Оқиғасы салдарынан бір адам қайтыс болып, 18 жолаушы ауруханаға жеткізілді
Қарағандыда екі автобус соқтығысып, қоғамдық көлік жүргізушісі көз жұмды, 18 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін таңертең Қарағанды қаласының ДСК ауданындағы көпірде екі қоғамдық көлік соқтығысып қалды. Автобустардың бірінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
“Жол-көлік оқиғасы салдарынан № 41 автобус жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды, 15 жолаушы мен №146 маршрут жүргізушісі медицина мекемесіне жеткізілді. Оқиға болған кезде № 41 автобус бос болды”, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы анықталуда. Көлік апаты орнында жедел-тергеу тобы, ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Автобус кондукторларының бірі осыған дейін 112 қызметіне хабарласып, жолға құм себу керектігін айтқаны белгілі болды. Қарағанды қаласы әкімдігінің мәліметінше, жолдарға құм себу таңғы алтыдан бері жүзеге асырылып жатыр.