×

АЭС құрылысы: Қазақстан халқы бүгін таңдау жасайды

Дауыс беру учаскелері сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады.

АЭС құрылысы: Қазақстан халқы бүгін таңдау жасайды
Қайрат Қоныспаев

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Референдум бюллетенінде бір ғана сауал бар

2023 жылы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу қажеттігін алға тартты. АЭС құрылысы мен референдум өткізу тақырыбын қоғам бір жыл талқылады, яғни пікір алмасып, маңызды шешім қабылдауға дайындалды. Тура бір жылдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясы қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелген.

Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады:

– Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?

Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:

- «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».

Бюллетеньдер екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде.

Дауыс беру мүмкіндігі

Сонымен, дәл қазір ел аумағындағы 84 учаскеде дауыс беру басталды. Олар – әскери бөлімдер мен вахталық елді мекендер, ауысым кестесімен жұмыс істейтін адамдар тұратын учаскелер, яғни бұл нүктелерде дауыс беру сағат 6:00-ден бастап жүреді.

Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, егер ауысыммен істейтін азаматтың жұмысы сағат 07:00-де басталса, онда 06:00-ден дауыс бере алады. Мұндай учаскелердің көпшілігі Қарағанды мен Абай облыстарында, сонымен қатар Алматыда, ал вахталық елді мекендер Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында орналасқан.

Ал бұлардан басқа дауыс беру учаскелері сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады.

Бұған дейін хабарланғанындай, ел көлемінде 12 176 968 адам референдумға қатысу мүмкіндігіне ие

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, дауыс беруге арналған 10 323 учаске, оның ішінде 59 шетелдегі мекемелер жанынан ашылған 74 референдум учаскесі жұмыс істейді

Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова мәлім еткеніндей, шетелде дауыс беруге құқығы бар отандастарымыздың тізімі жасалды. Олардың жалпы саны – 12 485 адам. Бұл ретте Ливан, Иран және Израильдегі 228 Қазақстан азаматы дауыс бермейді. Таяу Шығыстағы жағдайдың айтарлықтай шиеленісуіне байланысты бұл елдердегі Қазақстан дипломаттары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Күрделі әскери-саяси жағдайда Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды.

Орталық референдум комиссиясы мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету туралы қаулы қабылдады. Атап айтқанда, зағип жандар үшін барлық учаске Брайль шрифті бар арнайы трафареттермен, сондай-ақ бюллетеньдердің аудио нұсқасымен қамтамасыз етілуі тиіс. Қажет болған жағдайда есту қабілеті бұзылған азаматтарды ымдау тілі маманымен байланыстыру үшін интернетке қол жеткізу, кресло-арбаларды пайдаланатын мүгедектігі бар адамдар үшін – маневрлік қозғалысқа арналған арнайы кең кабиналардың болуы, барлық ақпараттық стендтерді кресло-арбаларды пайдаланатын азаматтар үшін қолжетімді биіктікте үлкен қаріппен орналастыру сияқты ұсыныстар берілген.

Айта кетсек, референдумға қатысатын азаматтар үшін өз дауыс беру учаскелерін анықтауға арналған сайт жұмыс істеп тұр. Ол үшін сайтқа кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) және тұрғылықты өңірді көрсету керек. Сол сияқты арнайы сайттан референдум бойынша жиі қойылатын сұрақтардың жауабын таба аласыз.

Шетелдік байқаушылар

Сыртқы істер министрлігі байқауға 5 ірі халықаралық ұйымға, оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросына, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттерінің ұйымына және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске шақыру жолдаған.

Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман мәлім еткеніндей, референдумды 30 елдің байқаушысы қадағалайды. Айтуынша, 177 байқаушы ресми тіркеуден өткен. 30 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымның өкілдері бар. Айтуынша, ЕҚЫҰ тарапынан байқаушы болмайды. Өйткені, ұйымның алдағы айларға жоспарланған сайлауларға байланысты іс-шарасы көп. Сондықтан елімізге миссия жібере алмайды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Бүгін, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →