×

Мемлекеттік сатып алу: бүгінгі жаңашылықтар бұрынғы дауларға қалай нүкте қояды

Заңдағы жаңашылдықтың бірі – EPC институты

Мемлекеттік сатып алу: бүгінгі жаңашылықтар бұрынғы дауларға қалай нүкте қояды
Фото: ашық дереккөзден

Осы айдың бас шенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қол қойды. Ақорда заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтетінін, бәсекелестікті дамытуды көздейтінін жазған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Көптен бері талқыланып, сарапшылар сынайтын, Парламент депутаттары сауалдарында әрдайым көтеретін мемлекеттік сатып алу саласындағы қордаланған мәселелерді енді осы заң реттеуі керек. Бірақ көпшілік күткендей реттей ме? Заңды шолып шығайық.

Құйтырқы әрекеттерге тосқауыл

Бұған дейін Қаржы министрі болған Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік сатып алу мүлде дұрыс ұйымдастырылмайтынын айтқан еді. Оның сөзінше, көп жағдайда жергілікті атқарушы органдар жол, мектеп немесе басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде қандай да бір компаниямен алдын ала келісіп алып, соған конкурсты ұтып беруге жағдай жасағысы келеді. Сол себепті ендігі кезекте, конкурс процедуралары толық автомат жүйесіне көшеді. Яғни қызмет көрсету немесе тауарларды сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алуға өтінім берген компаниялар цифрлық жүйеге жоспарына сай ұпай қойып, рейтинг жасайды. Жүйе шешімімен рейтингі жоғары компания тендерді ұтып алады.

Мердігерді конкурстық комиссиясыз, адамдарсыз, жүйенің өзі анықтайтын рейтинг-балды жүйе – тың новелла. Бұл жүйе құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алуға, жобалау және техникалық қадағалау қызметтерін сатып алуға енгізілген әрі қарай кеңейтіледі.

Құрылыс жүйесі енгізіледі

Заңдағы жаңашылдықтың бірі – EPC институты. Яғни, бір мердігер жобалайтын, салатын және жұмысты толық аяқтап, тапсыратын құрылыс жүйесі енгізіліп жатыр. Бұрынғыдай емес, мерзімдер қысқартылып, жауапкершілік ендігі кезекте бір мердігерге жүктеледі. Бүгінгі таңда тапсырыс берушілерге енді осындай мүмкіндік туып отыр. Одан бөлек, оффтейк келісімшарттар тағы бар. Мұны мемлекет отандық тауар өндірушілерді қолдаудың бір тиімді тетігі ретінде қарастырады.

Одан бөлек сатып алу мерзімдері қысқарады. Мерзімдерді қысқартып, рәсімдерді жеңілдетіп, алдын ала талқылау кезеңдері алынып тасталады. Сатып алу рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқарту мақсатында заңда тікелей белгіленген мерзімдер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының деңгейіне ауыстырылады.

Бір көзден сатып алу құқығы

Бұрыннан келе жатқан мәселенің бірі – бір көзден сатып алу жағынан туындайтын мәселелер. Ендігі кезекте, жаңа заң бойынша, тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жедел сатып алуына оңтайлы жағдай жасап, оларға барынша дербестік беру мақсатында құны 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу құқығы қарастырылып отыр. Ауыл әкімдіктері үшін бұл шек 3 мыңнан 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуатын қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алу мүмкіндігі бекітілген.

Конкурс нәтижесінен кейінгі шағымдар

Тағы бір новелла – нәтижелерді қайта қарау. Енді конкурс шешімі шыққаннан кейін мемлекеттік аудит органдары шағым қабылдайды. Жүйе бұрынғыдай емес. Шағымдарды тапсырыс берушілердің өзі үш күн мерзім ішінде қарайды да, бұл жауапкершілік пен тиімділікті арттырады. Тауарды жеткізушілердің де жауапкершілігін күшейтіледі. Мердігер жеткізушілер құрылысты бастап, қандай да бір себептермен аяқтамайтын кездер көп. Белгілі бір айыппұлдар қолданылады, бірақ жалпы алғанда олар үшін айтарлықтай жауапкершілік болған жоқ. Сондықтан,  адал қызмет көрсететіндерге басымдық берілдеі.

Отандық тауар өндірушілердің қамы

Заңды әзірлеген кезде отандық тауар өндірушілерді қолдай отырып, халықаралық міндеттемелерді де бұзбау мәселесі майшаммен қаралған. Оны мемлекет ұлттық режим арқылы реттеуді көздейді. 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін Қазақстанда сатып алуда ескерілуі тиіс 4 мыңнан астам тауар атауы бар.

ЕАЭО елдері тендерге қатты араласып кете ме

Қазақстан ЕАЭО құрамындағы мемлекет. Шартта ортақ нарық, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы да бар екені, оның ішінде отандық тауар өндірушілерге артықшылық берілмейтіні, бірақ ұлттық режим шеңберінде 2 жылға алып қоя алатыны бекітілген. Қазақстан 2 жыл ішінде кейбір тауарды осы режимнен алып тастайды. Жиһаз, трансформатор немесе қиыршық тас секілді тауарларды, қажетті заттарды Қазақстанның кәсіпкерлерінен сатып алынады. Қазір заңда осындай шаралар қабылданған. Осылайша, Қазақстан билігі мемлекеттік сатып алу ережелері шеңберінде отандық тауар өндірушілерге 30% көлемінде аванс беру жөнінде норманы қабылдаған.

Электрондық сатып алу порталы

Ендігі кезекте барлық сатып алу құпия әрі қызметтік пайдалану үшін электронды форматта өткізіледі. Хабарландыру шыққан сәттен бастап шарт жасасу сәтіне дейін –  адам қатыстырылмайды. Яғни, бәрі ашық, автомат жүйесінде. Кез келген адам порталға кіріп, әрбір сатып алуды, техникалық сипаттаманы, шарттың орындалуын көре алады. Заңды әзірлеушілер рейтинг – балдық жүйені цифрландыру және автоматтандыру бойынша негізгі жетістігі деп атайды. Яғни, мердігерді іріктеу процесіне адам қатыспайды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →