«Халықты алдамасын»: антиквар қару әкелген шетелдіктер жайлы айтқан Мұрат Әбенов ІІМ-ді сынға алды

Qaz365.kz редакциясы

Депутат заңнамада антиквар қару ұғымының жоқ екенін айтты

Астанадағы тұрғын үй кешенінде «қару-жарақ табылды» деген ақпарат төңірегіндегі дауға байланысты депутат Мұрат Әбенов жаңа мәлімдеме жасап, Ішкі істер министрлігінің түсіндірмесін сынға алды. Оның айтуынша, антиквар қару ұғымы қазақстандық заңнамада нақты реттелмеген және кез келген қару түрін сақтау үшін рұқсат талап етілуі тиіс, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған дейі Nazarbayev University өкілдері мен полиция «қару емес, тарихи жәдігер» екені жайлы ресми мәлімдеме жасаған болатын. Университет мәліметінше, пәтерден табылған заттар XV–XVIII ғасырларға жататын антиквар коллекция болып, мұражай экспонаттары ретінде әкелінген. Құқық қорғау органдары да олардың қазіргі заманғы қару емес екенін және қауіп төндірмейтінін растаған.

Алайда осы түсіндірмелерге қарамастан, депутат Мұрат Әбенов бұл жағдайға қатысты өз ұстанымын қатаң жеткізді. Ол заңнамада антиквариат қару ұғымының жоқ екенін және мұндай заттардың айналымы нақты бақылауда болуы керектігін айтты.

Депутаттың сөзін өзгеріссіз назарларыңызға ұсынамыз:

«Заңда антиквар қару деген жоқ. Ұстауға біздің заңда болмайды. Кез келген қару бізге рұқсат етілмейді. Бұл жерде ІІМ түсініксіз айтып тұр. Ол расталмады. Онда халыққа: «ескі антиквар қаруды ұстай беріңдер» деп айтсын. Бізде болмайды. Біздің заңда жоқ. Олар мойындаудың орнына, халыққа рахмет айтудың орнына, «Дұрыс, сендер байқап қалдыңдар. Үкіметке қарайтын пәтерге жәшікпен қару әкелді» деудің орнына, дұрыс емес дейді. Онда халыққа да көшеде антиквар деп қару ұстап жүруге рұқсат етсін. Көшеде ұстап жүруге, біреудің пәтерінде сақтауға болмайды. Кез келген қаруды шетелден алып келсе де, коллекция болса да, рұқсат алуы қажет. Түнде біреудің пәтеріне адамдардың көзінше, біреудің бала-шағасының көзінше қару әкелуге болмайды. Біздің заңда ондай жоқ. Полициядан «Антиквар деген біздің заңда бар ма?» деп сұраңызшы. Онда полиция шығып халыққа: «Антиквар мылтық ұстай беріңдер» деп айтсын. Ондай заңда жоқ. Халықты алдаудың қажеті жоқ. Бұл жерде ІІМ мойындап, рахмет айтуы қажет. Бұлардың өздерін ақтап алу үшін берген жауабы маған ұнаған жоқ.

Мен жазбаша хат жібердім. «Ескі қарулар» деді. Бізде антиквар деп ұстауға болмайды. Егер полиция жіберсе, заңсыз болады. Мысалы, Ресейден келген болса, ондағы жарайтын құжат бізге жарамайды. Бізде антиквар қару ұстау үшін сейф қажет. Полицияның рұқсаты қажет. Егер полиция бізде мұндайға рұқсат етсе, шетелден келетіндер қару ұстаса, терроризм болмай ма?», — деді Мұрат Әбенов.

Осылайша таразының бір басында университет пен полицияның «тарихи жәдігер» деген ұстанымы, екінші жағында — заңнаманы қатаң түсіндіруді талап етіп отырған депутаттың сыны тұр.

Еске сала кетсек, Nazarbayev University және полиция шетел азаматтарының ұсталғаны жөніндегі мәліметті жоққа шығарған еді.