×

«Alatau Aqparat» медиахолдингінде заманауи подкаст студиясы ашылды

Жобаның басты мақсаты – дәстүрлі және жаңа медианы ұштастыру

«Alatau Aqparat» медиахолдингінде заманауи подкаст студиясы ашылды

«Alatau Aqparat» медиахолдингінде заманауи подкаст студиясының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға белгілі медиаменеджерлер, телеарналар мен БАҚ басшылары, блогерлер, ютюберлер мен кәсіпкерлер, серіктес ұжым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жобаның басты мақсаты – дәстүрлі және жаңа медианы ұштастыра отырып, кең аудиторияға әртүрлі форматта сапалы контент ұсынып, отандық медиа саланы дамытуға үлес қосу. Заманауи техникалармен жабдықталған бұл алаң – шығармашылық жобаларға серпін беріп, жас мамандарды даярлауға, ақпарат кеңістігінде жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Студияны қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын, сараптамалық пікірлер мен эксклюзивті сұхбаттар ұсынатын мазмұнды алаңға айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Подкасттар аудиторияның ақпарат тұтыну дағдысына сай әзірленіп, ашық, еркін әрі тартымды форматта ұсынылады. Басты мақсат – ақпаратты сапалы, сенімді, нақты әрі қызықты ету», – деді «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы.

Оның сөзінше, аталған студияны «Адырна»ақпараттық агенттігі бастаған бірінеше серіктестермен бірлесе жасақтаған.  

Өз кезігінде белгілі медиа-менеджер,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жалауқызы елдегі медиахолдингтер арасында алғашқылардың бірі болып подкаст-студия ашып жатқан әріптестеріне сәттілік тіледі.

«Елді елең еткізер, көптің көңілінен шығатын, тұшымды ойлар айтатын, көрермені көп, таралымы кең жоба болсын», – деді ол.

«Хабар» агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры Серік Әбікенұлы баспасөздің тағдыры күрделілеу болып тұрған осынау шақта подкаст-студия ашу – өте қолдайтын дүние екендігін тілге тиек етті. 

«Бұқаралық ақпарат құралы заманның үрдісінен қалмауы керек. Сол заманмен бірге қатар қадам басамыз деп тәуекел етіп бір іс бастаған екенсіздер, сәттілік тілейміз. Осы шағын студияда ұлттың сөзін айтатын, мемлекеттің жоғын жоқтайтын үлкен ойлар айтылсын», – деді.

Танымал журналист-педагог, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай:

«Қазір елімізде осы медиахолдингтер институты қарқынды дамып келеді. Сол көштің алдыңғы қатарында жүрген «Alatau Aqparat»-ты кейінгі бір-екі жылдың көлемінде жақсы жағынан естіп, көріп жүрміз. Газет енді тек оқытып қана қоймай, осы подкаст-студия арқылы көрсетеді, әрі тыңдатады. Яғни бүгінде көп айтылып жүрген кросс-медиаға «Alatau Aqparat» та ілесті. Демек, тыңдай алмайтындар оқиды, оқи алмайтындар көреді. Озық та заманауи трендтердің бәрін осы медиа-студиядан көрейік!», – деді. 

Сонымен қатар, Арман Әубәкір, Айдос Жұқанұлы, Бауыржан Кәріпов, Ербол Азанбек,Ербол Сейілхан, Мейіржан Әуелханұлы, Айбар Олжаев пен Нұрлан Жұмахан сынды БАҚ саласының майталмандары өз ойларын ортаға салды. 

Студияның ашылу рәсімінен кейін қонақтар медиахолдинг музейін аралап, Қазақстан журналистикасы тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты. 

 Подкаст студияда түсірілетін сараптамалық пікірлер мен эксклюзивті сұхбаттар медиахолдинг құрамына кіретін aqshamnews.kz, vecher.kz және alnews.kz ақпаратық ресурстарында, сонымен қатар, әлеуметтік желілерінде де жарияланып отырады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ол 88 жасында өмірден өтті
Ұзындығы 1 шақырым болатын жағалау бүгінде демалыс, серуендеу, спортпен шұғылдану мен отбасылық уақыт өткізу үшін барлық жағдай жасалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →