×

Өз азаматтарын жат жерге тастап кетті - FlyArystan-ның әрекеті қоғам наразылығын тудырды

Qaz365.kz тілшісі жолаушылардың пікірін сұрап білді

Өз азаматтарын жат жерге тастап кетті - FlyArystan-ның әрекеті қоғам наразылығын тудырды
Коллаж: Qaz365.kz

Стамбұл-Түркістан бағытында бет алған FlyArystan компаниясының ұшағы тоғыз қазақ жолаушысын еш себепсіз Түркияда тастап кеткен. Qaz365.kz тілшісі жолаушылардың пікірін сұрап білді.

Астанадағы мектептердің бірінде мұғалім болып еңбек ететін Жібек Құсайын да – Түркияда қалып кеткен тоғыз адамның бірі. Кейін 230 мың теңгесін шығындап, басқа ұшаққа билет алған. Ол Қазақстанның ұшағының отандастарына істеген бұл әрекеті жанына қатты батқанын айтты.

«Отандық әуе компаниясы FlyArystan-ның әрекеті жанға батты. Бізді жат жерде далаға тастап кетті. Амал жоқ, 230 мың теңгеге басқа рейске алдық. Ішіміз удай ашыды. Қаншама рет жазсақ та, жауап бермеді. Керісінше, бізді айыптауда. Әйтеуір, екі адамның хатына жауап берген. Бірақ жауаптары бірдей. Сосын жүк көлемі асып кеткені үшін қосымша ақы төлеуден бас тартты деген түсініктеме берген. Олай емес. Түрікшеміз жеткілікті деңгейде болмаса да, барынша түсіндіруге тырыстық. Сұрап білдік. Бір қызығы, қайда төлейміз, қалай төлейміз дегендерді де бізге нұсқап көрсетпеді», – дейді Жібек. 

Оның айтуынша, жолаушылардың бірінде 200 грам, екіншісінде бір келі асқан. Алайда қосымша төленетін ақы бәріне бірдей айтылған. 

«Картамен төлеуге бола ма деп сұрап едік, тек қолма-қол ақша деді. Оның өзінде евро немесе доллар болу керек екенін ескертті. Бірақ FlyArystan-ның түсіндірмесінде картамен болады деп көрсетілген. Біздің түбіртек талап етіп және камераға түсіргенімізді көріп қойып, ашуға ерік беріп осылай істеді. Біз кейін дәлелдеу үшін камераға түсірген едік. Авиациялық комитетке арыз жаздық», – дейді арызданушы.

Ол осы ретте ұшақ қызметкері тек түрікше сөйлейтінін, ал қазақ, ағылшын, орыс тілінде сөйлей алмайтынын айтып отыр. Ешқандай аудармашы болмаған. 

Ал тағы бір ұстаз, математика пәнінің мұғалім Гүлбақыт Сейітжан та амал жоқ FlyArystan тастап кеткен соң,  Pegasus Airlines компаниясыының ұшағымен 232 мың теңгеге билет алып, елге оралған. Ол осы ретте FlyArystan қалай тастап кеткенін еске түсірді.

«Мен мүлдем түрік тілін білмеймін. Бізге тек түрік тілінде жауап берді. Әуежайда жүктерімізді өлшеді, қосымша ақша төлейсіңдер деді. Біз келістік. Ешқандай қарсылық білдірмедік. Бәріміз де оқыған-тоқыған адамбыз. Ондайды түсінеміз. Ешқандай шу шығармадық. Салмағын көрсетті, 125 евродай болатынын жеткізді. Одан соң, билет берді. Қай жерге барып төлейміз деп едік, жауап бермеді», - деді Гүлбақыт.

Оның айтуынша, билетінде қол сөмкесіне 5 келіге рұқсат етілгені жазылған. Әуежайда өлшегенде 6 келіден асқан. Тіркеудегі әйел 1-ден 5 келіге дейін бір баға, одан жоғары тағы басқа екенін айтқан. Жолаушылар келіскен. Бірақ қайда төлейтінін көрсетпеген. Мәселе осы жерде туындаған. Адамдар қайда барып төлейтінін білмеген. 

«Тіркеу бөліміне барған кезде қайда, қашан төлейміз деп басымыз қатты. Сол кезде қайтадан бөтен біреу келіп, тағы бір өлшеп кетті. Аты-жөні, кім болып істейтінін, ештеңесін айтқан жоқ. Әрбір жүкке 45 еуро төлейсің деді. Басқа валюта бола ма дегенде 50 доллар деді. Жарайды деп келістік.Ақшамды дайындап тұрған едім. Қасымда жас отбасы болған, олардан 100 доллар алды. Сосын ол кісілер түбіртек сұраған еді. Солай ұшаққа кіргізбей қойды. Ақшаны қайтарды да, есікті тарс жауып кетіп қалды», – дейді жолаушы.

Оның айтуынша, кейіннен FlyArystan жауап берген кезде кассалық аппарат арқылы төлеуге болатынын, 4 пайыз ұстайтынын жазған. Бірақ ұшаққа мінер алдында мұндай әңгіме мүлдем айтылмады деп отыр. 
Гүлбақыттың ойынша, FlyArystan қызметкері ақша жасауды мақсат еткен секілді деген күмәні бар. 

Айта кетейік, ұшақ Қазақстанға 25 шілдеде, Түркия уақытымен 14:05-те ұшқан. Рейсте болған кейбір жолаушының жүгі белгіленген шамадан, яғни 5 келіден асып кеткендіктен әуекомпаниясының қызметкері қосымша салмаққа қолма-қол ақы төлеуді сұрапты. Ал ақша берген адамдарға түбіртек бермеген.

Бұл FlyArystan-да бірінші рет емес екен. Алматы қаласының тұрғыны С.К.  да мамыр айында осындай оқиға тап болғанын айтып отыр. 

«Сіңліміз екеуіміз тіркеуден өткен кезде бір келіге артық жүк болды. Сосын сөмкені багажға тапсырайық деп едім, сіңіліңнің рюзагына сала сал деді. Бірақ оның сөмкесі жыртылайын деп тұрды. Тіркеуден өткен соң, артық затты сол жерге лақтыра салғанбыз. Аяқ киім, басқа да заттарымды тастай салдым. Заттарымды өлшеген де жоқ, өткізбей қойды. Айыппұл төлеңдер деді. Қайда төлейміз дедім. Бірақ айтпады. Елден сұрадық. Ешкім білмейді», – дейді Сымбат Көпжасарова.

Оның айтуынша, FlyArystan қызметкері әдейі істейді деп отыр. Өйткені егер артық заттарынды лақтырып тастаңдар деп айтқанда солай істер едік, бірақ екінші сөмкеге салуға рұқсат берді дейді. Басқа кісілер көмектескісі келген. Бірақ рұқсат етпей қойған. 

Сымбат сөйтіп, сіңілісі екеуі амалсыздан 120 мыңнан екі билет алып, басқа рейспен келген.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Конгрестің мақсаты  – медициналық құрал-жабдықтаруды ұсынушы, жеткізуші тарап пен соны күнделікті өмірде қолданатын кәсіби мамандар арасында алтын көпір болу
Панедемия кезіндегі және одан кейін мәселелерді шешудің жолдары
Желі қолданушылары оған көңіл айтып жатыр

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →