×

«Өлмеген, тірі, еврейлер асырап алған»: Жанар Байсемізова Қымбат Досжанның сөзін жоққа шығарды

БАҚ өкілдері ойына келгенді айта бермеу керек

«Өлмеген, тірі, еврейлер асырап алған»: Жанар Байсемізова Қымбат Досжанның сөзін жоққа шығарды
Коллаж: Halyq Uni

«Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторы, журналист Жанар Байсеміз Оңтүстік Африка Республикасының азаматтары асырап алған қазақ балаларының жағдайын айтқан Қымбат Досжанды айыптады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жақында Қымбат YouTube арналардың біріне берген сұхбатында шетелдіктердің не себепті қазақ балаларын асырап алуға әуес екенін айтқан. 

«Қазақтың қанының тазалығы бала асырап алудағы ең басты критерийі екен ғой. Дархан Қыдырәлі мырза айтпақшы, лай су ішіп, қара нан таппай жүрген Оңтүстік Африкаға, Кенияға балаларымызды асырып жіберетіндей басымызға не күн туды? Масқара ғой. 30 баланың ізі де жоқ. Оларды тірі деп ойламаймын. Шырқыратып екпе салып, қатыра салған шығар деп ойлаймын. Неге біз Израиль болсын, Германия болсын, бұл елдерде адам ағзасының банкі мықты дамыған деп айтамыз. Олар да кейін дамыған үшінші, төртінші елдер дейді ғой, мүмкін солардың балаларын алатын шығар. Кениялықтар біздің балаларды алып, соларға сатып жіберген шығар. Неше түрлі ой келеді», – дейді ол күдігін жасырмай. 

Бірақ Жанар Байсемізованың айтуынша, Оңтүстік Африка Республикасындағы ҚР елшілігінде консулдық есепте 31 қазақстандық жетім бала тіркелген. Бірақ балалар кәмелеттік жасқа толып кеткендіктен, консулдық есептен шығарылған.

«Олар енді ОАР азаматтары. Қазіргі уақытта консулдық есепте қазақстандық бір бала бар, оның жасы 16-да. Асырап алғанда жүрегінде ақау болған, емдеткен, қазір жағдайы жақсы. Қалған балалар да дін-аман.  Өлмеген, ТІРІ! Органға кетпеген! ОАР-ның түрлі қаласында тұрып жатыр. Оларды ақ нәсілділер асырап алған, көпшілігі еврей. Тұрмыстары жақсы, арасында дипломаттар да бар. Қазақстандық жетім балаларды асырап алғандардың ішінде қытайлар да бар», – деп жазды журналист.

Оның айтуынша, Оңтүстік Африка Республикасындағы 31 баланың құжаты 2014 жылы Мысырдағы ҚР елшілігінен ОАР-ға берілгені айтылған. Өйткені бұл уақытқа дейін ОАР-да Қазақстан өкілдігі болмаған.

«Осы 31 баланың үшеуі Кенияда. ОАР-дағы ҚР Елшілігіне 14 мемлекет қарайды, бірақ Кения жоқ. Кениядағы қазақстандық үш баланы Дания, Нидерланд елдерінің азаматтары асырап алған. Олар да дін аман. Найроби қаласында тұрады. Жалпы, Оңтүстік Африка Республикасы – Африкадағы ең дамыған ел (интернеттен оқып алыңыздар). ОАР-дағы 30 шақты баланың 11-і қазақ», – дейді Жанар Байсемізова. 

Сондай-ақ ол журналистер жалған ақпарат бермей, нақты мәлімет тарату қажеттігін алға тартты.

«БАҚ өкілдері ойына келгенді айта бермеу керек. Дәлел, фактпен сөйлеу керек. ОАР қазақстандық жетім балаларға қатысты тараған жалған ақпарат ел ішінде дүрбелең туғызып жатқан соң, өз парақшам арқылы осы мәліметтерді жариялап отырмын. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, оның ішінде елшіліктер, дипломаттар өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқарып жатыр», – деп жазды тележурналист.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →