×

Астанада жүздеген адам заңсыз көліктерді түгел заңдастыруды және оны сайлау соңына дейін бастауды талап етті

Акцияға келгендердің сөзінше, шетелден заңсыз әкелінген көліктердің түр-түрі кездеседі

Астанада жүздеген адам заңсыз көліктерді түгел заңдастыруды және оны сайлау соңына дейін бастауды талап етті
фото: azattyq

Бүгін Астана қаласындағы халыққа арнаулы қызмет көрсету орталығының алдына жүздеген адам жиналып, Қазақстанға заңсыз әкелінген көліктерін мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы аяқталғанға дейін тіркеуді бастауды талап етті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі azattyq.org-ке сілтеме жасап. 

Акцияға қатысушылардың сөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған рақымшылық туралы заң бойынша заңсыз көліктерді тіркеу басталғанына бірнеше ай болса да, даулы көліктер мәселесі шешілмеген. Олар мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы аяқталғанша даулы көліктер мәселесі шешіліп, тіркеуге алынуға тиіс, әйтпесе мәселеміз сайлаудан кейін ұмытылады дейді.

Акцияға келгендердің сөзінше, шетелден заңсыз әкелінген көліктердің түр-түрі кездеседі. Оның ішінде шетелден Ресейге автобөлшек ретінде жеткізіліп, Ресейден техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір алған соң, Қазақстанға автокөлік ретінде кірген мәшинелер де бар.

"Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін заңсыз кірген көліктер ғана заңдастырылады" деген талап та көлік иелерін тығырыққа тіреген.

"Қазақстан президенті 1 қыркүйекте "1 қыркүйекке дейін келген заңсыз көліктер тіркелсін" деді. Оған дейін жолда келе жатқан, тапсырыс берілген көліктер не істеуі керек? Олар бір күнде емес, бірнеше ай бұрын тапсырыс беріліп, Қазақстанға беттеп келе жатқан көліктер. Бұл акция тек Астанада емес, барлық өңірде өтіп жатыр. Көлік қандай екеніне қарамастан, 1 сәуірге дейін Қазақстан сақтандыру полисін алған көліктерді түгелдей рақымшылық заңымен тіркеп берсін" дейді азаматтық белсенді Бақытбол Берімбайұлы.

Осыған ұқсас акция Алматыда да өтті.

Астанадағы акцияға жиналғандардың айтуынша, бастапқыда "шетелден автобөлшек ретінде кірген көліктер тіркелмейді" деген талапты кейін билік органдары "өзгереді" деп сендірген.

Наразылық акциясына Астана қалалық әкімшілік полиция бастығы Елжан Шөпеков келіп, мән-жайды түсіндірді.

"Бөлшекпен келген көліктер тіркелмейді дегенбіз. Бүгін ашық айтуға болады, олар да тіркеледі, ол үшін ресми талапты өзгерту керек. Талапты өзгертуге бір ай керек" деді ол.

Елжан Шөпековтің сөзінше, бөлшек болып келген көліктер шетел тіркеуінде де жоқ. Ал Қазақстанға 1 қыркүйектен кейін әкелінген мәшинелер тіркелмейді. Өйткені ол туралы рақымшылық туралы заңда анық көрсетілген.

2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте жариялаған жолдауында шетелден заңсыз кірген көліктерді біржола заңдастыру, олар үшін иелеріне 250 мың теңге ғана жарна төлеттіру туралы ұсыныс жасап, кейін рақымшылық туралы заңға қол қойған.

"Бұл іс-шара іздеуге жатпайтын және кедендік тазартудан өткен автокөліктерге қатысты болуға тиіс" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан шетелден заңсыз әкелінген көліктерді бұған дейін де бірнеше рет заңдастырған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →