×

Төрт айда Қазақстан экономикасы 5%-ға өсті

Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр

Төрт айда Қазақстан экономикасы 5%-ға өсті
Ашық дереккөздерден

Биыл 4 айда былтырғы қаңтар-сәуірімен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 5% өсті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 16 мамырдағы Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның ішінде нақты сектордағы өсу 4,8%, ал қызмет көрсету саласындағы өсу – 4,9% болды. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр. Әсіресе, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті.

"Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18% болды. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 39,3%-ке, ауыл шаруашылығында – 26,5%-ке, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 10%-ке, сондай-ақ өнеркәсіпте – 18,1%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 17,3%-ке және өңдеу өнеркәсібінде – 7%-ке өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды", – деді Әлібек Қуантыров.

Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 13,4%-ке өсіп, 32,7 млрд. долларды құрады. Экспорт 18,7 млрд. долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 8,1%-ке ұлғайып, 5,9 млрд. долларға жетті. Тауарлар импорты 14 млрд доллар болды.

Жалпы оң сауда балансы 4,8 млрд. долларға тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 5,1%-ке өсті. Көрсеткіш өсуі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 35,9%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 41,2%-ке, электр жабдықтарын жасаудың – 45,6%-ке өсуі қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 7,7%, мұнай өңдеу өнімдері – 2,8%, химия өнеркәсібі – 0,5%, сусындар өндірісі – 6,9%, фармацевтика өндірісі – 3,6%, жеңіл өнеркәсібі – 34,9%.

"Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2%-ке жоғарлады. Бұл ретте газ өндіру – 4,4%-ке, мұнай өндіру – 3,2%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 20,6%-ке өсті. Металл кендерін өндіру – 0,8%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 1,9%-ке, көмір өндіру – 9,9%-ке төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,4%-ке ұлғайды. Барлық өңірлерде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Абай, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында байқалды", – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 10 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды.

Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға мына шараларға назар аудару ұсынылады:

1. Инфляцияға қарсы ден қою шараларын тиісті деңгейде іске асыру және отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерге қолдау шараларын көрсету;

2. Салынып жатқан нысандарды уақытылы пайдалануға беру бойынша бақылауды қамтамасыз ете отырып, құрылыс жұмыстары маусымын тиімді жүргізу;

3. Инвесторларды тарту және сүйемелдеу бойынша нақты жұмысты барлық деңгейлерде жандандыру;

4. Экспорттаушылардың жаңа нарықтарға шығуын қолдау, экспорттау бағыттарының баламалы жолдарын қалыптастыру;

5. Бизнес өкілдерін кешенді қолдау және олар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →