×

Жанат Кәмшібекқызы: «Интеллектум» – балаларды жан-жақты дамытатын жоба

Өткен жылдан бастап, кітапхана басшылығы балалар мен жасөспірімдерге арнаған «Интеллектум» мега жобасын қолға алды

Жанат Кәмшібекқызы: «Интеллектум» – балаларды жан-жақты дамытатын жоба

Балалардың зияткерлік машығы дамыса, оқуға деген қабілеті ашылады. Оқу мен жазу дағдысы қалыптасқан баланың танымы кеңейеді. Балалардың заман талабына сай үздіксіз дамуына ата-ананың ғана емес, мұғалімдер мен қоршаған ортасының рөлі орасан зор. Дәл осы бағытта үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының жұмысын ерекше атап өтуге болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өткен жылдан бастап, кітапхана басшылығы балалар мен жасөспірімдерге арнаған «Интеллектум» мега жобасын қолға алды. Балалардың ақыл-ой қабілетін жақсартып, ұсақ қол моторикасын дамытатын түрлі ойындарды кітапхана ұжымы жылдар бойғы жасалған талдаудан кейін сәтті жүзеге асырған. Аталмыш жоба туралы толығырақ Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөсіпірімдер кітапханасы директорының орынбасары Жанат Кәмшібекқызынан сұрап білдік.

«Интеллектум» жобасы балаларға не береді?

Орынды сауал. Бұл кітапханамызда былтырдан бастап қолға алынған жоба. Яғни балаларды бейімдеу, психомоторикасы мен есте сақтау қабілетін дамыту, көрнекі ойлауын жетілдіру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға басымдық беріледі. Жобаның аты айтып тұрғандай, өскелең жастың зияткерлігін, таным көкжиегін дамытуға бағытталған. Өй-өрісінің жан-жақты дамуына, кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятуға байланысты кітапхана осындай жобаны қолға алды. Қазақта «зейінің ашылсын» деген сөз бар. Біз де өскелең ұрпақтың білікті де, білімді, зеректі де зерделі, талантты да дарынды болғандарын қалаймыз.

Былтырдан бастап, жоспарлы түрде бекітілген түрлі балаларға арналған шараларымызда кітапханамыздың тұрақты оқырмандары ғана емес, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар да қатысты. Оңалту орталықтарында коррекциялық ем алатын балалар үшін де бұл – таптырмас мүмкіндік. Себебі мұнда түрлі дамытушы ойыншықтар мен пазлдар қалыпты балалардың ғана емес, ерекше балалардың да уақыттарын тиімді өткізуге, коммуникация құрып, әлеуметтік бейімделуге, сөйлеу қабілеттерін жақсартуға, қол моторикаларын дамытуға арналған бірегей жоба. Балаларды дамытуға арналған жобамыз тегін әрі тұрақты өтеді. Әр айдағы межелі міндетке құрылған жоспардың нәтижесінде балалардың сапалы дамуына септігі тигенін көріп келеміз.

Қазіргідей ақпараттық технология заманында балалардың зейінін ұстап тұруға қандай әдістер қолданасыздар?

Иә, бұл өте күрделі сауал деуге болады. Себебі расымен де қазір ақпарат көп. Балалардың назарын алатын дүниелер жетіп артылады. Кішкентайларды қазір сол ақпараттық технология көмегімен жасалған анимациялық мульфильмдер, түрлі шытырман ойындар, эстетика қызықтырады. Бұл жобаны жасар кезде де біз осы сауалға терең бойладық. Себебі күн сайын дамып жатқан балалар қарапайым ойындарды ойнағысы келмейді. Телефон, гаджеттерге ғана телмірмеуі үшін мектептер мен білім ордалары әрдайым ізденісте болуы керек. Бұл зейін мен ойлау қабілетін шыңдайтын жүйеге негізделгені құба-құп. Біздің мақсатымыз да сол инновациялық ұрпақты қалыптастыру. Ал оған кітап оқу мен интеллектуалдық ойындар арқылы жетеміз. Яғни ой-өрісін дамытуға түрлі ойыншықтар мен басқатырғыштарды, лего, конструкторлар, зырылдауық сынды басқа да түрлерін қолданамыз. Бұл үшін кітапханамызда жауапты мамандар тағайындалған. Одан бөлек балалардың ерте дамуына арналған орталықтардың жетекшілерімен тәжірибе алмасулар жиі өткізіледі.

«EQUILIBRIO», «Q - Bitz», «Look Look», Blocks Дженга BNT-666 сынды ойындар балалардың зеректілігін арттырады. Яғни кітапханамызға келген жас оқырмандар ойын кезінде карточканы айналдарып, көрсетілген пішінді 8 рамкалардың ішінен табуы керек. Дұрыс тапқан ойыншы карточка жинап, «Look Look немесе таптым» деген алғашқы ойыншы ойында жеңіске жетеді. Бұл ойынды ойнау арқылы балада визуалды мұқияттылық, концентрация, ойлау және мәселені шеше алу қабілеттерін жетілдіреді.

Жобадағы монтессори жүйесіндегі сенсорлық даму ойындары жайлы не айтасыз?

«Интеллектум» жобасы қазіргідей ақпараттық технологияның ақылды әлеміне енуді мақсат етті. Себебі біздің басты мақсатымыз баланы әлеуметтендіруге күш салу. Коммуникациялық дағдылары қалыптасқан баланың кез келген ортаға бейімделу процесі, адаптациясы тез жүреді. Есте сақтау қабілетін дамыту, сенсорлық тәрбиелеу жүйесі мектеп жасына дейінгі балалар үшін де қажет. Яғни дидактикалық жұмыстар, сюжеттік және логикалық ойындар, түрлі-түсті пирамидалар мен пазлдар, басқатырғыштар – сенсорлық дамудың жетістігі деуге болады. Бұдан бөлек логикалық ойлауды жетілдіру үшін жобада балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға басымдық беріледі. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай анализ жасау, визуалды қабылдау, психомоторикалық, шығармашылық және математикалық қабылдауларын дамытуға күш салынады.

Бұл жобадағы ойындардан кейін балаларда тиянақтылық, ұшқырлық, жылдамдық, алғырлық қабілеттері артады. Сондай-ақ көз координациясы моторикасы да қатар ойнатылып, баланың зейініне назар аударамыз. Ойын барысында балалар ойлануға таңдау жасауға, дұрыс шешім шығаруға мүмкіндік алады. «Интеллектум» жобасында визуалды қабылдау өте маңызды. Бұл арқылы баланың дұрыс шешім шығару қабілеті артады. Яғни көз арқылы заттың түсін, пішінін, мөлшерін, көлемін, бағытын үйренсе, салыстырмалы түрде үлкен-кіші, алыс-жақын, не оның аз-көп сынды ұғымдарды жете түсініп, ұқсас бөлшектерді айыру, үшөлшемді фигураларды анықтауға, пішіндерден кескін құрауға, ортақ бөліктерді көре білуге машықтанады.

Сондай-ақ бұл жобада креативті ойлау, яғни қиялын дамытуға басымдық беріледі. Ұшқыр ойлау арқылы стандартты пішіннен өзгеше кескіндегі модельдерді құрастыруға дағдыланады. Тұспалдау кезінде пішін жасауға үйренеді.

Үшіншіден, стратегиялық жоспарлауды меңгереді. Алдымен жоспар құру, тығырықтан шығу жолын қарастыру, көп нұсқаның ішінен өз шешіміңді қабылдау, ең тиімді әдісті қолдану, ширығу кезінде ептілігіңді қосу сынды бірнеше модульдерді жете танитын болады.

Бұл жоба балалар мен ерекше балалардың ұялы телефон, компьютер, теледидар сынды сандық технологияға деген тәуелділігінен арылтып, кітап оқуға деген қызуғушылығын арттырады. Біздің ұжымымыздың білікті де тәжірибелі мамандары құрастырған арнайы ойын бағдарламасы балалардың зейінін олардың қызығушылықтарына басымдық беру арқылы кітап оқуға, оқырмандар клубының көбеюіне алып келді.

Жыл сайынғы Жолдауларында Президентіміз ұрпақтар сабақтастығына басымдық беруде. Мемлекет тарапынан балаларды дамытуға байланысты тың жобаларға қолдаулар көп. Қазіргі уақытта біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз үшін жан-жақты дамып, сапалы білім алуы – ең өзекті әрі күн тәртібінде тұрған мәселе. Уақыт ағынымен бұл тақырыптың да шешім тауып жатқаны көңіл қуантады. Балалар үшін жасалатын кез келген жоба – келешегімізге деген сара жол. Өскелең жас ұрпақ үшін өзіндегі барды беруді ойлайтындар осы жайтты жүрегімен сезінсе екен деймін.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →