×

Сатылықтар «инвесторлар» қараусыз қалдырған жерді халыққа қайтаруды сұрайды

Акционерлердің барлығы – шетелде оқыған, ірі компанияларда қызмет істеген, Кеген ауданын тұтас сатып алуға мүмкіндігі бар қалталылар

Сатылықтар «инвесторлар» қараусыз қалдырған жерді халыққа қайтаруды сұрайды
Silk Road News видеосынан

Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылының тұрғындары қолдағы малын  жаятын жер таппай отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 7kun.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған себеп – ауыл маңындағы жерлердің сатылып кеткені. Ең қызығы, сатылған жерді пайдаланып жатқан тағы ешкім жоқ, көпшілігі бос жатыр.

Silk Road News медиажобасына сұхбат берген тұрғындардың айтуынша 1996-98 жылдары Бондарчук есімді кәсіпкер келіп, халықты жұмыспен қамтимын, шұжық цехы мен наубайхана ашамын, сүт фермасы болады, ауыл мен  ферма арасына автобус жүргіземін, деп уәдені үйіп-төгіп, жер сұраған.

Сол тұста Көлсай көлдеріне жол нашар, туризм дамымаған, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтып отырған Ұлттық парк пен шекара бекеті жоқ, жұмыссыздар көп болғандықтан, тұрғындар келісім беруге мәжбүр болған. Нәтижесінде «инвесторға» ауылдан 4 шақырым жерде, әйгілі Қайыңды көліне баратын жолдың бойынан 280 гектар жер берілген.  


«Казмясо» ЖШС-нің Саты ауылы маңындағы бос қалған шаруашылығы

 

Кәсіпкер мал базын салып, жерді қоршаған соң, 2004-2006 жылдары «Казмясо» ЖШС-не сатып кеткен. Ауыл тұрғындарына берген уәдесінің бірде-бірін орындамаған. Ал «Казмясо» болса, екі жылдай ангус сиырын бағып, кейін аудан орталығына жақын, жері жазықтау Ақтасты ауылына көшіп кеткен.

 

Аудан тұрғындары ет өндірумен айналысатын бұл компанияның атын  бірінші рет атап отырған жоқ. 2022 жылы бірнеше ауылдың тұрғындары аталған серіктестік қыруар жерді қоршап алды, мал жаятын жеріміз жоқ, деп шу шығарған. Тіпті Кеген ауданының сол тұстағы аудан әкіміне сенбейміз деп, Президентке хат жазған. Бұл туралы Abai.kz сайтына шыққан мына мақаладан толық оқып шығуға болады: Президентке хат: «Кеген ауданының әкіміне сенбейміз» 

Бұл мақалада “Казмясоның” «Кеген ауданы аумағында мемлекеттік актісі бойынша  2944,41 гектар, сатып алған 3,0 мың гектар, барлығы 5944,41 гектар жері бар. Алайда ол 20,0 мың гектар жерді қоршап алып, пайдалануда» деген дерек келтіреді.  

Тұрғындардың айтынша, мұның ішінде Саты ауылы аумағындағы жер көлемі 1000 гектардан асады. Компания 2013 жылдың 25 қазанында дәл осы Саты ауылы, көшесіз 1 мекенжайында тіркелген. Көшесіз деп көрсеткен мекенжайы осы Қайыңды сайындағы мал базы болса керек. Алайда, жоғарыда жазғанымыздай, Ақтасты ауылына көшіп кеткен соң,  Қайыңдыдағы шаруашылық жұмысы тоқтаған. Қазір мұндағы 280 гектар жер бос қалған.  

 

Саты ауылының тұрғыны Ә.Батанов сұхбат беріп тұр.

 

«Әр үйде 4-5 сиыр, оншақты ұсақ мал бар, оны кезекпен бағамыз, бірақ қыруар жер қоршаулы жатқандықтан, жолдың жиегіне бағуға мәжбүрміз. Жол жиегінде кейбір малды көлік соғып өліп жатыр. Мына қоршаулы жердің маңына жайылып барған мал бес қабат темірге оралып өліп жатыр. Бұл мәселені аудан басшылары біледі. 2023 жылы ақпан айында дәл осы мәселе бойынша аудан әкімі бастап, аппаратының түгел қатысуымен  ауылда жиналыс өткен. Кездесуден соң аудан әкімі Талғат Баеділовке жеке кіріп, осы мәселені айтып бердім. Бірақ бір нәтиже жоқ. Жақында ол жұмысынан ауысып кетіп қалыпты. Ауыл де әкімі жақсы біледі. Бұл айтылғалы 5-6 жыл болып кетті. Айтылып-айтылып әлі келе жатырмыз», – дейді ауыл тұрғыны Әкім Батанов Silk Road News-ке берген сұхбатында.

Тағы бір тұрғын Сембай Иманбаевтың айтуынша, ауыл маңында бос жер жоқ. Бәрін қалталылар сатып алған.


Саты ауылының тұрғыны С.Иманбаев

 

«Ауыл маңында мал жаятын жер жоқ. Қайыңды сайы ғана емес, ауылдың бас жағындағы Сегізсай деген жер бар, оны да қарағайға дейін қоршап алған. Талды, Ботамойнақ деген жерлер бар, оны да сатып жіберіпті. Сонда халық малын қайда бағады? Ал мына жерді «Казмясо» тағы біреулерге сатқалы жатыр. Осы жерлерді халыққа қайтарып берсе. Жақсы жердің бәрін сырттан келгендер сатып алып жатыр», – дейді ауыл тұрғыны.

 

Тұрғындардың айтуынша, жерді алғандардың көбі пайдаланбайды. Иелерінің көпшілігі тіпті ауыл тұрғындары да емес. Алматыда отырып, ауылдағы жерді жалға беретіндері де бар.


Қарабұлақ ауылының тұрығыны Жеңіс Кемелбеков

 

«Казмясо» Сатыдан шамамен 1000 гектардай, біздің Қарабұлақтан да 500 гектар жер алған. Қазір заңда бар ғой, ауылшаруашылығы жерлері жалға берілмейді, қайта сатылмайды, деген. Бұл адамдар оны қалай сатпақшы, түсініксіз. Өзім 10 жылдан бері 5 гектар шабындық жер ала алмай жүрмін. Ауылшаруашылығы жерлерін қолы жеткендер алып алған. Ауыл азаматтары мал бағайын, уақытша пайдаланайын деп сұраса, сатылады, деп 200 миллионнан астам ақша сұраған. Әркім алып, біріне-бірі сатып, ойына келгенін істей берсе, қалай болады? Пайдаланбаса, халыққа қайтарып берсін. Бір-бір күзетшіні отырғызып, қоршап қойған. Пайдаланып жатқан жоқ. Халық болса, бос жатқан жерге мал жая алмай жүр. Жоғары жақтағы депутаттар, министрлер осыны естісе, жерге қайтадан тексеріс жүргізсе. Малы бар, нақты пайдаланатындар алсын. Өз мақсатына пайдалансын», – дейді Silk Road News-ке сұхбат берген Қарабұлақ ауылының тұрығыны Жеңіс Кемелбеков.

 

МӘСЕЛЕ ЖАЙЫЛЫММЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Сатыдағы жер мәселесі жайылыммен ғана шектелмейді. Туризм дамығалы кезінде қалаға көшіп кеткендер қайтып келгендер, сырттан келіп, қонақ үй салып алғандар көп. Ал жергілікті жастар үй салатын жер таппай сенделіп жүр. 50 жер телімі беріледі деген, алайда ол да шешілмеген.

«Мен қазір әкемнің қолында тұрамын. Жасым отыздан асып кеткен. Жер алып, үй салайын десем, жер жоқ. Бермей жатыр. Кезекте тұрғалы біраз болды. Оның өзінде жүз бірдеңесінші болып тұрмын. Мыңнан астам адам кезекте тұр. Аудан әкімі Талғат Баеділов қаншама рет келіп, шешеміз, деді. Соңғы рет жақында ғана келді. Әлі шешілмеді», – дейді Есен Сұраншиев.


Саты ауылының тұрғыны Е.Сұраншиев

ЭКС-ӘКІМ МЕН «КАЗМЯСО» МӘСЕЛЕНІ ШЕШУГЕ КӨМЕКТЕССІН  

Ауыл тұрғындары атын атаған экс-әкім Талғат Баеділов – қазір Алматы облыстық мәслихатының хатшысы. Құрығы ұзын, құзыры кең қызметте. Сатылықтар аудан әкімі кезінде орындай алмай кеткен жұмыстарына бір айналып соқса дейді.

Сонымен қатар «Казмясо» басшылары да Қайыңдыда пайдаланбай отырған жердің мәселесін халықпен бірге талқылап, шешсе деген өтініші бар. Мұндай мәселені былтыр басқа да ауылдардың тұрғындары көтерген. Бірақ, «Казмясо» тарапынан ешқандай жауап жоқ.  

АЛ «КАЗМЯСО» КІМГЕ ТИЕСЕЛІ?  

kompra.kz сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, компанияның қазіргі заңды мекенжайы Кеген ауданы, Тасашы ауылы, 134 есептік квартал, 56 мекенжайына тіркелген. Негізгі қызмет бағыты — ірі қара мен буйвол өсіру, етті өңдеу мен консервілеу.

2019 жылдың 25 сәуірінде қайта тіркелген. Компания 2015 жылдан бері 123 761 094,87  тг салық төлеген. Кеген ауданындағы ірі салық төлеуші, инвестордың бірі.

Директоры Бозжанов Толеген есімді азамат. Компанияның 7 құрылтайшысы бар:

«BAITEREK VENTURE FUND» АКЦИОНЕРЛІ ҚОҒАМЫ.

БОЗЖАНОВ ТОЛЕГЕН ДЖУМАДОВИЧ

АРГИНГАЗИН АРМАН АНУАРБЕКОВИЧ

КАРСЫБАЕВА НУРИКАМАЛ КАППАСОВНА

БЕКМУРЗА КАНАТ БИРЛИКУЛЫ

КУНАКБАЕВА АЛТЫНГУЛЬ НУРЛЫБАЙОВНА

ГРИГОРЬЕВА МАЯ ВАСИЛЬЕВНА

Өткен жылы құрылтайшылар қатарында ірі кәсіпкер КИМ ВЛАДИСЛАВ ГЕННАДЬЕВИЧ те бар еді. Аталған азамат, сол тұстағы деректер бойынша, қазақстандық Forbes-тің «Ең қалталы 50 адам» рейтингінде $240 000 000 қаражатпен №27 орында тұрған. KAZ Minerals PLC.миноритарлы акционері, одан бөлек Шонжы ауылында көкөніс өсіретін «Энигма Инвест»ЖШС иесі. Forbes-тің 2020 жылғы рейтингінде ғимараттарды жалға берумен айналысатын «Лафонда Казахстан» ЖШС, Алматы облысында мал өсірумен айналысатын «Жаңа Ақтасты» ЖШС иесі деп те көрсетілген. Биыл «Казмясо» құрылтайшылары қатарынан шыққан сияқты. Ашық деректерде аты көрсетілмеген.  

Ал қалған құрылтайшыларына келсек, «Бәйтерек» мемлекеттің қатысуымен ұлттық экономиканы дамытуға бағытталған жобаларға инвестиция салумен айналысатын қор. «КазМясо» құрылтайшыларының құрамына кіруге басты себеп жобаға мемлекет тарапынан инвестиция салынған болуы мүмкін.

Компания директоры, акционерлерінің бірі 47 жастағы Төлеген Бозжанов «Халық банк», жабылып қалған «Қазкоммерцбанк», «КарТел», «Қазмұнайгаз» сынды үлкен компанияларда басшылық қызметтерді атқарған.

Арман Арғынғазин «Халық банк», «ABN AMRO Bank Kazakhstan» компанияларында қызмет атқарған. «Тау-Кен Самрұқ» АҚ тәуелсіз директоры, ENRC Plc компаниясының Лондон қор биржасында акция орналастыруымен айналысқан.

Нурикамал Карсыбаева туралы тек Медициналық универисеттің түлегі екені туралы ақпаратты көруге болады.

Қанат Бекмұрзаның «Каскор-Транссервис» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Қазмұнайгазға тиеселі Rompetrol Group-тың еншілесі Rominserv компаниясының директоры болғаны, қазір Verus Engineering компаниясының басшысы екені туралы ақпарат табылды.

Ал Алтынгуль Кунакбаева туралы ақпарат тек «ARCELORMITTAL TUBULAR PRODUCTS AKTAU» АҚ байланысы бар тұлғалар тізімінде жүр.

Мая Григорьева туралы оның логопед дәрігер екені туралы ғана ақпарат бар. Өмірбаяны толық көрсетілмеген тұлғалар акционер қатарында бар, бірақ атының аталуын қаламаған адамдардың жақын туыстары ретінде акционерлер қатарына қосылған сияқты.

Компания басшысы Бозжанов мырзаның strategy2050.kz сайтына берген сұхбатына қарасақ, компанияның активтері: Абердин Ангус 3 000 бас, 6 000 басты бордақылау алаңы, 15 мың гектар жайылым, шабындық жер, 1 000 басқа финалдық бордақылау алаңы, 10 тонна өнімді өңдеу, кептіру кәсіпорыны, Алматы қаласында ет бутиктері бар. 100-ге дейін қызметкер еңбек етеді.

Қысқасы акционерлердің барлығы – шетелде оқыған, ірі компанияларда қызмет істеген, Кеген ауданын тұтас сатып алуға мүмкіндігі бар қалталылар. Компанияның өзі – еліміздегі ең ірі ет өндірушілердің бірі.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА AMANAT-ТЫҢ КОМИССИЯСЫ ЖҮР

Комиссия мүшелері: Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов, депутат Бақытжан Базарбек,
«Amanat» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек

Сатының халқы Silk Road News-ке сұхбат беріп шулап жатқанда, Алматы облысына «Amanat» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек бастаған Республикалық жер комиссиясы барып кетті. Құрамында жер мәселесін жетік білетін депутат Бақытжан Базарбек, осы өңірдің тумасы Жанарбек Әшімжан бар комиссия Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек аудандарында болған. Жұмысы қауырт болса керек, Кеген ауданында Қарқара ауылы мыңында екі сағаттай аялдап, біраз адамның мұң-мұқтажын тыңдаған. Саты – аудан орталығынан қиыс жатқан жер. Көлсайға барып демалып қайтуды көздегені болмаса, анау-мынау комиссия бара бермейді. Сондықтан сатылықтардың жайылым мәселесіне қатысты мұңын журналистер ғана тыңдапты.

«Жер – халықтың ең қымбат қазынасы. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз», – депті бүгін аталған комиссияның сапары туралы әлеуметтік желіде пост жазған партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.  

Жазбада өңірде жыл басынан бері 44,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны,  жыл соңына дейін 220 мың гектарға жеткізуді көздейтіні айтылған. Саты ауылының тұрғындары мұны қуана қабылдайды. Осы 220 мыңның ішінде Сатының да жері бар шығар деп үміттенеді. Өйткені жүздеген адам мал бағатын жер таппай жүргенде, бір компанияның қыруар жерді қоршап алып, пайдаланбай отырғаны әділетсіздік, деп санайды.

БҰЛ – САТЫЛЫҚТАРДЫҢ ҒАНА МӘСЕЛЕСІ ЕМЕС

«Казмясо» компаниясы Сатыдағы жерді қоспағанда, Тасашы ауылдық округіне қарасты Ақтасты, Сарыкөл, Қарқара ауылдық округіне қарасты Қарқара, Ереуіл, Мыңжылқы, Бөлексаз ауылдық округіне қарайтын Шырғанақ, Тасбұлақ, Шайтансай сайына иелік етіп отыр. Ауданға белгілі қарт фермер Бұршақбай Белеков Кеңес өкіметі тұсында тек Бөлексаз маңында ғана 7 мың бас мал бордақыланғанын айтады. Бес мың сиырды 5 ауылдың жеріне бағуды түсінбеген қария мұны Қарқарадағы комиссия өкілдерімен кездесуде де айтыпты. Комиссия тыңдап, аудан әкімінің орынбасарына, мәслихат хатшысына, «Amanat» филиалының төрағасына қадағалау туралы тапсырма берген. Ал тұрғындарға «бірігіп осы мәселе бойынша Ақсақалдар алқасын құруды, арыз жазуды» ұсынған. Аудан халқы – жайылым жер іздеген тұрғындар қайда болса да баруға дайынбыз дейді. Бұған дейін де барған. Өйткені айтылып келе жатқанына талай жыл болған мәселеден облыс әкімі де хабардар. Сондықтан «Amanat» партиясының бас кеңсесі, депутаттар бұған баса назар аударса дейді.

Редакциядан: Бұл мәселеге қатысты «Казмясо» компаниясының пікірін білгіміз келген. Алайда ашық деректерде көрсетілген телефондарға хабарласа алмадық. 7kun.kz — еркін ақпарат алаңы. Ұлт мәселесі мен қоғамда болып жатқан жайттарға үн қосып, пікір білдіруге әркім қақылы. Мақала редакция ұстанымын білдірмейді. Жоғарыда аттары аталған компания мен жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге мүдделі болса, олардың да пікірін жариялауға әзірміз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Көпұлтты Оспановтар отбасы ауласына жеміс ағаштарын отырғызды
Бүгін, 16:57

Көпұлтты Оспановтар отбасы ауласына жеміс ағаштарын отырғызды

Акцияны қолдау мақсатында Жамбыл ауданында бірқатар іс-шаралар өтуде
Конгрестің мақсаты  – медициналық құрал-жабдықтаруды ұсынушы, жеткізуші тарап пен соны күнделікті өмірде қолданатын кәсіби мамандар арасында алтын көпір болу

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →