Кемі 180 адам қажылыққа барамыз деп алданып қалғанын айтты
«Жазира тревел» атты турфирма жүзден аса азаматты Меккеге апарамыз деп, уәдесінде тұрмаған. Енді жер-жерден жиналған азаматтар не ақшасын қайтара алмай, не Меккеге бара алмай, басы ауырып әлек, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақшаны жинап алды
“Жазира тревел” деген компания бізді қажылыққа шақырған. 19-20 қаңтарда екіге бөлінген адамдар ұшуымыз керек болған. Екі потокта 240 адам болған. Бәрін алаяқтықпен алдап отыр. Виза, билет Меккеден ешқандай дайындамаған. Бәрімізді алдап отыр. Ақша жоқ. Жан-жақтан келгенбіз. Семей, Атырау, Қызылорда, Қарағанды, Балқаш, тағы басқа қалалардан келгенбіз. Екі күн қонақ үйге орналастырып берді. Қаражаты барлар кетіп қалды. Мен 450 мың теңге бердім. Адам басынан 450-500 мың теңге алған. Ақпан айына да бұлар адам жинаған.
Компания азаматтарға 10 күндік қажылыққа уәде берген. Кеше бір тәулік уақыт берілсе, бәрінің ақшасын қайтарып береміз деген. Фирманың иесі – Мейіржан Рыскелдиев деген 2001 жылғы жігіт. Оның үстінен алданғандар арыз түсірген.
«Бізден кейін халық алданбасын! Билік тарапы шара қолданып, шектеу қою керек. Нақты тексеру керек. Жарнама шықты ма, бірден құзырлы органдар қарауы керек. Бұрын айтқан бағасына 20 шақты адамнан апарып, әкеп тұрған. Біз бұл фирма туралы туысқанымыздан білдік. Умраны туркомпаниялардан алып тастау керек. ҚМДБ белгілеген компаниялар ғана Умраға бару керек», - дейді азаматтар.
Алаяқ компанияға тап болып қалдық
Кейбір азаматтар жүз мыңдап болса, екіншісі миллиондап ақша берген. Не қажылық жоқ, не қаражат жоқ. Бүгін алданғандар Алматыдағы Әуезов аудандық полиция басқармасына арыз түсірген. Ақшаның бәрін азаматтар мобильді аударымдар арқылы аударған.
«Қолымнан келгенді жасадым»
Мейіржан Рыскелдиев деген турфирма иесінің алдына барғанда ол ақшаны «қайтарамыз» деп уәде еткен. «Менің ниетім – ақшаны қайтару, сотталуды мақсат тұтпаймын» дейді ол. Кешкі жетіге дейін уақыт сұраған. Бірнеше жерге барып, ақша алып, бәрін таратып беретінін айтқан. Видеоны желіге салмауды сұраған.
«Құрметті ағайын, сіздерге қайтаратын ақшам жоқ. Ендігі айтар сөзім – жауапқа тартам десеңіздер, қолыммен істегенді мойныммен көтеремін. Егер кеңшілік жасаймын десеңіздер, әлбетте, рақметімді айтам. Қатесіз пенде жоқ. Дейтұрғанмен заң алдында жауап беруге дайынмын. Бір күн бойы ақша іздедім, таба алмадым. Айыбымды көтеруге дайынмын», - дейді Мейіржан.