×

Ұлытау кереметтері: Ежелгі өркениет ізімен

Тарихи-мәдени кешен

Ұлытау кереметтері: Ежелгі өркениет ізімен

Сізге уақытты әсерлі өткізуге және ең қызықты орындарды таңдауға көмектесетін шағын шолу әзірледік. Тамыры терең тарихпен астасқан мәдени мұра мекені — Ұлытауды бірге аралап, ерекше әсерге бөленейік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Жошы хан» тарихи-мәдени кешен – тарихи тұлға Жошы ханның өмірі мен мұрасын танытатын маңызды мәдени нысан. Мұнда келушілерге арнайы экспозициялар, деректі фильмдер мен заманауи мультимедиалық технологиялар арқылы ақпарат ұсынылады.

Алаша хан мазары. Сәтбаев қаласынан 60 шақырым шығысқа қарай, Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында, Малшыбай ауылынан батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. XVғ. соңында салынған құрылыс. Аңыздардың бірінде мазар көне мемлекет Тұранның ханзадасына тиесілі болған. Екінші бір нұсқада бұл жерде Батыс түрік қағанатының қағаны жерленгені айтылады. Кей ғалымдардың жорамалдары бойынша қазақ ханы Хақназар жерленген.

Теректі Әулие петроглифтері — қола дәуірінен сақталған жартастағы суреттер кешені. Бұл тас беттерінде аңшылық, жануарлар мен адамдар бейнеленген көне өрнектер кездеседі. Ескерткіш Ұлытау өңірінің ежелгі мәдениеті мен наным-сенімдерінің айғағы болып табылады. (Жезқазған қаласынан шығысқа қарай 80 шақырым жерде, ал Теректі теміржол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан).


Бор дәуірінің көрікті Ақжар таулары Қорғасын ауылынан солтүстік-батысқа қарай 35 км жерде орналасқан. Түрлі-түсті реңктері бар аласа төбешіктер «Марс пейзажына» ұқсайды. Бұл қазақстанда бүгінгі күнге дейін сақталып келген табиғи ландшафттарға табынудың ең жарқын қасиетті нысандарының бірі.