×

Мақаншының дербестігі енді айқындалды

Мақаншы ауданы халқының жалпы саны – 27 869

Мақаншының дербестігі енді айқындалды
Фото: ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өткен жылдың соңында (29. 12. 2023 ж) Жаңасемей және Мақаншы аудандарын құру жөнінде Жарлығын жариялағаны белгілі. Сол негізде жаңадан ірге көтерген Мақаншының шекаралық маңызы ескеріліп, биыл Үржар ауданынан «бөлек шығуына» жол ашылды. Бұл осы мүмкіндікті бірнеше жылдан бері асыға күткен Мақаншы өңірінің халқын шексіз қуанышқа бөледі. Дегенмен, жаңа ауданның жарты жылдан асса да мәселесі әлі де шашетектен. Оған дербестігінен кеңестік дәуірде бір рет, оңтайландыру жылдарындағы саясатта екінші рет айырылған Мақаншы ауданының үшінші рет құрылғандағы қазіргі жағдайына жолымыз түскенде куә болдық, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Иә, рас, қай нәрсенің болсын, кем-кетігін бүтіндеу, жоғын түгендеу бірден бола қоймайды. Дегенмен, аудан экономикасының көтеріліп, біртіндеп әл-ауқатының артатынына мүмкіндік мол. Қытаймен тауар айналымда маңызды рөл атқаратын Бақты кеден бекеті, турист тартуға әлеуеті зор Алакөл демалыс аймағы тағы да басқа мемлекеттік маңызы зор жобалары сәтті жүзеге асуына бірер жыл уақыт керек. 

Аудан орталығын аралағанда көзге түсетін бір келеңсіздік – жергілікті тұрғындардың қоқыс қалдықтарын тастамауға, тазалық сақтауға салғырт қарайтыны, иелігіндегі жылқы, сиырын көшеге жібере салатыны. 

- Қазір бұрынғыдай емес, үлкен аудан орталығымыз. Неше жылдар бойы тынымсыз тер төгіп жеткен осынау қуанышымызға құрметпен қарауымыз керек. «Мақаншының іші сендерге жайлау емес қой» деп сан мәрте айттым. Бие байлап, қымызын ішіп отырған кейбір отбасылар жылқыларын көшеге шығарып жібереді. Күре жолдың бойымен Алакөлге қарай күн сайын қаншама адамдар өтіп жатыр. Аудан орталығына келіп аялдағанда сырт көз не ойлап кетеді деп үнемі алаңдаймын, – дейді қадірменді қазыналы қарт Әбен Разуев.

Ресми дерекке жүгінсек, Мақаншы ауданы халқының жалпы саны – 27 869. Оның 12741-і аудан орталығында тұратынын ескерсек, ақсақалдың алаңдайтын жөні бар. Оның үстіне Қытаймен шекаралас жатқан ауданда одан өзге шешімін күтіп тұрған ауқымды істер аз емес. 

Аудан әкімі қызметіне ақпан айында тағайындалған Дәурен Қойгелдин жаңадан ашылған ауданның бюджетін нақтылау үшін әлі де біраз жұмыстар атқару керектігін жасырған жоқ. 

- Бұл тұрғыда облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы үнемі қолдауын көрсетіп жатыр. Бұған дейін Үржар ауданының құрамында болған Мақаншы өз алдына жеке құжаттық негіздегі мәртебесін жақында ғана алды. Ауданның өз алдына бюджет бөлінісі шілде айында нақтыланды. Жылдың соңына дейін аудан болашағына қатысты жобалық-сметалық құжаттамаларды жасауға да уақыт керек. Бұл тұрғыда маған жүктелген тапсырмаларды орындауға, ойластырған жоспарымды орындауға барымды саламын. Тек аудан халқы осындай жайларды тиянақты түсініп, сабырмен күтсе болғаны, – дейді Дәурен Бақытжанұлы.

Д. Қойгелдиннің айтуынша, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңадан 9 медициналық нысан бой көтеретін болады.Оның біреуі аудан орталығында болса қалғандары ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Сондай ақ бүгінгі таңда аудан көлемінде 2 пәтерлі 25 бір қабатты үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.Аталған пәтерлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына кезек бойынша берілетін болады. 

Аудан ішін аралай жүріп бұдан өзге де жергілікті басшылықтың ұйытқы болуымен, оңтайлы жұмыстарға куә болдық. Соның бір көрінісі – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында ішкі көше жолдарына асфальт төселе бастағаны. Қазіргі күнде «Ярус» ЖШС төрт көшенің екеуін (Әсет Найманбайұлы және Талмурзин) асфальттап үлгеріпті. Жыл соңына дейін 140 орындық балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. 

Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Ең бастысы жергілікті басшылық пен жұртшылық бірін-бірі түсіне білсе, көш жүре келе түзелетіні күмәнсіз. 

Сәтжан Қасымжанұлы,
Абай облысы

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →