×

Нар тәуекел ме, нартәуекел ме - тіл мамандары жауап берді

Даулы мәселенің мәнісі

Нар тәуекел ме, нартәуекел ме - тіл мамандары жауап берді
Ашық дереккөздерден

Кеше, 18 ақпанда, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу науқаны басталды. Осыған орай AMANAT партиясының басты ұраны – Нар тәуекел сөзінің жазылуы әлеуметтік желі пайдаланушыларының арасында пікірталас туғызды. Дауласушы тараптардың бірі нартәуекел болып бірігіп жазылады десе, екінші жағы нар тәуекел болып бөлек жазылады деген пікірді ұстануда.

Qaz365.kz тілшілері даулы мәселеге орай тіл ғалымдарының пікірін білген еді.

 

Құралай Күдеринова, Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор:

- Нар тәуекел сөзі осыған дейін кәдімгі поэтикалық, эмоционалды-экспрессивті фразеологизм ретінде өмірге келген. Ондай жағдайда сөздер бөлек жазылады. Яғни тәуекелдің үлкені, нары деген экспрессивті мағынасында ол бөлек жазылғанды қалайды.

Бірақ бұл сөз қайта-қайта, жиі айтыла келе, өзінің күшейткіш реңкінен айырылып, бірімен бірі қосылғанда ғана бір нәрсеге басын тігу, тәуекел ету дегенді білдіреді де, қазіргі бүкіл жазарманның санасында бірге таңбаланып кеткен. Сондықтан бұл 2013 жылға дейін бөлек жазылып келді. Енді жаңа латын әліпбиінде ол бірге жазылатын болады.

 

Анар Фазылжан, Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.к.:

- 2013 жылғы орфографиялық сөздікке сүйенеміз. Онда бұл сөз бөлек жазылған. Ал енді біріктірсек пе деп тұрмыз. Себебі бұл сөз дефразеологизацияланып кетті. Яғни бұған дейін бейнелі қолданыс - фразеологизм еді ғой, енді ол бейнелілігінен айырылып, тәуекелдің бір мықты түрін көрсетіп кетті. Оны дефразеологизация дейді, сондықтан болашақ сөздікте бірге жазамыз. Жаңа сөздік әлі шыққан жоқ, бірақ баспаға дайын тұр, шықса, бірге жазылады. Бірақ қазіргі сөздікте ол бөлек жазулы тұр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →