×

«Мағжанның мүсіні жоқ...»: Алматыда Пушкинге тағы бір мүсін орнатылды

Желі қолданушылары қазақ зиялыларына арналған ірі композициялық ескерткіштердің жоқ екенін алға тартты

«Мағжанның мүсіні жоқ...»: Алматыда Пушкинге тағы бір мүсін орнатылды
Фото: Instagran / dots_foto

Алматы қаласындағы Пушкин көшесінің бойында орыс ақыны Александр Пушкинге арналған тағы бір мүсін пайда болды, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Әлеуметтік желі қолданушылары бір тұлғаға қайта-қайта ескерткіш орнатудың қаншалықты орынды екенін сұрап, сын айтып жатыр. Журналист Дина Елгезек бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, қазақ зиялыларына арналған ескерткіштердің жоқтығын атап өтті.

«Алматы қаласында орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге арналған ескерткіш бар. Ол ескерткіш Ғылым Академиясының жанында тұр. Алматыда Пушкинге арналған ескерткіш бар екенін біле тұра орыс ақынына екінші ескерткіш ашудың қажеттілігі бар ма еді?», – дейді Дина Елгезек.

Айта кетейік, Александр Пушкинге арналған алғашқы ескерткіш 1999 жылы Алматыдағы Ғылым академиясының маңында орнатылған.

Қоғамда жаңа мүсіннің көркемдік шешімі де талқыланып жатыр. Композицияда ақынның өзі ғана емес, оның шығармаларындағы кейіпкерлер – Алтын балық пен мысық та бейнеленген.
Сын айтушылардың пікірінше, шетелдік тұлғаларды ұлықтаумен қатар, қазақтың көрнекті ақын-жазушыларына да лайықты деңгейде құрмет көрсетілуі тиіс. Олар қазақ зиялыларына арналған ірі композициялық ескерткіштердің жоқ екенін алға тартады.

«Кімге ұнағыларыңыз келгенін білмеймін, бірақ Пушкинге арналған мүсіндерден жасалған композициясын қатырыпсыздар! Пушкинның өзі, кітаптары, тіпті Алтын балығы мен мысығына дейін мияулатып қойыпсыздар. Орыстың ұлы ақынына екінші ескерткішті ашып ұлықтауды білгенде, қазақтың ақындарын неге ұмытасыздар?  Алматыда қазақтың төл ақын ұлдары Мағжан Жұмабаевтың, Шәкәрімнің,  Ахмет Байтұрсыновтың, Жұмекен Нәжімединовтың,  Сәкен Сейфуллинның, Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шаханов, Фариза мен Жәркен Бөдеш секілді қазақтың ұлы ақындарының ескерткіштері жоқ. Қазақ ұлтының ұлы ақындарына арнап дәл осындай қымбат композиция орнатуға не кедергі?», — деді Дина Елгезек.

Осыған байланысты қоғам өкілдері ұлттық мәдени мұраға басымдық беріп, қазақ ақындарына арналған сапалы әрі мазмұнды ескерткіштер салу мәселесін қайта қарауды ұсынды.

Еске сала кетсек, Астанада сот Бас прокуратура қызметкері Әсет Жүкеновті ішімдік ішкен күйде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп таныды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →