×

2023 жылдың мәдени қорытындысы. «Оян, қазақ!», киногерлер митингі, Akon, 50 Cent

2023 жылы мәдениет саласында болған қызықтар

2023 жылдың мәдени қорытындысы. «Оян, қазақ!», киногерлер митингі,  Akon, 50 Cent
Qaz365.kz коллажы

Пандемия дәуірі аяқталып, елдің мәдениетіне жан біте бастады. 2023 жылы бұл салада біраз жаңалықтар болды. Солардың негізгілерін тізіп шыққанды жөн көрдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

24 жылдан кейін  қайта оралған атақ

Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бірнеше өнер иесіне «Қазақстанның халық әртісі» берілді. Соңғы рет 1999 жылы осындай атақ үлестірілген. Араға 24 жыл салып, бұл атақ қайта оралды. Қазақстанның халық әртiсі – мәдениет саласының үздік тұлғаларына берілетін құрметті атақ. Бұл жолы мұндай марапатқа театр және кино актерлері Дінмұхаммед Ахимов, Михаил Токарев пен Дулыға Ақмолда, опера әншілері Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзенбаев, атақты әншілер Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген және күйші Айгүл Үлкенбаева ие болды.

Халықаралық байқауда бас жүлдеге ие болған фильм

Қазақстандық көркем туынды «Ұлы дала зары» фильмі Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде бас жүлде жеңіп алды.

Көркем дүние ашаршылық кезінде қырылған қазақ халқының шынайы тарихи оқиғалары туралы сыр шертеді. Гран-при үшін Ресей, Армения және Ұлыбританиядан ұсынылған фильмдер де таласты. Қазақстандық өнім сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

«Фильм авторлары 100 жылдан астам уақыт бұрын қазақ халқы өткерген трагедияларын кейіпкерлер арқылы шынайы әрі шебер жеткізуге тырысқан. Бұл оқиғалар қазақ халқын әлі де мазалайтыны аңғарылып тұр», – дейді  қазылар алқасының мүшесі Натали Вонг.

Америкалық жұлдыздардың концерті өтті

Биыл елімізге Akon мен 50сent­ келді. Алғашқысы Алматы мен Астанада кеш өткізді. Соңғысы тек Алатау баурайында өнер көрсетті. Әсіресе, Akon-ның Елордадағы концерті елдің есінде ерекше қалды. Қыздар ішкиімдерін лақтырып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Депутат Аманжол Әлтаев Үкіметке сауал жолдады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұны «ұят» деп бағалады.

Витебскідегі бас жүлде

Қазақстандық жас орындаушы Шерхан Арыстан «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында өтіп жатқан «Витебск» XXI халықаралық балалар музыкалық байқауының гран-приін жеңіп алды.

Беларусьте өткен халықаралық ән жарысқа 20-ға жуық елден өнерпаздар қатысқан. Шерхан мүмкін болған 140 ұпайдың 140-ын иеленіп, үздік атанды.

Байқаудың алғашқы күнінде Шерхан Арыстан Андреа Бочелли, Дэвид Фостер және Эми Фостердің Ama, Credi e vai (Сүй, сен және қадам жаса) композициясын орындады. 

Шерхан Арыстанның ендігі арманы – авторлық ән жазып, клип түсіру. Ел намысын бұдан да жоғары әлемдік додаларда қорғау.

Жастардың рухын оятқан «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі

«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі биыл осыған дейінгі қалыптасқан пікірді өзгертті. Өйткені тарихи қазақ фильмдері касса жинап, кинотеатрларда аншлаг болмайтын. «Міржақып. Оян, Қазақ!» киносы осы стеротипті өзгертті.

Тіпті, үш күннің ішінде 107 миллион теңге жинап, қазан айында кассалық рекорд жаңартты.

Туындыда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды.

Кинодан шыққан жастар рухтанып, әлеуметтік желіге әсерлерін жазды. Тіпті, қызды-қыздымен «Осыдан кейін тек қазақша сөйлеймін» дегендері де бар.

19 жылдан кейін жаңғырған «Азия дауысы»

Алматыда «Медеу» биік тау мұз айдынында 19 жылдық үзілістен кейін «Азия дауысы» халықаралық заманауи музыка фестивалі қайта жаңғырды. Фестиваль үш күнге созылды. Онда ZAQ, Ерке Есмахан, RaiM, Мирас Жүгінісов, V $ XVPRiNCE, Орынхан, Молданазар және Ирина Қайратовна тобы және басқа да танымал әншілер өнер көрсетті.

Өтпей қалған концерттер

Саяси жағдайлардың мәдениетке де әсері бар. Былтыр қыста Ресейдің Украинаға басып кіруі көп нәрсені өзгертті. Ресейдің озбырлығын қолдап, Украинадағы басып алған жерлеріне бәріне концерт беріп жүргендер тыңдармандардың да ашуын туғызады. Сондықтан этнникалық қазақ болса да Азамат Мұсағалиев бастаған «Камызяки» КВН командасының Алматы және Астанадағы концерттері өтпей қалды. Сол секілді маусым айында Григорий Лепстің де кешін халық қарсы шығып, тыйым салынды. 

Семейде орман өртен кезде Ресейдің Би-2 тобы концерт бермекші болған. Бірақ қала жұртшылығы мен облыстық мәслихат депутаттары ресейлік топтың концертін басқа мерзімге ауыстыру туралы бастама көтерген. Алайда концерт бәрібір де өтті. Ал Би-2 тобы концерттен түскен қаражатты Абай ауданындағы өрттен зардап шеккендерге аударды

Киногерлер митингке шықты

Биыл мамырда Алматыда бір топ кинорежиссер наразылыққа шығып, ұлттық киноны қолдау үшін жарияланған байқаудың қорытындысымен келіспейтінін мәлім еткен болатын. Өнер зерттеушісі, сценарист Ерлан Төлеутай олардың мұндарын жоғары жақ естімей жатқанына ренішін білдірді. Олар талаптары орындалмаса, Ақорданың алдына жиналатынын айтқан.

Наразылық топ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевтың келуін талап еткен болатын.

Арада екі ай өткенде басшысы ауысты. Қосыбаевтың орнына журналист, 31 арнаны басқарған Құрманбек Жұмағали тағайындалды. 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ
23.04.2024ж. 14:11

Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ

Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ
Ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен сұхбат

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →