×

Қазір бағы бардың заманы емес, талабы бардың заманы – Нұркен Асанов

Адами құндылықтардың болмысы мен кепілі – ұлттық құндылықтар.

Қазір бағы бардың заманы емес, талабы бардың заманы – Нұркен Асанов
Фото: "Сұрауы бар" жобасы

Астанадағы Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектепте Unknownkazak talks жобасының кезекті отырысы өтті. Басқосуда қоғамға белгілі, пікірі бар азаматтар ойын ортаға салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Өміріңнің өрнегін өзің өр, өзіңді тап, өзегіңе орал»

Жалпы Unknownkazak talks жобасы бойынша әр саланың мамандары бас қосып, тың ойларын ортаға салып отырады. Бұл жолы жиынға «Орыстандыру», «Қонаев дәуірі» деректі фильмдерінің авторы, журналист, документалист Әлия Әшім, «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушы, меценат, кәсіпкер Нұркен Асанов, «QazBilim group» компаниясы басқарма төрағасы, педагог Аятжан Ахметжан, Qalan Publishing директоры, ІТ маманы, аудармашы, автор және саяхатшы Садық Шерімбек қатысты. Қоғамға танымал осы азаматтарды көруге, тыңдауға жастар көп жиналды.

Меценат Нұркен Асанов құндылықтар жөнінде пікірін айтты. Оның сөзінше, құндылықтар – болашағымыздың гарантиясы. Өз тәжірибесінде кәсіпкер құндылықтарды үшке бөледі екен: ұлттық құндылықтар, адами құндылықтар және ғылыми құндылықтар. 

«Сондықтан жастар, сіздер ғылыммен, біліммен айналысып жатырсыздар. Қазір бағы бардың шабатын заманы емес, талабы бардың заманы. Дүниені өзімізбен үйлестірмесек, өркениетке өзімізді жетелемесек, дүниені жақсы оқи алмасақ, тілді дамытпасақ онда біз қазақпыз деп көкірек ұрудың қажеті жоқ. Қазақ қашан қазақ болады. Бабы мен бағы үйлескен кезде. Таудай талап бармақтай баққа ешқашан құл болмайды. Екіншіден, кім болсақ та адам боп қалайық. Қиялымызды, армандарымызды амалға айналдыратын уақыт. Ұлттық құндылықтар – Әнұранымыз, Отансүйгіштігіміз, мемлекетшіл рухымыз, тарихи тәліміміз осылай кете береді. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын құралымыз – тіл. Ал осы ұлттық құндылықтардың жаны да, тәні де, рухы да қаны да, энергиясы да – сенім-нанымдарымыз бен салт-дәстүріміз, мәдениетіміз», - дейді ол.

Нұркен Асановтың пайымдауынша, рухани құндылықтар – бір-бірімізге бауырмашылдығымыз, кішіпейілдігіміз, үлкенге құрмет, кішіге ізетіміз. Оны қазақ, орыс, қытай деп бөлудің қажеті жоқтығын айтып, оны ортақ дүние деп есептейді.

Құндылықтар мен принциптер

Кәсіпкер сонымен қатар адами құндылықтардың болмысы мен кепілі – ұлттық құндылықтар дейді. Ұлттық құндылықтарымызды тұғырына қондыру үшін адами құндылықтарды бойымызға сіңіруіміз керек деп есептейді. 

«Сондықтан өзіміз – қасиетімізде, өзегіміз – ата-баба өсиетінде. Ғылыми құндылықтар деген не? Олар - білім, ғылым, тарих әдебиетіміз. Бұл үш құндылық болмайынша миссия да, өзіңді табу да бұл қоғамда қиын. Әрине, өтірікті шындай, шындықты Құдай ұрғандай айтып жүрген қоғамдамыз. Неге? Біз өзегімізден ажырап қалдық. Қазір қоғамда 3 типті адам бар. Бірінші, не боларын білмей жүргендер. Мәшһүр Жүсіп қатты айтады. «Атайын десең аң емес, сояйын десең мал емес адамдар көп» дейді. Екінші, кез келген ортаға бейімделетін, кез келген ортада табылатын, бірақ кемеде капитаны жоқ адамдар. Үшінші, өздеріңіз секілді жексенбінің таңында ұйқыны қиып, рухымызды оятайық, өзімізді дамытайық деп құндылықтарымызды дәріптейік деп жүрген принциптері бар, құндылықтарын бойына сіңірген жандар. Жоқ емес, бірақ аз»,- дейді ол.

Жиынға келген спикерлер келгендердің сұрағына жауап беріп, көрерменмен ой алмасты. Педагог Аятжан Ахметжан қазақ тілі, ұлттық мектеп мәселесін көтерсе, Әлия Әшім әйел теңдігі тақырыбы әлі де өзекті екенін айтады. Ал Садық Шерімбек жарты әлемді аралағаннан кейін Қазақстаннан көшкісі келгенін, десе де өз елінің өңірлерін аралаған соң ел мен жердің қадірін түсінгенін жеткізді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →