×

Кандидат бюллетеньдерді жәшікке топтап салған мұғалімдерді қылмыстық жауапқа тартуды талап етті

Оларға айыппұл салынған

Кандидат бюллетеньдерді жәшікке топтап салған мұғалімдерді қылмыстық жауапқа тартуды талап етті
Видеодан кадр

Қарағанды облысы Ақтас ауылында сайлау жәшігіне бюллетеньдерді топтап тастаған екі мұғалімге айыппұл салынды. Кандидат қылмыстық іс ашуды талап етеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Қарағанды облысындағы Ақтас елді мекенінде 19 наурызда өткен сайлауда №279 учаскеде дауыс беру жәшігіне бюллетеньдерді топтап салған сайлау комиссиясының екі мүшесі әкімшілік жазаға тартылған. Бұл туралы Саран қаласының прокуратурасынан 20 наурызда келген жауапта жазылған.

"Ақтас елді мекеніндегі №279 сайлау учаскесінің төрағасы Г.Разагулова мен бақылаушы О.Бурковская бюллетеньдерді топтап салған. Тең сайлау құқығын бұзып, басқа сайлаушының орнына дауыс бергені үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Сондықтан Разагулова мен Бурковскаяны Әкімшілік кодекстің 108-бабымен жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығарылды", –  делінген прокуратураның жауабында.

Хатта қандай жаза қарастырылғаны айтылмайды. Алайда әкімшілік кодекстің 108-бабында мұндай іс-әрекет үшін 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (86 250 теңге немесе шамамен 189 доллар) айыппұл салынатыны айтылған.

Тағы оқыңыз: Балалардың болашағын ұрладыңыз - танымал мұғалім сайлаудан кейін әріптестерін сынға алды

19 наурызда Ақтастағы 13 мектепте орналасқан №279 сайлау учаскесінде екі адам сайлау жәшігіне бюллетеньдерді топтап тастап жатқаны түсірілген видео тараған. Оны жергілікті мәслихатқа өзін өзі ұсынған Жандос Сәдуақасовтың сенімді өкілі Шыңғыс Пірім түсірген. Оның Азаттыққа түсіндіруінше, комиссия мүшелері "еден жууымыз керек" деген сылтаумен сыртқа шығуды өтінген.

“– Шамамен кешкі 5-тен аса "дезинфекциялап алуымыз керек, еден жуамыз" деп, бізді сыртқа шығарып жіберді. Шығып бара жатқанда мен телефонның камерасын қостым да, күртемнің қалтасына салып кетіп қалдым. Камера ғана шығып тұрды, олар телефонды байқамады. Қайтып келсем, 5 минут 12 секунд видео түсіпті. Сол 5 минут 12 секундтың ішінде бюллетеньдерді салып үлгерген ғой”, – дейді Шыңғыс Пірім.

Осыдан кейін Пірім өз кандидаты – Жандос Сәдуақасовты шақырған. Ол учаскеге келіп, дауыс беруді тоқтатуды талап еткен. Алайда комиссия төрайымы оны шығарып жіберген. Сәдуақасов сол жерге полиция шақырып, арыз жазған. Дауыс беру сол күйі тоқтамаған.

“– Кейін маған Ақтастың әкімі келді. Арызымды кері қайтаруды сұрады. Қайтармайтынымды айтып ем, кетіп қалды. Осыдан кейін прокурор келді. Мен бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрап, арыз жазып бердім. 20 наурыз күнгі жауабын мен 23 наурызда алып отырмын. Мен бұл жауапқа қанағаттанбаймын. Әрі қарай шағымданамын. Бұл – айыппұлмен құтылатын іс емес, екі мұғалімге қатысты қылмыстық іс ашып, жауапқа тарту керек”, – дейді Жандос Сәдуақасов.

Оның сөзінше, заңсыздық жасаған екі адам мектепте мұғалім болып істейді.

24 наурызда Азаттық тілшісі осы мұғалімдер жұмыс істейтін мектепке хабарласқанымен, олардан жауап ала алмады. Ондағылар химия, орыс тілі пәндерінен сабақ беретін екі адам "түсте келуі мүмкін" деді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →