×

Шығыста Оралхан Бөкейдің музейі ашылды

Көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жылдық тойы аталып өтті

Шығыста Оралхан Бөкейдің музейі ашылды
Qaz365.kz

Қаламгердің туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкейдің музей үйі ашылды, деп хабарлайды Qaz3 65.kz.

Бұл шара көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толуына орайластырылды. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаевтың демеушілігімен 10 млн теңгеге Оралхан Бөкей тұрған үйді сатып алып, музей жасақталды. Қордағылар музейдің туристер арасында драматург шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жалпы, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенімді.

«Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған іс-шаралардың бас демеушісі –жергілікті кәсіпкерлер. Қорымыз кәсіпкерлердің қолдауымен 54 млн теңге көлемінде қаражат жинап, жазушының балалығы өткен туған үйін сатып алып, мұражайға айналдырды. Мұражай мемлекет қарауына берілді. Одан кейін этноауылда аламан бәйге өтеді. Жалпы, Оралхан Бөкейдің мерейтойы республика көлемінде, халықаралық деңгейде тойланбақ. 15 қыркүйекте Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, «Әзірет Сұлтан» мешітінде құран бағыштап, ас беру жоспарланып отыр. Содан кейін сахналандырылған «Қар қызы» пьесасы көрермен назарына ұсынылмақ. Ал Алматыда Жазушылар одағы халықаралық конференция ұйымдастырып, ақындар айтысы өткізіледі. Катонқарағай дегенде есімізге бірден Оралхан Бөкей оралады. Оралхан – осы жердің көркемдігін, тұмса табиғатын талайға сөзбен суреттеп берген қаламгер. Сондықтан оның мерейтойын абыроймен өткізу – біз үшін аманат», - деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры басшысы Серік Жүнісов.

Оралхан Бөкей шығармаларына арқау еткен, табиғатын жырлаудан жалықпаған Өр Алтайдың төрінде өткен мерейлі шараға жазушының жақындары, ақындар, жерлестері жиналды. Талантты өреннің бюсті мен жазушы атындағы сквердің ашылуына куә болды.

Сондай-ақ Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық пленэр-көрмесі ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарды О. Бөкей мұражайына сыйға тартты.

Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Жәнібек Қызыров қаламгерлер шығармашылығын дәріптеп, есімін еске алуға арналған жиын жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды деген пікір айтады.

«Оралхан Бөкей — тек Катоқарағайдың ғана емес, қазақ жұртшылығының мақтанышы. Қысқа ғана ғұмырында талантымен, еңбегімен үлкен жетістіктерге жетті. Қаламдас досы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ: «Орекең — талантымен елін де, жерін де, өзін де әлемге танытып, биіктен көрінген тұлға». Алақандай ғана Катонқарағайдан Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан сынды мықты қаламгерлер шықты. Ал Оралхандай талантты жазушыны еске алуға арналған шара катонқарағайлықтардың рухын көтерері сөзсіз. Талантты ұлдарымызбен мақтанамыз деп қана қоймай, мұндай жиындарды жиі өткізу керек. Өйткені жас ұрпаққа үлгі етіп, еске салып тұрған абзал. Той тойға ұлассын!» - деді Жәнібек Қызыров.

Жиынға Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы Мағзумова қатысып, жиналған қауымды қаламгердің мерейтойымен құттықтады. Жазушының мұражай-үйіне Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады. Сонымен қатар Оралханның жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады.

Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, сондай-ақ ауданның құрметті қонақтарына «Оралхан Бөкейге 80 жыл» атты төсбелгілері табысталды.

«Шолпандай таң алдына туып–батты» атты  жаңа кітап жарық көрді. Соның тұсаукесеріне қатысқан көпшілік аудан ипподромында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік шабандоздарды анықтады.

Мерейтой кеші жергілікті жұлдыздардың қатысуымен өткен үлкен гала концертпен қорытындыланды.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ
23.04.2024ж. 14:11

Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ

Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ
Ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен сұхбат

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →