50 жастағы ер азамат қыркүйек айында өзін шекарашылар полиция бөлімшесіне апарғанын айтады
Түркістан облысына қарайтын Шардара ауданының тұрғыны Нартай Хожанов құзырлы орган өкілдерінен қорлық көргенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Сегіз ешкіні сен ұрладың» деді
50 жастағы ер азамат қыркүйек айында өзін шекарашылар полиция бөлімшесіне апарғанын айтады. Сөйтіп, табалдырықты аттаған беттен ұрып-соғып, азаптағанын дәлелдей алмай жүр. Алғашында өзін тіркеуден өтуін сұрап, полицияға алып кеткен. Барған бойда жұдырық астына алған.
«Орысқұдыққа барғанда әскери бөлімнің көлігімен екі жағымда екі солдат отырды. Сөйтіп мені Шардара заставасына алып келді. Ол жерден Дархан есімді азамат мені РОВД-ға алып барды. Ж. Н.-ның алдына алып барды. 12 кабинетке кірдім, кірген жерден әй-шай жоқ мені ұра бастады. Ернім қанап, көгеріп кетті. Оның бәрі аз десеңіз аузымды скочпен байлап, басыма пакет кигізді. Сөйтіп, жыныс мүшемнен бұрап, допша домалатты. Бір кезде көрші кабинетке апарым сегіз ешкіні ұрлағанымды мойындауларын сұрады. Иә, мен қойшымын. Бірақ, ешқандай ешкі ұрламағанымды айттым» дейді Нартай Хожанов.
Азаптаған адам кейін кешірім сұрады
Жәбірленуші сөзінше ешкіні ұрлады деп көрші отардағы шопан айтқан. Жала жапты деген ол қойшы да тепкі астында қалған дейді. Есі кіресілі-шығасылы тұрған ер адамды полицейлер әуелі ауруханаға апарып, кейін жездесінің үйінде қалдырған. Осылай деген Нартай Хожановтың денсаулығына зиян келгенін әйелі байқаған. Осыдан соң Хожанов әпкесімен прокуратураға арыз жазады. Содан кейін үйіне өзін қорлаған Н.Ж. келіп, кешірім сұрап, ұрлықты басқа біреу жасағанын айтқан.
«Бірақ, бәрі кеш еді. Өйткені дәрігерлер маған өте ауыр диагноз қойды» дейді жыларман болған жігіт ағасы.
Сегіз ешкіні ұрлады деп ұрып соқты деген азаматтар үш айдан бері жазаланбапты.. Прокуратура «дәлелі жоқ» деген желеумен арызды қабылдамаған. Содан бері сандалып жүрген азамат ақыры адвокат жалдап, әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізуді жөн көрген.
Жәбірленушінің заңды өкілі не дейді
Жәбірленушінің заңды өкілінің көмекшісі Жадыра Наурызбайқызы Нартай Хожанов өзіне желтоқсан айында келгенін айтты. Сол кезде видеоүндеу жасап, ақыры прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Алайда онда бір ғана бап көрсетілген. «Билігін асыра пайдалану» бабына «Азаптау», «Адам ұрлау» баптарының да қосылуын талап етеміз» дейді ол.
Өкініштісі сол жалғыз қыз тәрбиелеген Нартай Хожановтың енді балалы болуы екіталай. Өйткені ер адамды азаптады деген құзырлы орган өкілдері оның жанды жерінен екі рет бұраған. Зақым кесірінен Түркістан облысының тұрғыны әлі күнге дейін қиындықпен отырып тұрады. Өзі Өзбекстаннан он жыл бұрын қоныс аударған қандас содан бері жұрттың қойын бағып келемін дейді. Келіншегі болса мектеп асханасында жұмыс істейтінін жеткізді.
Прокуратураның мәліметі
Түркістан облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасымен Хожановтың арызы негізінде Шардара АПБ-нің қызметкерлеріне қатысты КР КК-нің 362-бабы, 1-бөлігімен тіркелген қылмыстық іс тіркелген.
«Қазіргі таңда қылмыстық істің тергеу барысы бақылауға алынып, облыс прокуратурасының нұсқауына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жургізілуде» дейді Түркістан облысының прокуратурасы.