Министр журналистердің сұрақтарына жауап берді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 13 адамның өмірін қиған (ішінде студенттер де болған) хостелдегі өртке байланысты Алматыға неге бармады? Министр ретінде сол үшін жауапкершілікті сезіне ме? Бұл сұрақ министрге бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында қойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Оқиға болған күні мен шетелде іссапарда болдым. Алайда оқиға орнына менің орынбасарым Дархан Ахмет-Зәки мен комитет басшысының орынбасары Әділет Тойбаев барды. Әділет Тойбаев бірден үкіметтік комиссия құрамына енді. Вице-министрімізбен бірге осы уақытқа дейін Алматыда болды. Мен елге ұшып келгеннен кейін бірден жұмысқа кірісіп, бәріміз тиісті шешімді қабылдадық», – деді Саясат Нұрбек.
Тамызда жатақхана мәселесі жөнінде есеп берген Саясат Нұрбек сол оқиғаға байланысты жауапкершілікті сезіне ме? Бұл сұраққа берген жауабында қандай жағдай болмасын министр әрі кабмин мүшесі ретінде салада болып жатқан істерге байланысты жауапкершілікті сезінетінін айтты.
«Сонымен қатар біздің оқу орындары келісімге келген 85 хостелде тиісті тексерулер жүргізілген. Мұндай жайттар ол хостелдерде болған емес. Қала құрылысы немесе сәулет жағынан ереже бұзған жеке ұйым немесе орталық үшін жауапты бола алмаймын. Алайда студенттердің, саланың алдындағы жауапкершілікті басқаға ысырмаймын», – деді ол.
Саясат Нұрбектің айтуынша, әңгіме екі жеке университет – Каспий қоғамдық университеті мен Еуразиялық технологиялық университетіне байланысты болып отыр. Биыл 1 қыркүйектен бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету бағытында ережелерді күшейткен.
«Қазіргі таңда міндетті талап 70 пайызды құрайды. Алайда біз 100 пайызға дейін жеткіземіз. Яғни егер осы маңызды шартты сақтамаса, жоғары оқу орындары лицензия мен білім беру құқығынан айырылады», – дейді ол.