Дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шеберлік сағаты өтті
Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық орталық ауруханасында өткен шеберлік сабағында балалардың зәр шығару жүйесіне ота жасалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түлкібас аудандық орталық ауруханасының басшысының «Ана мен бала денсаулығын қорғау ісі» жөніндегі орынбасары Замира Серикова балалар арасындағы пайда болған ауруларды химиялық және ота жасау жолдарымен тоқтатуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде дейді. Осыған орай Түлкібас ауданындағы орталық ауруханада балалар хирургиясы мен урологиясы бейініндегі дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шеберлік сағаты өтті.
«Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастауымен «Зәр шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған патологияларынын емдеудің инновациялық әдістері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Оған Түркістан облысының мамандары қатысты. Одан бөлек, шараға арнайы Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласындағы «Медикал Парк» клиникасынан профессор Шейхмус Керем Өзел қатысты. Шеберлік сағаты барысында қуық-зәрағар рефлюксіне-видеоцистоскоп арқылы гель енгізу, гипоспадия асқынуын емдеу, крипторхизм асқынуын емдеу бойынша бірнеше ота жасалды. Одан бөлек, Түркістан облысының аудандарынан келген 22 балаға кеңес берілді. Бүгінде жасөспірімдер арасында зәр шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған патологиялар жиілеп кетті. Қазіргі таңда ауданымыздың өзінде балаларға қажетті оталар жасалуда. Одан бөлек, өңірдегі басқа аудан, қалалардан да арнайы келіп осы отаны жасатып жатқандар бар. Жалпы зәр шығару жүйесі ауруларын жан-жақты талдау, аурудың даму тарихын дұрыс анықтау және анықталған мәліметтерді дұрыс талдай алу өте маңызды. Нәтижесінде анықталған өзгерістерге тұжырымдама жасай білу осы ауруларды анағұрлым ертерек емдеуге мүмкіндік береді», – дейді Замира Серикова.