×

30 жыл мемлекет қазынасын тонағандардың дүниесін қайтаруды мақсат тұтып отырмыз – Абзал Құспан

Ол Қазақстанда жұмыс істеп, салық төлеп отырған шетелдік компаниялар туралы айтты

30 жыл мемлекет қазынасын тонағандардың дүниесін қайтаруды мақсат тұтып отырмыз – Абзал Құспан
t.me/mazhilis_kz

Парламент қабырғасында «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл заңға қатысты депутаттар мен сарапшылардың пікірі қандай? Qaz365.kz тілшісі өздерінен сұрап білді.

«Иә, депутаттардың бастамасымен халқымыз үшін аса маңызды заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң арқылы біз отыз жыл бойы мемлекет қазынасын тонаған, еліміздің, халқымыздың болашағын ұрлаған жемқорларды жауапкершілікке тартып, олардың жасырған, шетел асырған дүниелерін мемлекетке қайтаруды мақсат тұтып отырмыз», - деді Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан.

Депутат бас прокурор Берік Асыловқа Қазақстан азаматтарына қатысты ауқымды әлеуметтік маңызы бар мәселе екенін айтып, сауал жолдаған. 

«Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңірлерден Атырау облысы донор есебінде бірінші орында тұр, Қазақстанда қызмет етіп жатқан шетелдік үлесі бар компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде ТШО, яғни «ТеңізШеврОйл» компаниясы танылғаны белгілі. Жақында ғана компания өзінің Қазақстан нарығындағы қызметінің 30 жылдығын атап өтті, осы уақыт ішінде ол Қазақстан қазынасына 176 миллиард доллар қаржы құйған», - деді мәжілісмен.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық та бұған келіседі. Ол мұндай компанияларды тексеру қажет деген пікірде.

«Теңізшевройл» секілді елімізде ірі компаниялар жұмыс істеп жатқанын жақсы білесіздер. Олар алғашында Қазақстанға инвестор ретінде келгенде, келісімшарт қате істелінгені айтылады. Біз ұлттық экономикамыздың қауіпсіздігіне қатер төндіретін мүдделерді беріп қойғанбыз. Келісімшарттар құпия түзілген. Бұл басқа тақырып. Уақыт өте келе ол мәселелер көтеріледі. Осы күні шетелге асқан активтерді қайтару керек деп дабыл қағып жүрміз ғой. Бірақ әлі күнге елден кетіп жатқан ақша көп. Түрлі схемалар бар. Жолдарын қарастырып қойған. Сондықтан қайсысы заңды, қайсысы заңсыз екенін білмей қалдық», - дейді Мақсат Халық. 

Ол тек квазисектор саналатын ұлттық компаниялар төңірегінде ғана емес, елімізде инвестор ретінде жүрген ірі компаниялардың айналасында да мұндай заңсыз шығарылған ақша жеткілікті деп санайды. 

«Мұндай компанияларды тексеру керек. Әзірге қолымызда ешқандай дәлел жоқ. Алайда жан-жақты қаралауы тиіс. Офшор асып жатқан активтердің бар екені туралы әр түрлі сыбыстар жеткілікті. Шетелге асқан активтерді қайтаруға қатысты заң қабылдануға жақын. Белгілі бір деңгейде серпіліс жасалып жатыр. Дегенмен бұл мәселе белгілі бір деңгейде өз шешімін табар емес. Әлі де заңда олқылықтар бар. 100 миллион доллардан асатын активті сатып алудың заңдылығына байланысты күмән туса, уәкілетті орган субъектіні реестрге енгізу мәселесін комиссияның қарауына шығарады. Одан төмен шығарған қаражатқа тексеріс болмайды. Меніңше, бір миллион доллар шығарса да, тексеріс қажет», - дейді экономист.

Абзал Құспан шетел асқан Қазақстан қазынасын іздестіреміз десек, негізгі назарымызды осы өңірге және әлемдегі ең ірі 5 мұнай кен орнының бірі – Теңіз айлағына аударуымыз керек деп отыр.

«Өкінішке қарай, 30 жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен. Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс істеу емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді», - деді депутат.

Ал Мақсат Халық осы ретте миллиардтаған ақшаны жеп, шетел асырған адамға кешірім берейік деп ұсыныс айтқандарды түсінбей жүргенін айтты. Жемқорлыққа қатысы бар жандар рақымшылыққа ілінбеу керек деп санайды.

«Ауылда поштадан 1 адамның зейнетақысын ұрлаған адам 10 жыл арқалап сотталады. Ал мемлекеттің миллиардтаған ақшасын жеп кеткенге қалай еркіндік беріп, тайраңдатып қоюуымыз керек? Ондай азаматтардың жазасын беретін уақыт келді. Сонда өзгелерде де аяқтарын тарта бастайды. Ойланады. Әйтпесе, әр түрлі схемамен шетелге ақша шығарып жатқандар баршылық. 730 миллиард теңге елге қайтты деп жатыр. Бұл әлі де аз. Өйткені шетелге заңсыз асып кеткен ақша 100 триллионнан көп. Ол дегеніміз Қазақстанның бір жылдық ішкі жалпы өнімімен теңбе-тең. Сол ақшаны қайтарудың жолын ойластыруымыз қажет», - дейді сарапшы.

Экономист ақшаны қайтарған кезде қай шотқа аударып жатыр сол жағы да күмәнді деп санайды. Өйткені «Қазақстан халқына» қоры секілді арт жағы сиырқұйымшақтанып кете ме деп қорқақтайды. Мақсат Халық шетелден қайтарылған ақша Ұлттық қорға аударылу керек деп отыр. 

«Ұлттық қордың қаражатын сол арқылы ұлғайта аламыз. Келесі жылы балаларға есепшот ашылады. 18 жасқа толғанда 3 мың доллар қаржысы болады деп жатырмыз ғой. Егер 100 трлн кемі 30 пайызын қайтарсақ, ұлттық құрды үш есеге ұлғайтар едік», - дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Пасха мерекесімен құттықтады
Бүгін, 09:10

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Пасха мерекесімен құттықтады

Бұл мейрам – мейірімділік пен ізгіліктің көрінісі
Вранчевтің бұл сөзіне Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова қарсы шықты
Өзін-өзі өлтіре алмаған кезде Бишімбаев әрекеттері үшін жауап беруі керек екенін түсінгенін айтады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →