×

«Қазақтың намысына тиіп жатыр»: Депутат Құспан тіл заңына жауапты уәкілетті органды бекітуді талап етті

Әкімшілік кодекс қабылданғалы шешілмей келе жатқан бір мәселе бар

«Қазақтың намысына тиіп жатыр»: Депутат Құспан тіл заңына жауапты уәкілетті органды бекітуді талап етті
Мәжіліс

Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың алдында депутат Абзал Құспан осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, әлеуметтік желіде қазіргі таңда қазақтың намысына тиіп, әркім әртүрлі сөз айтып, тіл заңын елемей жатыр. Депутат тіл заңын қадағалайтын Тілдерді дамыту комитеті еш мәселені шешпейтінін, тексеру жүргізе алмайтынын айтады.

«Әкімшілік кодекс қабылданғалы бері шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Әкімшілік кодекстің материалдық бөлігінде 75-бап бар. Ол бап тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуды көздейді. Қазір қоғамда қазақ тілі мәселесі күйіп тұр. Енді ең қызығы, 75-бапта айыппұл көрсетілсе де, 804-бапта процестік бөлігінде әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген», – деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, қазір әлеуметтік желіде тіл туралы заң өрескел бұзылып жатыр. Әркім аузына келгенін, қазақ ұлтының ар-намысына тиетін сөздерді айтады. Соларды жауапкершілікке тартатын бірде-бір уәкілетті орган жоқ.

«Бұл тек 75-бапқа байланысты. Біз 75- бапты жұмыс істемейтін бап ретінде алып тастауымыз керек. Әйтпесе, біз уәкілетті органды белгілеп, тіл заңын бұзған жағдайда уәкілетті орган тәртіпке салуы керек», – деді депутат.

Депутат Тілдерді дамыту комитеті бір министрліктен екіншісіне көшіп, құзыреті жоқ органға айналғанын, ол ведомствода бақылаушы функция жоқтығын атап өтеді.

«Халықты алдамай, осы мәселені бір жаққа шығару керек», – дейді Абзал Құспан.

Алма Мұқанова «біз бұл мәселені қарауға дайынбыз, пысықтау жұмысын жүргізу керек» деп жауап берді.

«Әрине, бізде 36 тарау барлық осы хаттамаларды толтыратын уәкілетті органдардың тізімі бар болуы керек. Егер 75-бап бойынша уәкілетті орган айқындалмаса, біз бұл мәселені көтеріп, жұмыс тобы аясында пысықтауға дайынбыз», – деді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →