×

Елімізде 705 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай көмек қажет?!

Елімізде 705 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады
strategy2050.kz

Елімізде 705 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйеніп.

Қазақстанда қазанның екінші жексенбісінде “Мүгедектігі бар адамдар күні” атап өтіледі. Республикада 705 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі.

“Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 705 мың мүгедектігі бар адамның 421,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (59,8%), 181,9 мыңы зейнеткерлік жаста (25,8%) және 101,6 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (14,4%)”, ‒ делінген министрліктің ресми статистикасында.

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) алушылардың саны 534,6 мың адамды құрайды. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша МӘЖ төлеуге 254,5 млрд теңге бағытталған.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. 2022 жылдың 1 қазанында мүгедектігі бойынша МӘЖ-дің орташа мөлшері 53 802 теңгені құрап отыр.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар (бұдан әрі – ОТҚ) өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Порталды енгізу 2021 жылы оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 87% - ға дейін жеткізуге, сондай-ақ тұрғылықты жеріне қарамастан қызметтер мен техникалық құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы жылдың басынан бастап Портал арқылы 253 мың мүгедектігі бар адам ОТҚ, 7 мың адам ымдау тілі, 26,3 мың адам жеке көмекші қызметтерін алған.

Қағазбастылықты, көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмау және мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске асырылуда. Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді. Қазіргі уақытта жобаға 625 медициналық ұйым қосылған. 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінен сырттай форматта 39,3 мың өтінім қаралған.

Осы жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның 76 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейтіні ерекше маңызға ие.

Құжатта көзделеді:

- Денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекте қызмет көрсету құқығын айқындау;

- мүгедектігі бар баланы санаторлық-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің біріне санаторийде болу құнын санаторлық-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген соманың 70% мөлшерінде өтеу түріндегі өзгеріс;

- психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды ашу жөніндегі нормативтерді 60 мыңнан 50 мың балаға дейін төмендету;

- «абилитация» ұғымын енгізу (мүгедектігі бар адамдардың тұрмыстық, қоғамдық және кәсіби қызметке қабілеттерін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені);

- құқықтық және техникалық сипаттағы нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде жеке нотариустардың қызметтеріне ақы төлеуден босатылған адамдар санатына үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қосу;

- мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін сақтай отырып, интернет-ресурстар құру және ақпаратты электрондық үкімет веб-порталының компоненттеріне орналастыру.

Бүгінгі күні туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсетіледі. Қажеттілікке байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.

Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 700-ден астам мемлекеттік ұйым ұсынады, оның ішінде:

- стационарлық үлгідегі 116 мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекеме;

- 87 мемлекеттік күндізгі күтім орталығы;

- 29 мемлекеттік оңалту орталығы;

- 493 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі.

Стационарлық ұйымдардың жұмыс істеп тұрған желісіне күндізгі және үйде болу жағдайында әлеуметтік қызметтер көрсету балама болып табылады, олар өз кезегінде адамның отбасымен бірге болуы нәтижесінде отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде бұрын стационарлық мекемелерде болған 800-ден астам бала өз отбасыларына қайтарылды.

Бүгінгі таңда арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну бойынша әлеуметтік тапсырысты еліміздің барлық өңірлерінде 173 ҮЕҰ жүзеге асыруда (2009 жылы – 4 ҮЕҰ болған).

Арнаулы қызмет көрсету жүйесін жаңғырту шеңберінде мәселелер бойынша жұмыс топтарының жұмысы басталды:

- арнаулы әлеуметтік қызметтер және тариф белгілеу стандарттарын жетілдіру;

- арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін монополиясыздандыру және деинстуализациялау;

- әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту міндетін қойды, атап айтқанда, бұл – оңалту орталықтарының желісін кеңейту.

12 өңірде 150 орындық жаңа оңалту орталықтарының құрылысы жоспарланған. 2021 жылы оңалту орталықтарының құрылысы 3 өңірде басталды: Абай, Жамбыл және Түркістан облыстары. Биылғы жылы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында құрылыс басталды, 2023 жылы Ақмола облысында бастау жоспарлануда.

Бұдан басқа, 2022 жылы аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ойы тежелген балаларға арналған (Ақтөбе, Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында) 8 күндізгі күтім орталығын ашу жоспарланған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Конгресс заманауи құрылғы ұсынушылар мен кәсіби мамандар арасында алтын көпір болды
Бүгін, 17:05

Конгресс заманауи құрылғы ұсынушылар мен кәсіби мамандар арасында алтын көпір болды

Конгрестің мақсаты  – медициналық құрал-жабдықтаруды ұсынушы, жеткізуші тарап пен соны күнделікті өмірде қолданатын кәсіби мамандар арасында алтын көпір болу
Панедемия кезіндегі және одан кейін мәселелерді шешудің жолдары
Желі қолданушылары оған көңіл айтып жатыр
АҚШ басылымы сотта көрсетілген жантүршігерлік кадрларды сипаттаған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →