екі жағдайда да мемлекеттік мекемелер заңды біле тұра бұзып отыр! Бұл жерде ең басты кінәлі Павлодар облыстық әкімдігі мен облыстық балық инспекциясының бөлімі. Олар қызмет бабын асыра пайдаланды деп ойлаймын. Әйтпесе, иесі әлі нақтыланбаған, сот шешімі шықпаған көлді қалай облыс әкімі қаулы шығарып бекітіп береді?» – дейді «БорАртЛес» ЖШС директоры Өнербай Абжанов.

Әкімге сауал хат

Журналистиканың алтын діңгегі – бір жерден дау шықса, оны тыңдап, екінші жақты да сөйлету. Біз осы қағидаға сәйкес, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа сауал хат жолдағанбыз. Мұндағы мақсат төмендегі екі сұраққа жауап алу еді:

– «БорАртЛес» ЖШС мен облыстық балық инспекциясының арасында көлге байланысты сот процесі жүріп жатқан уақытта (яғни, көл иелігі айқындалмай жатқан кезде) Қарасор көлі қалайша Ернұр Қожабековке беріліп кетті? Сіздің шығарған бұл қаулыңыз заңға қайшы деп есептемейсіз бе? Сондай қаулы шығаруға қандай негіз бар?

– Сіздің Ернұр Қожабековпен туыстық қатынасыңыз бар ма?

Жауап редакцияға шамамен екі аптаға жуық уақыттың ішінде келді.

Жауапта не делінген?

Әкімнің редацияға жолдаған жауабында Қарасор көліне өтінішті Е.А. Қожабеков 2023 жылдың қазан айында бергенін жазады. Бұл өтінішті ережеге сәйкес, инспекция қалыптастырған комиссия қараған. Комиссия құрамына уәкілетті органның немесе ведомствоның аумақтық бөлімшелерімен, облыстың жергілікті атқарушы органының, ғылыми ұйымдардың, аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастықтарының, сондай-ақ балықшылар мен балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері кірген.

«Осы өтінішті қарастрырудың қорытындысы бойынша комиссия 2023 жылғы 17 қарашада Е. А. Қожабековке балық шаруашылығын жүргізу құқығын беру және онымен тиісті шарт жасасу туралы шешім қабылдады. Осылайша, комиссияның шешіміне және «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан заңының 10-бабы 2-тармағының 4-тармақшасына сәйкес облыс әкімдігі Қарасор көлін бекіту туралы қаулы қабылдады. Комиссия мүшелеріне осы су айдынына қатысты бұрынғы пайдаланушымен - «БорАртЛес» ЖШС-мен сот талқылаулары туралы инспекция тиісті түрде хабардар етпеген, осыған байланысты Е. А. Қожабековтың өтініші бойынша оң шешім шығарылды», - делінген жауапта.

Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен арасындағы сот-шағым жұмысы «БорАртЛес» ЖШС жалғасып жатыр. Сот ісі аяқталмаса да, облыс билігі әкім Қарасор көлін Е. А. Қожабековке бекіту туралы қаулысы жарамды болып саналатынын хабарлайды.

«Павлодар облысының әкімі А. К. Байханов пен өтініш беруші Е. А. Қожабеков арасында туыстық байланыс жоқ», - делінген жауапта.

Осылайша, Қарасор көлінен шыққан даудың нүктесі қойылмай тұр. Расында да, егер сот процесі бітпей жатқан уақытта әрі сот ісі дәл сол көлге байланысты болып жатқанда облыс әкімі қалайша қаулы шығарып, екінші кәсіпкерге көлді беріп жібереді? Бұл қаншалықты заңды?

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →