×

Алматылық науқас оңалтудың арқасында аяққа тұрды: зембілмен жеткізілген пациент ауруханадан өз аяғымен шықты

Пациенттің жасы 67-де

Алматылық науқас оңалтудың арқасында аяққа тұрды: зембілмен жеткізілген пациент ауруханадан өз аяғымен шықты

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың нейрореабилитация бөлімшесінде ұзақ уақыт бойы медициналық оңалтудан өткен 67 жастағы пациент үшін бүгін ерекше күн, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Клиниканың мәліметінше, «Өз бетімен жүріп-тұру қабілетінен айырылған ол мұнда зембілмен жеткізілген болатын. Енді міне, ауруханадан өз аяғымен шықты».

Хабарламаға сүйенсек, құлап ауыр жарақат алған зейнеткерге екі рет ота жасалған. Бұған дейін реабилитацияның екі курсынан өтіпті. Оңалту бөліміне жеткізілген кезде аяқ-қолынан әл кетіп, қолдары семіп, бұлшық ет массасы 1,0 балға дейін төмендеген. Салдарынан қолын көтере алмай қалған, әрі біреудің сүйемелдеуінсіз жүріп-тұра алмайтын.  

«Реабилитация бөліміне келген кезде ауыр халде едім, аяқ-қолымды қозғаудың өзі мұң болды. Осында алған емнің арқасында аяққа тұрдым, күнде өзім 50 метрге дейін жүретін болдым. Өз қолыма өзім иелік етіп, желкемді, мұрнымды қасып, қасық, кесе дегендерді көтеретін халге жеттім. Жазылып келе жатқаныма көзім жеткен соң, жігерленіп, өз-өзіме сене бастадым. Бөлімше меңгерушісі Айнұр Жиенбайқызы мен инструктор-маман Жанасыл Рысбекұлына айтар алғысым шексіз. Менің аяққа тұруыма осы кісілердің сіңірген еңбегі зор. Соның арқасында өзімді жақсы сезініп, аяқ-қолыма жан бітті. Жетінші аурухана қызметкерлерінің бәріне де ризамын», – дейді науқас.

Аурухананың Нейрореабилитация бөлімшесі меңгерушісі Айнұр Досыбаеваның айтуынша, пациент оңалтудың 1-ші және 2-ші курстарынан өтіп, денсаулықты қалпына  келтіруге бағытталған ем-шараларды алған. Онда науқастың денсаулық жағдайына қарай дербес және кешенді оңалту шаралары жүргізілген.  

«Әрқайсысы 14 күннен тұратын екі курс барысында пациент күн сайын кинезиотерапевпен жұмыс істеді, нейрореабилитацияның ПНФ, Бобат терапия сынды  ең заманауи әдістерімен емделді. Сондай-ақ, арнайы қондырғылар арқылы жаттығып, массаж, физио ем қабылдады, еңбекке бейімделді. Нәтижесінде күнделікті өмір сүруге қажетті дағдылары қайта оралды», – дейді реабилитолог дәрігер.

Бөлімшеде мультидисциплинарлық емдеу тәсілі қолданылады. Көптеген мамандардың қатысуымен жүргізілетін ем-дом пациентті мүгедектіктен сақтап қалады және оның қатарға қосылып кетуіне мүмкіндік береді.

«Ауруханадан шыққанға дейін аяқ-қолындағы бұлшық еттері қатайып, өз бетімен жүріп тұратын болды, қолын көтереді, жұдырығын ашып-жұмады. Енді ол реабилитацияның 3-ші кезеңіне жолданды. Емді тіркелген емхана арқылы алады», – дейді Айнұр Досыбаева.

Айтуынша, №7 аурухананың нейрореабилитация бөлімшесі 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда мидағы қан айналымы бұзылған пациенттер оңалтудың екінші кезеңінен өтеді және ми мен жұлынға ота жасалады. Бұл жерде емделу үшін Ауруханаға жатқызу бюросы арқылы кезекке тұру қажет. 

Бір айта кетерлігі, медициналық реабилитация мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом МӘМС арқылы жүргізіледі. Оңалтудан мидағы қан айналымы бұзылған немесе операция жасатқан пациенттер алғашқы 6 ай ішінде өте алады. 2023 жылы бөлімшеде 560 науқас ем қабылдаған. Оның 70%-ы инсульт алған пациенттер болса, 30%-ы – түрлі операциялардан кейін келгендер.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: Президенттің Жарлығымен бұрынғы сот төрағасы қызметінен босатылды
Кеше, 12:54

Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: Президенттің Жарлығымен бұрынғы сот төрағасы қызметінен босатылды

Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өліміне қатысты педофилді тексерген пробация қызметкері 2 жылға сотталған болатын
Жер сілкінісінің эпицентрі – Қытай аумағында
Семейде тағы бір көпфункционалды кешен пайда болмақ

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →